«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға онлайн форматта жазылған қорғалжындық Н.Иманова аудандағы тұрғындардың мазасын алған шыбын-шіркей мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жергілікті әкімдік тарапынан бұл бағытта еш шара қолданылмай келеді. Шыбын-шіркей жылдан-жылға көбейіп барады, –дейді арызданушы. Жергілікті әкімдік оның себебін аудандағы табиғи және жасанды ағынсыз су қоймаларының көптігімен түсіндірді. Сондай-ақ алдағы уақытта дезинфекциялық іс-шараларға қаражат тарту мәселесі қарастырылып жатқанын алға тартты. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын балаларын жатақханамен қамту мәселесін шешіп беруді өтінген екі ата-ана онлайн форматта байланысқа шықты. 9-сыныпта оқитын Қ.Әлімбаев толық емес отбасынан. Анасы елордада бюджеттік салада қызмет етеді, ал пәтерді жалдап тұрады. Мектептің жатақханасынан қағылған екінші оқушы да елордадағы көпбалалы отбасынан. Отбасында бір ғана табыс көзі бар. Әкесінің жалақысы баспана үшін төлейтін несиеден арылмайды. Сондықтан екі ата-ана да балаларына Көкшетаудан жатақхана бөлуге қолдау көрсетуді сұрады. Бұл мәселенің күрмеуі қиын болып шықты. Себебі Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жатақханасы 132 балаға шақталған. Сондықтан бірінші кезекте білім ордасы Ақмола облысының аудандарынан келген балаларды жатақханамен қамтуға басымдық береді. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келіп оқып жатқан 81 бала кезекте тұр. Қабылдауға келген көкшетаулық ақсақал Т.Нұрғалиев туризм мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түскен немересін грант бойынша оқытуға көмек көрсетуді сұрап келді. Зейнеткер немересі жақсы оқығанын, алайда тегін оқуға бір-екі балы жетпей қалғанын айтты. Енді ақша төлеп оқытуға отбасының шамасы жетпейді. Себебі күйеубаласы қайтыс болып, баланы анасы жалғыз тәрбиелеп отыр. Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Алтынай Әміренованың айтуынша, биыл бюджет есебінен 185 грант бөлінген, оның 100-і педагогикалық, ал 85-і медициналық мамандықтарға. Туризм мамандығына сұраныс болмағандықтан, грант бөлінбеген. Ақсақал немересіне тым болмаса облыс әкімінің атаулы шәкіртақысын бөлуді сұрады. Бірақ ол да әзірге мүмкін емес, себебі облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы оқуда озат студенттерге және ғылыммен айналысып, жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана беріледі. Ал немересінің аттестатында бірнеше «3» бағасы бар екені анықталып отыр. Алайда немересі бұдан былай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсе, атасының өтініші орындалуы әбден мүмкін. Сондықтан зейнеткердің өтініші қабылданды және алдағы уақытта Ақмола облысы әкімінің атаулы шәкіртақысын тағайындау бойынша комиссия отырысында қаралатын болып шешілді.Абылайхан ЖҰМАШ