Ақтау үкімінің күші жойылды

Ақтау үкімінің күші жойылды

Жақында ғана екі бап бойынша қозғалған 135 том болатын қылмыстық іске нүкте қойылған еді. Айып­талушы «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріповке судья Қанат Дүйсембиев үкім шығарып, 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық­бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ал 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыс­тық жауапкершіліктің орнына айыппұл төлеп, қамаудан босату туралы шешім шығарды. Алайда күні кеше апел­ляциялық сот ақтау үкімінің күшін жойды. Апелляциялық соттың үкімі ұзаққа созылған іске соңғы нүкте қоя ма?

Бұдан бұрын газетіміздің өткен санында жарық көрген «Кінәсіз деп танылды. Неге?» атты мақалада айыпталушының осы уақытқа дейін қандай қызмет атқарып, нендей жауапты міндет алғанын егжей-тегжейлі жазған едік. Қоғамда үлкен шу тудырған сот ісінің басты айыпталушысы Берік Шәріпов жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ко­митеті төрағасының орынбасар­лығынан кейін келген. Бірақ бас­­тапқыда жауапкер-шілігі шек­теулі серіктестіктің басқарма төр­ағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Бар болғаны бес ай «СҚ-Фармация» ЖШС бас­­қар­ма төрағасы креслосына отырған. Мемлекеттік сегментке меди­циналық препараттарды жеткізу «СҚ-Фармация» ЖШС-нің мін­детіне кірген. Яғни, ауруханалар мен емханаларға орталықтан­дырылған жеткізу бойынша жұ­мыс істейді. Бұл жеткізілімдер цифрландырылған, барлық келі­сімшарт электронды форматта жасалады. Оның осындай жауап­ты міндетті қолына алған кезінде елдегі коронавирус өршіп, тө­тенше жағдай жарияланғаны бел­гілі. Ауру күннен-күнге тез тарап, аурухана іші вирус жұқтырғандарға лық толып жатты. Ақ халаттылар да әлі келгенше вируспен күре­сіп баққанымен, медициналық ұйым­дардағы дәрігерлерге қор­ғаныш костюмдері уақытында жетпей қалды. Бұл туралы сотта Алматы орталық қалалық кли­ни­калық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джу­вашев та куәлік еткенде айтқан болатын. Оның айтуынша, сол уақытта жүзден астам медицина қыз­мет­кері коронавирус жұқтыр­ғаннан кейін жұмыстан босатылған. Жедел жәрдем дәрігерлері жеке қорғану құралдарынсыз қоңы­рау­ларға шығып жүрген. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы 50 жеке қорғану затын берген. Ал қалған қорғаныш құралдарын бас дәрігер бюджеттен тыс қаражатқа сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. Сол уақытта амалдың жо­ғынан дәрігерлер өз қалтасынан қосымша 540 костюм сатып ал­ған. Алмаз Джувашевтің айтуына қарағанда, ол кезде тәулігіне 200-ден астам дәрігер жұмыс істейтін ауруханаға 800-ге жуық костюм керек болыпты.

Ақ халаттыларды айыптады

Айыпталушыға Қылмыстық ко­декстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тар­мағы «Ауыр зардаптарға әке­ліп соққан лауазымдық өкі­лет­тіктерді теріс пайдалану» және 287-бабы 2-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақ-тау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айып тағылды. Егер айыпталушының кінәсі толық дәлелденген жағдайда лауазымын асыра пайдаланғаны үшін жеті жыл, қаруды заңсыз сақтағаны үшін бір жыл жаза арқалауы мүмкін екені айтылған еді. Экс-басшы өз кінәсін ішінара мо­йын­дады. Бірақ ақ халаттылардың жаппай коронавирус жұқтыруына тікелей қатысы жоғын жеткізді. Берік Шәріповтің қорғаушысы дәрігерлердің арасында коро­навирустың өршуіне қорғаныш киімдерінің тапшылығы емес, ақ халаттылардың карантин талап­тарын өрескел бұзуынан бол­ғанын сараптау жұмысы дәлелдеп бергенін айтқан. Сол уақытта дәрігерлер дезинфекциялық заттарды дайындау барысында желдету әдісін қолданбай, ар­найы киімді сақтау ережелерін бұзу және медициналық қалдық­тармен жұмыс тәртібін сақтамау­да олқылыққа жол берген. Ауру­ханаларда жүргізілген тексеріс те осыны дәлелдеп беріпті. Алайда тексеріс жұмысы, тіпті сегіз ай қамауда отырған «СҚ-Фарма-цияның» экс-басшысының алдын ала сот тыңдалымында сөзін де судья Берік Шәріповтің өтінішін қанағаттандырған жоқ. Есте бол­са, сот барысында кінәсіз екенін айтқан экс-басшы өзін босатуын сұраған.

