Жүздеген оқушыға демеушілік жасады
Жүздеген оқушыға демеушілік жасады
300
оқылды

Биыл Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының өкіл­дері мен депутаттары «Мек­теп­ке жол» акциясына айрық­ша үлес қосты. Солардың бірі «Nur Otan» партиясының өкілі, бюро мүшесі, түркістандық кәсіпкер Базарбай Мұсабеков 100-ден астам оқушыны мек­тепке қажетті киім-кешекпен қамтыды.

Нақтырақ айтсақ, рухани шаһардағы 32 мектептің 100-ден астам оқушысына мектеп форма­сымен қатар спорттық және қысқы киімдерді тарту етті. Сабыр Рақымов атындағы орта мектепте өткен қайырымдылық шарасына әрбір мектептің әлеуметтанушы ма­мандарының ұсынысымен тұр­мысы төмен, жалғызілікті, көп­балалы отбасылардың балалары арнайы шақыртылды. – «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлердің мектеп оқушыларын қолдауы жылма-жыл жалғасып келеді. Мемлекет тара­пынан оқушыларға барынша қолдау болғанымен, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау қажет-ақ. Мен де түркістандық азамат ретінде өз отбасыммен «Мейірім» акциясына қатысуды жөн көрдім. Біз үшін бұл жылдағы дәстүрге ай­налған. Бала – біздің болашағымыз. Олардың оқуға құштарлығын оятуды азаматтық парызымыз деп есептейміз, – дейді Базарбай Мұсабеков. Сонымен бірге «Бақытты от­басы» партиялық жобасы аясында Түркістан облысы Ордабасы ау­да­нында да қайырымдылық акциясы өтті. Аудандық мәслихаттың де­путаты, аудандағы партиялық ба­қылау комиссиясының төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракция­сы­ның мүшесі Ғани Райымбеков те 100 оқушыға мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарын әперді. Ол Қажымұқан ауыл округі бойынша 40 балаға, Төрткүл ауыл округінде 30 балаға және Бадам ауыл округі бойынша 30 оқушыға демеушілік жасады. Түлкібас ауданында аудандық мәслихат депутаттары Перизат Қасқырбекқызы, Қарлығаш Спабекова, Арыс қалалық мәс­лихатының депутаты Қалдыхан Өтегенов те акцияны жалғастырды. Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Гүлдария Шардарбекова, саурандық депутат Ерлан Арынов пен партия белсендісі Әбдіқанат Кенжеев, Сайрамдағы кәсіпкерлер мен депутаттар «Мектепке жол» акциясына қолдау білдірді. «Мектепке жол» акциясы Түр­кістан облысының барлық аудан, қаласында өтіп, оған жергілікті әкімдіктер, меценаттар, жетекші партия атынан сайланған депутат­тар, кәсіпкерлер, демеуші азамат­тар белсенді атсалысты.

Абылайхан ЖҰМАШ