Тимофей Скатов екінші айналымға шықты

Тимофей Скатов екінші айналымға шықты

20 жастағы Тимофей Скатов Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Скатов алғашқы айналымда әлемнің 87-ракеткасы, 37 жастағы италиялық Андреас Сеппимен шеберлік байқасты. Бір қызығы, А.Сеппи 2002 жылы кәсіпқой спорттағы жолын бастаған кезде Т.Скатов 1 жаста еді. Тәжірибелі теннисші бірінші партияда 3:0 есебімен алға кеткенімен, Тимофей қарымта қай­тарып, таразы басын теңестірді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екінші сетте Скатов 3:0 есебімен алға шық­қанымен, Сеппи алысқа ұзат­пай, қатарынан бес гейм алды – 5:3. Ақыры ол өз мүм­кіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателеспеді – 6:1. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 56 минутқа созылды. Матч барысында Т.Скатов 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді. Т.Скатов екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, Беларусь өкілі Илья Ивашка немесе рейтингте 169-сатыдағы швециялық Элиас Имердің біреуімен шеберлік байқасады. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында аустралиялық Марк Полмансқа 4:6, 2:6 есебімен есе жіберіп, негізгі жарысқа шыға алмай қалды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP 250 турнирінде қазақстандықтардың қарсы­ластары анықталғанын, Дмитрий Попконың іріктеу сайыстарының финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Д.Попко негізгі турнирге жолдама алды. Д.Попко алғашқы айналымда Astana Open додасының өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 48-ракеткасы, аустралиялық Джон Миллманмен кездеседі.

А. ЖАНАСЫЛ