Түркістанда халықаралық әуежайға баратын жолдың бойында бой көтерген экобазарда тұрғындар жақын күндері мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасайтын болады. Экобазар және өзге де салынып жатқан нысандарды аралау барысында «Әрбір нысан халыққа қызмет етуі тиіс» деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті орындар мен мердігерлерге құрылыстың сапалы әрі белгіленген уақытымен аяқталуы қажеттігін ескертті.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев толықтай пайдалануға дайын тұрған экобазарда болып, жай-күйімен танысты. Мұнда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін таяуда ашылатын заманауи экобазарда саудалай алады. Сондай-ақ заманауи талапқа сай салынған базарда тұрғындар мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасайтын болады және жаңа жүйе жақын күндері іске қосылады. Мәселен, тауар сатудың басқа түрлерін айтпағанда, фермерлер базары 14 га жерде орналасқан. Мұнда 900 сауда орны бар. Әкім базар басшылығы мен осы салаға жауапты өкілдерге диқандар үшін қажетті жағдайды жасау жөнінде тапсырма берді. Бұл жабық базар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орталығына айналмақ.Тельман БЕЙСЕН