Түркістан және Алматы облыстарында мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмысқа салып, заңсыз қаражат жинағаны үшін мектеп директорлары қызметінен босатылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады.
"Осы оқу жылы басталғалы бері білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ата-аналардан, педагогтерден 70-ке жуық өтініш пен арыз келіп түсті. Соның ішінде "Педагогтер мәртебесін бұзу туралы" барлық келіп түскен өтінішті жергілікті департаменттер уақытылы қарастырып, тиісті шара қабылдауда. Мысалы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімдерінен арыз келіп түсті. Бұл мұғалімдерді шипажайлық аймақтағы гольф жерін тазалауға тартқан. Мәселені жан-жақты зерттей келе бүгінгі күні осы мектептің директоры міндетін атқарушы адам өз қызметінен босатылды. Сондай-ақ, Түркістан облысында балабақша тәрбиешісі заңсыз негізде өз жұмысынан босатылған. Бірақ облыстың білім басқармасы уақытылы тиісті шешім қабылдамаған. Сол себепті министрлік өз тарапынан осы мәселені жан-жақты зерттеп, тәрбиеші өз орнына қайтадан жұмысқа тұрды. Бүгінгі күні жұмысын жалғастырып жатыр", – деді Гүлзат Көбенова.Сондай-ақ, комитет басшысы мұғалімдер тарапынан да бұзушылықтар болып жатқанын мәлімдеді. Атырау облысында Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жұмыстан босатылған.
"Алматы облысында мұғалімнен өтініш келіп түсті. Бұл мұғалім өз өтінішінде мектеп директорының қаражат жинағанын және педагогтерді өз міндетінен бөлек жұмысқа салғанын көрсеткен. Жергілікті департамент бұл мәселені қарастырды. Мәселе міндетті түрде кеңеске шығарылды, талқыланды. Кеңес шешімі бойынша, Текелі қаласындағы №6 орта мектеп директоры өз қызметінен босатылды. Ал Текелі қаласының білім басқармасының басшысын жауапкершілікке тарту туралы ұсыным болды", – деп қосты Гүлзат Көбенова.Мұнымен қатар, ол ең көп педагог құқығын бұзу фактілері Түркістан және Алматы облыстарында тіркелгенін мәлімдеді.