Экобазарда саудаласудың жаңа жүйесі іске қосылады
Экобазарда саудаласудың жаңа жүйесі іске қосылады

Түркістанда халықаралық әуежайға баратын жолдың бойында бой көтерген экобазарда тұрғындар жақын күндері мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасайтын болады. Экобазар және өзге де салынып жатқан нысандарды аралау барысында «Әрбір нысан халыққа қызмет етуі тиіс» деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті орындар мен мердігерлерге құрылыстың сапалы әрі белгіленген уақытымен аяқ­талуы қажеттігін ескертті.  

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев толықтай пайдалануға дайын тұрған экобазарда болып, жай-күйімен танысты. Мұнда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін таяуда ашылатын заманауи экобазарда саудалай алады. Сондай-ақ заманауи талап­қа сай салынған базарда тұрғындар мобильді қосым­шаның көмегі­мен сауда жасайтын болады және жаңа жүйе жақын күндері іске қо­сылады. Мәселен, тауар сатудың бас­қа түр­лерін айтпағанда, фермерлер базары 14 га жерде орналас­қан. Мұнда 900 сауда орны бар. Әкім базар басшылығы мен осы салаға жауапты өкілдерге диқандар үшін қажетті жағдайды жасау жөнін­де тапсырма берді. Бұл жабық базар барлық азық-түлік тауарлары көтер­ме бағамен сатылатын ең ірі сауда орта­лығына айналмақ. экобазар Сондай-ақ облыс әкімі ша­һар­да құрылысы қарқын алған бірқатар нысандарды да аралап, құрылысшы­лармен жүздесті. Мердігер компания басшыларымен кездесу барысында оларға жұмысты жауапкершілікпен ат­қаруды жүктеді. Салынып жат­қан жаңа нысандардың сапасы басты назарда тұруы тиіс екенін айтқан облыс басшысы құры­лысты кестеге сәйкес аяқтауды ескертті. Тұрғын үй секторларындағы инженер­лік-коммуникация инфра­құрылымы жүйесімен қамтып, абаттандыру мен көгал­дандыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға күш салуды тапсырды. Облыс орта­лығының тазалығын сақтауға қатыс­ты жауапты сала басшыларға нақты тапсырмалар берді. Халықаралық әуежайға барар жолда жүргізіліп жатқан көгал­дан­дыру жұмыстарын көрген өңір басшысы қаладағы жаңа ар­бат пен гүл­зарлардағы абаттандыру жұмыс­тарын пысық­тады. Сонымен бірге «Ала­тау» медиа орталығында болған облыс әкімі халықаралық телеарна­ның алдағы жоспарларымен танысты. Шаһардың жаңа нысандарын аралау кезінде облыс әкімі орталық стадион және оқушылар үйінің айналасында жүріп жатқан көгал­дандыру жұмыстарын да зерделеп, мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.

Тельман БЕЙСЕН