Күтпеген жайт болды

Осы жылдар ішінде лауазы­мын асыра пайдалану, жемқорлық бойынша істі болған адамдардың ақталып шыққаны туралы ақпа­рат некен-саяқ. Өйткені бұған дейін жауапты қызметтер атқа­рып, атақ пен абыройдан кенде емес біраз адам айыпталушы орын­дығында отырды. Барлығы өзін кінәсіз екенін айтып, ба­рынша ақталды. Бірақ соңғы шешімді судья шығарады. Өйт­кені заң ортақ. Содан кейін бе, Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталған «СҚ-Фар­мацияның» бұрынғы басшы­сы­ның сот залынан босатылуы күт­пеген жайт болды. Сотта прокурор Дастан Купербаев «СҚ-Фармацияның» бұрынғы бас­шысы үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Судья Берік Шәріповті қамаудан босатып, айыппұл са­луға шешім шығарды. Нұр-Сұл­тан қаласы Есіл аудандық соты­ның судьясы Қанат Дүйсембиев оны 287-баптың 2-бөлігінде көз­делген қылмыстық құқықбұзушы­лық жасағаны үшін жаза мерзімін 2 миллион 778 мың теңге сома­сында 1000 АЕК айыппұл төлеуге ауыстырып, үкім кесті. Екінші бапта көзделген қылмыстық жа­уапкершілік алынып тасталды. Себебі судья айыпталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы күшін жойдыруға шешім шы­ғарды.

Ақтау үкімі күшін жойды

Алайда апелляциялық сот ақтау үкімінің күшін жойды. Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқа отырысында инстанция сотының үкімі жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылғанын жария етті. Бұл тұрғыда «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы қорғаныс ­кос­тюмдерін жеткізуші басқа компа­ниялардың коммерциялық ұсы­ныстарынан негізсіз бас тартты деген айып қайта күшіне енді. Сот алқасы прокурордың дә­лелдері мен қорғаушы тарап­тарды зерттеп, бірінші сатыда­ғы сот дұрыс болмады деген пікірге келіп отыр. Осылайша, жаңа айыптау үкімі шығары­лып, адвокаттың шағымын қана­ғат­тандырудан бас тартты. Апел­ляциялық соттың ше­шімі бо­йынша, Берік Шәрі­повке қа­тысты күзетпен ұстау шарасы тағайындалды. Нұл-Сұлтан қаласы Маман­дан­дырылған ауданаралық соты­ның баспасөз бөлімінің берген мәліметінше, сот алқасы бәрін зерттеп, бірінші сатыдағы сот іс­тің мән-жайына дұрыс баға бер­меді деген қорытындыға келген. «Соттың сотталушының кінә­сіздігі туралы тұжырымы Берік Шәріповтің іс материалдарына негізделмеген және заң талап­тарына сәйкес келмеген. Алқа «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріпов тендерлік комис­сияның төрағасы бола тұра Түркия мен Үндістан өндірісінің толық жиынты­ғын­дағы жеке қор­ғану құралдарын жеткізуді ұсын­ған «Медикал» ЖШС және «Ни­ка-фарм» ЖШС екі потенциал­ды өнім берушінің өтінімін қа­былдамағанын дәлел­деді. Алайда «Инкар» ЖШС-нен тек ком­би­незондар кіретін бір­реттік жеке қорғану құралдарын жеткізу ту­ралы коммерциялық ұсыныс алған Шәріп тендерлік комиссия құрмай, осы ЖШС-мен Қытайдан 8,3 млрд теңге сомаға 2 млн костюм жеткізуге шарт жа­сасу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте «Инкар» ЖШС-да да жеке қорғану құралдарын бір­реттік әкелуге рұқсаты болған жоқ. Сатып алынатын жеке қор­ғану құралдарының техникалық сипаттамасы «Инкар» ЖШС-нің коммерциялық ұсынысында заң­сыз өзгертілді. Жиынтықтан қол­ғаптар, бетперделер, көзіл­ді­ріктер алынып тасталды, ал Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне потенциалды жеткізушілердің жоқтығы туралы жалған ақпарат ұсынылды», – делінген соттың берген түсіндірмесінде.

Екінші сатының шешімі заңды ма?

Заңгер Есберген Алауханов апелляциялық соттың шығарған үкімі заңды екенін айтты. Қыл­мыстық іске құқықтық баға бер­месе де, қоғамдық пікірін білдір­ген ол: «Апелляциялық сот істің мән-жайын толық қараған шығар. Айыпталушының басшы ретіндегі әрекетінен қылмыстың құрамын анықтаған болуы мүм­кін. Үш жарым жыл бас бос­тан­дығынан айыру үкімін шығарып отыр. Әлбетте, қылмыс құрамы болса, тиісті жаза та­ғайындайды. Бір айтарым, бұл іске сырттай тон пішу ерте. Бірінші саты ақтау үкімін шығарып, екінші саты заң бойынша кемшілігін тауып жөн­деуге құқылы. Бұл заңды. Бірақ бұл іс біткен жоқ. Өйткені конс­титуциялық құқығы бар қорға­лушының ары қарай шағым­дануға құқысы бар. Егер айып­талушы Жоғарғы Сотқа шағым­данса, екінші сатының шешімі­не олар да өзінің құқықтық ба­ғасын беруге құқылы. Соңғы нүк­тені Жоғарғы Сот қана қоя­ды», – дейді.

Жадыра МҮСІЛІМ