Франция 56 млрд еуродан қағылды
Франция 56 млрд еуродан қағылды

Франция одақтастарына қатты ренжулі. Аустралия Франциядан алдын ала келіскен 12 сүңгуір қайықты сатып алудан бас тартты. Оның орнына АҚШ-тан суасты қайықтарының басқа түрлерін сатып алмақ. Франция келісімшартты бұзған Аустралияны, бұл шешімге ықпал етіп, клиентті тартып алған Американы және тасада тұрып, жаңа әскери одақты құруға жанама себепші болған Ұлыбританияны айыптайды. Алайда бұл даудың бір басы Қытайға тіреледі. Неге?

Әңгімені әріден бастасақ, 2016 жылы Франция мен Аус­тралия келісімшарт жасасады. Ол бойынша, француздар аустра­лиялықтарға Barracuda сана­тын­дағы 12 дизель-электрлі сүңгуір қайық соғып беруі тиіс болған. Шарт құны ол кезде 31 млрд еуро еді, кейін 56 млрд еуроға дейін өсті. Келісім 50 жылға есептелген болатын. Егер қос тарап міндет­терін орындағанда француздың Naval Group компаниясы 2040 жылға дейін тапсырысты орын­даушы еді. Құжатқа Аустралия тарапынан сол кездегі премьер-министр Малкольм Тернбулл қол қойды. Бір қарағанда, екі ел арасында берік әріптестік орнап, Франция олжаға кенелгендей болған. Алайда 2018 жылы би­лікке жаңа премьер келді, Скотт Моррисон. Екі үкіметбасы да Аус­тралияның Либералды пар­тия­сының өкілдері болса да, Мор­рисон биыл қыркүйек айын­да кезінде Тернбулл қол қойған келісімшартты бұзу туралы ше­шім қабылдады. Неге? Бірден-бір себеп – Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ AUKUS ат­ты жаңа әскери блок құруға ше­шім қабылдады. Қазіргі мәлімет бойынша, одақ Қытайдың Оңтүс­тік – Қытай теңізінде ықпалының артуына қарсы бағытталған. Әри­не, бұл жөнінде ресми түрде жа­рияланбаса да, негізгі мақсат осы болып отыр. Яғни, жаңа әскери пакт аясында Аустралия фран­цуздың дизел-электрлі сүңгуір қайықтарынан бас тартып, оның орнына АҚШ-тың атом сүңгуір қайықтарын сатып алмақ. Қандай себеп болса да, Фран­ция өз тарихындағы ең ірі әскери-өнеркәсіп келісімшартынан айы­рылып қалды. Сол себепті бірден Аустралия мен АҚШ-тағы елші­лерін шақырып қалды. Брита­ниядағы елшісі шақырылған жоқ. Халықаралық дипломатияда елшілерді уақытша болса да қай­тарып алу радикалды шешім­дердің бірі саналады. Оған қоса, ресми Париж өзінің наразылығын ашық жариялап, одақтастардан мұндайды күтпегенін жеткізді. Осы елдің Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында: «Мен ашулымын, одақтастар бұлай жа­самайды. Бұл арқамыздан жа­салған соққы. Бұл – біржақты, болжанбаған, аяқасты қабыл­дан­ған шешім. Месье Трамптың ісіне ұқсайды», – деп ызасын ашық жеткізіпті. Наразылықтың бір кө­рінісі ретінде Уашингтон қала­сында Франция елшілігі Чесапик ұрысының 240 жылдығының құрметіне ұйымдастырмақ болған мерекелі іс-шара тоқтатылды. Аустралия да қарап қалмады. Олар жағдайдың осылай өрби­тінін, Франциямен қарым-қаты­насы бұзылатынын болжады. Бі­рақ премьер-министр Скотт Моррисон «Франция жақын одақ­тасымыз болып қала береді, мұның барлығын ұлттық қауіп­сіздік мақсатында жасап отыр­мын», – деп мәлімдеді. Француз өнімінен бас тартудың тағы бір себебі – сүңгуір қайық бағасының о баста келісілген шектен екі еседей өсіп кетуі, 31 млрд еуродан 56 млрд еуроға бір-ақ шыққан. Оған қоса, қайықтарды жеткізу мерзімі де кешіктірілген. Бұдан бөлек, Франция дизел-электрлі типтегі өнім ұсынса, АҚШ атом­дық