Гидрометқызметті жаңғырту қажет
Гидрометқызметті жаңғырту қажет
159
оқылды
Климаттың жаһандық жылыну себе­бінен Қазақстан аумағында ауа темпе­ра­турасы соңғы жүз жылда 2ºС-ға көтерілді. Ал соңғы 40 жылда ол өте жылдам қар­қынмен өзгеріп келеді. Әрбір 10 жыл са­йын орта есеппен 0,34º ұлғайды. Бұл – климаттың одан әрі аридизациялануы­ның белгілері, яғни құрғақ жылдар мен құрғақшылықтың қайталану ықти­малдығы артып жатыр. Биылғы құрғақшылық біздің ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақсыз­ды­ғын және қаншалықты ауа райына тә­уелді екенін көрсетті. Дәл осындай та­биғи апаттар болатын дамыған аграрлық елдердің ешқайсысында біздегідей өнім­діліктің төмендеп кетуі кездеспейді. Сон­дықтан біз өңірлердің ауа райы жағ­дайларына бейімделген ауыл ша­руа­шылығын жүргізудің жаңа жүйесіне, яғни «тәуекелдерді басқару» режиміне ауысуымыз керек. Біріншіден, еліміздің гидромет­қыз­метін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауына байла­нысты фермерілерміз егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмай отыр. Біздің есептеуімізше, биыл Қазақстанның сол­түстік облыстарында дәнді дақылдарды ерте себудің салдарынан өнімнің үштен бір бөлігінен айырылдық. Бұл тек бір ғана мысал. Екіншіден, депутаттар отандық се­лекцияны дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылық кезінде фермер­леріміздің өнім ала алмауы және бан­кротқа ұшырауы – елде құрғақшылыққа төзімді сорттардың болмауының нә­тижесі. Аталған сорттарды тек молеку­лалық биологияның заманауи әдістері негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселелері әлі де шешіл­ген жоқ. Бір мысал келтірейін, Аустралияның астық егетін өңірлерінде ауа райы Сол­түс­тік Қазақстанмен салыстырғанда әлде­қайда қатал, бірақ технологиялар мен қазіргі заманғы сорттардың арқа­сын­да олардың өнім алуы бізден 2 есе жоғары. Үшіншіден, аграрлық саланы дамыту бағдарламаларында облыстардың ауыл шаруашылығының мамандануына баса назар аударылған болатын. Қазір әркім қауқары неге жетеді, сонымен айналысып кетті. Мал шаруашылығын мал азығы базасы шектеулі жерлерде дамытамыз, өте құрғақ аймақта интенсивті дақыл­дар­ды егеміз және т.б. Ал АҚШ-та, Канадада фермерлердің белгіленген мамандандыру бағыттарын сақтауы мемлекет тарапынан нақты реттеліп отырады. Төртіншіден, тәуекелді егіншілік ай­ма­ғындағы өнімнің тұрақтылығы топырақ құнарлылығын арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстанда орташа есеппен алғанда, бір гектар егістік жерге ғылыми негізделген 60 кг норманың ор­ны­на 4-6 кг тыңайтқыш қолданады. (әсер етуші затқа санағанда). Тыңайтқыштарды кеңінен қолдану фермерлер үшін қымбат болатыны түсінікті, бірақ оларды ең болмаса ең қажетті жағдайда, яғни дәл егіншілік технологиясын енгізу арқылы қолдануымыз керек. Ол үшін алдымен топырақтың дәл агрохимиялық карто­граммасын жасау қажет. Бірақ елдегі ҚР АШМ «Агрохимия қызметі республи­калық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ бұл жұмысты тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр. Онда қол­данатын топырақ зерттеулерінің әдісте­мелері және тұтастай алғанда агрохи­миялық зерттеу жүйесі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Республи­калық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ҚР АШМ «АҚРҒӘО» РММ-не жұмсалатынын бюджет қаражатының тиімділігін мұ­қият тексеруге кеңес береміз (оған жыл сайын 400 млн теңгеге жұық мемлекеттің қа­ражаты бөлінеді). Жалпы, елімізде топы­рақ құнарлылығын мониторингтеу жө­ніндегі қызметтер нарығын дамыту қа­жет­тілігі туындап тұр. Бесіншіден, ауыл шаруашылы­ғын­дағы сақтандыру жүйесін түбегейлі же­тілдіру керек. 2020 жылы тек 115 мың гек­тар егіс сақтандырылған, ал биыл 144 мың гектар ғана. Бұл – егіс алқаптарының бір пайызынан аз. Салыстыра қарасақ, Канадада мемлекеттік сақтандыру ша­раларының арқасында құрғақшылық жыл­дарында фермерлерге шығын­да­ры­ның 75-80%-ы өтеледі. Оларда ауыл ша­руашылығындағы мемлекеттік сақтан­дыру бағдарламасы аграрлық өндірістің тұрақтылығының және салаға инвес­ти­ция тартылуының кепілі. Алтыншыдан, тәуекелді егіншілік жү­йесі жағдайында бізге суармалы жер кө­лемін ұлғайту қажет. Бірақ алдымен қол­даныстағы суару желісін ретке кел­тіріп алайық! Мамандардың айтуынша, елі­­міз­дің суару жүйесінде судың 40%-дан ас­та­мы пайдаланылмай ысырап болып жатыр. 2020 жылы 1,5 млн га жерді суару үшін, су тарту 13,4 км³ құ­рады. Егер су ре­­сурс­тарын үнемдеумен айналыспасақ, 3 млн га үшін тағы 13,4 км³ суды қайдан аламыз? Мемлекет басшысы өзінің Жол­дауында: «Су үнемдеу бұл біздің стра­тегиялық міндетіміз, бізде су тапшы­лы­ғын болдырмаудың басқа жолы жоқ», – деп ерекше атап өтті. Бүгінде еліміздегі жайылымдардың 48%-ы суаттың болмауына байланысты пайдаланылмайды. Жайылымдарды су­ландыру үшін, құдықтарды салу бойын­ша жоспардың орындалмау себептері­нің бірі – жерасты су ресурстары қор­лары­ның жеткілікті зерттелмеуі және жа­йылымдық мал шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымының жоғы. Жетінші, ауылшаруашылық өндірісін су және ылғал үнемдеу технологиясына ауыстыру үшін, фермерлерді оқыту өте маңызды. Сондықтан бізге барлық жерде аграрлық білімді тарату орталықтарын ұйымдастыру қажет. Қазақстанда мұндай орталықтар бар болғаны – 25, ал АҚШ пен Канадада 2-3 мыңнан асады. Осылайша, ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді сауатты басқару арқылы ауа райы қолайсыз жылдарда да аграрлық өндірістің тұрақтылығын және елді азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етілуіне қол жеткізуге болады.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ Парламент Сенатының депутаты