Осыдан үш-төрт күн бұрын дарынды спортшы, ауыр атлет Альберт Линдер өмірден озды. Қазақстандық зілтеміршінің қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырып кетті. Талдықорған қаласының тумасы, жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы, Азия чемпионы, Универсиаданың жеңімпазы және рекордшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Альберт Линдер небәрі 25 жаста еді...
Бар мәселе спортшының 2018 жылы спорттық мансабын аяқтағанынан кейін басталғанын айтады Альбертті жақсы танитындар. Ал спортшының інісі Семен Линдер әлеуметтік желідегі жазбасында ағасының бұл жағдайға душар болмас бұрын қандай мәселемен бетпе-бет келгенін жазды. Сондай-ақ ол Instagram-дағы парақшасында өзінің және ағасының медальдерін жерге көмген сәті түсірілген видеоны жариялады.«Аға, сен мәңгі менің жүрегімдесің! Бұл біздің медальдарымыз!», – деп жазды Семен. Ол сондай-ақ ағасының өзін мойымай, мықты әрі адал болуға үйреткенін де тілге тиек етті. «Ағамның алға қойған мақсаты болды, ол ауыр атлетикамен өмір сүрді. Бұл істі бәрінен артық жақсы көрді. Спортқа жан-тәнімен берілді, штанганы қатты жақсы көрді, сол арқылы өзін тапты. Оның мақсаты мен арманы болды. Ол еліміздің патриоты еді. Қазақстан Туын мақтанышпен көтерді. Ақкөңіл адам еді...», – деп күңірене еске алады ағасын Семен Линдер.Оның сөзінше, Альберт жаттығу кезінде күйзеліске түсіп, қолын сындырған. Ал жаттықтырушысы шәкіртін тиісті мамандарға жібермеген.
– Ағам спорттан кеткеннен кейін ауыр жағдайға тап болды, көңілі пәс болды. Бәрі оны ұмытып кетті. Жаттықтырушысы бірнеше рет келіп, дәл сол күйінде жаттығуды жалғастыруға көндіріп көрді. Кейін менің ағамның жаттығуға құлқы жоқ екенін түсініп, ол да оны ұмыт қалдырды. Біздің елде өкініштісі спортшы абыройы асқақтап тұрғанда бәріне керек, ал кейін алмастыратын адам тез табылады. Ағам ауыр атлетикадан басқа салада өзін таба алмады! Ешкімге ештеңе айтпастан кетіп қалды! Менің ағам кетті, – деп жазды марқұмның інісі.Семен сөзінің соңында мұндай жаттықтырушының спортшыларды жаттықтырмауы қажет екенін айтып, осы іске кінәлі адамның заң бойынша жазаланатынына сенетінін жеткізді. Бұған дейін ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин Линдердің өлімі туралы пікір білдіріп, спортшылар физикалық жарақат алып қана қоймай, психологиялық тұрғыда да зардап шегетінін айтқан. Спортшы Қазақстанда мұндай атлеттер үшін қалпына келтіру орталығы жоқ екенін, сондықтан тек спорттан қол үзген бірнеше адам ғана спорттан тыс өмірде өз орнын табатынын айтқан. Линдердің құрамадағы замандастары, қазақстандық ауыр атлеттер Михаил Макеев пен Фархат Самарханов та досының қайғылы қазасына байланысты бейнежазба жариялады. Қос спортшы осы спорт түрінен алған жүлделерін, медальдерін қоқыс жәшігіне тастап, қайғылы жағдайға қатысты ойларын ашық айтып, көпшілікке үндеу жасады. Олар спорт әлеміндегі, дәлірек айтқанда ауыр атлетикадағы көптеген әділетсіздіктерге көз жұма қарай алмайтынын, Альберттің өліміне кінәлілердің жазаға тартылуы керек екенін сөз еткен. Көп өтпей Қазақстан ауыр атлетика федерациясы зілтеміршілердің шағымына қатысты пікір білдірді.
«Кеше кешкісін ҚР ауыр атлетика құрамасының мүшелері, соның ішінде, қайтыс болған Альберт Линдердің інісі де әлеуметтік желіде құрама командасының бапкерлеріне қатысты шағым мен сын айтты. ҚР ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауына алып, әр айып бойынша анығына жетпек. Алдағы уақытта федерация әр атлетпен байланысқа шығып, тергеу өткізеді, оның қорытындысы кейін жария етіледі», – деп жазылған хабарламада. Сонымен қатар федерация Альберт Линдердің жақындары мен туыстарына талантты спортшының қазасына байланысты көңіл айтып, федерация тарапынан қолдау көрсетілетінін хабарлады.Алматы облысының Полиция департаменті қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдердің өліміне қатысты ҚР ҚК-ның 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады. Зілтеміршінің өзіне қол салғаны белгілі болғаннан кейін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл оқиға бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяуда қайғылы жағдайға кінәлілер анықталып, жауапқа тартылуы мүмкін.
Абылайхан ЖҰМАШ