суасты қайықтарын сатпақ. Әрине, соңғысының техноло­гиясы күрделі есептеледі. Бүгінде атом сүңгуір қайықтары тек АҚШ, Ресей, Франция, Ұлы­бри­тания, Қытай және Үндістанда бар. Аустралия бұл қайықты ал­ғанымен, байытылған уранды өндірмеуге келіскен. Жалпы, атом сүңгуір қайықтары басқа типтегі қайықтарға қарағанда жыл­дамырақ, су астында ұза­ғы­рақ жүзеді және салмағы ауыр жүкті таси алады. Франция Алайда келісімді бұзуға тек қайықтың мүмкіншіліктері ық­пал етпеген  секілді. Аустралия Қытайдың Үнді-Тынық мұхиты аймағында ықпалының артуына алаңдаулы. Өйткені Қытайдың әскери-теңіз флоты жыл өткен сайын күшейіп барады. Мәселен, қазір Қытайда суасты және суүсті қайықтарының саны 350-ге жет­кен. АҚШ-та – 293. Тек сапа жа­ғынан америкалық флот алда келеді, 11 атомдық авиатасы­мал­дағыштың қуаты басым. Бірақ Қытай үшін бұл тек уақыт енші­сіндегі мәселе сияқты, өйткені бұл типтегі ірі әскери кемелердің бірнешеуін құрастырып жатыр. Бұдан бөлек, бірнеше крейсер, эсминец, корветтерді соғуға кі­рісті. 2019 жылы Type 055 Renhai санатындағы алтыншы мина­та­сымалдағышты пайдалануға берді. Мұндай флотқа ие Қытай ертең Аустралияға қауіп төндіруі мүмкін және оны қазіргі Франция құрықтай алмайтыны белгілі. Бұл тек АҚШ-тың қолынан келуі мүмкін. Ал егер Ұлыбритания жәр­демдессе, Аустралия тек қуа­нады. Яғни, неліктен америкалық қайықтардың таңдалғаны осы­дан-ақ белгілі. Жалпы, құрамына Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ кірген AUKUS әскери блогында үш елдің өз мүддесі бар екені анық. Аустралия теңіз арқылы шекараласатын «көршісі» Қытайдың күш-қуа­тына алаңдаулы. Ал АҚШ пен Ұлыбритания Батыс өркениетінің жетекші мемлекеттері ретінде Қытайды өз өңірінде тұсаулап, әлемдік державаға айналуының алдын алуды көздейді. Бұл мақ­сатта Тайуань мәселесін қол­данбақ. Қытай Тайуаньды өзінің бір бөлігі санайды, бірақ тайуань­дықтар материктегі коммунистік Қытайға қосылғысы жоқ. 99 жыл­дан кейін Қытай құрамына қай­та кірген Гонконгтың жағдайын былтыр көрді. Енді АҚШ Тай­уань­ды саяси тұрғыда қолдап, бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше етіп жатыр. Бұдан басқа, әскери-теңіз флотымен де жа­рыл­қамақ. Әрине,  Қытай AUKUS әскери блогының құрылуын қырғи-қа­бақ соғысының сарқыншағы, қару-жарақ жарысын қоздырушы бастама деп бағалады. Индонезия мен Малайзия да жаңа одақты сынға алды, олар өңірде қару-жарақ жарысы өрши ме деп қауіптенеді. Ал Тайуань АҚШ пен Аустарлияға алғыс айтты. Фран­ция қыруар қаржыдан айырылған соң Аустралия бүкіл Еуропаның сенімін жоғалтты деп өз елінің емес, бүкіл континенттің атынан мәлімдеме жасап жіберді. Бұдан бөлек, Франция президенті Мак­ронның Еуропаның қауіпсіздігін АҚШ-тан бөлек автономды түрде қалыптастыру керек деген ойы­ның тағы бір рет дәлелденгенін еуропалықтардың есіне салып кетті. Жалпы, AUKUS әскери ода­ғының пайда болуы, Аустра­лияның 12 сүңгуір қайыққа тап­сырыс беруі, АҚШ-тың Тайуань­ды жан-жақты қолдауы әлемдік саясатта ескі кикілжіңнің өр­шіп бара жат­қанын көрсетеді. Негізгі себеп – Қытайдың қуаты артып келеді. Ал АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес әс­кери-теңіз флот сала­сына көшсе, НАТО аясында Аме­рика, Бри­тания, Франция ара­сында жаңа дау басталды.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА