Алтынсарин ауылы игіліктерге қашан қол жеткізеді?
Алтынсарин ауылы игіліктерге қашан қол жеткізеді?

Елорданың дәл іргесінде орна­ласса да, қарапайым игі­лік­терге қол жеткізе алмай келе жатқан Ыбырай Алтынсарин ауылы билікке қатты өкпелі. Өйткені жарығы әлсіз, жол­дарының шаңы шығып жа­тыр.

Күзгесалым жауған жаңбырдан жолдары ми батпаққа айналып шыға келеді. Ал миллиондаған қар­жы салынып, іске қосылған суы ішу­ге де, басқа мақсаттарға қолда­ну­ға жарамай қалған. Өйткені кран­­нан ағатын судан металл то­тық­­тары мен қақ қоса ағады. Тұр­ғындар бірнеше жыл бойы жергілікті биліктің табалдырығын тоздырып, облыс әкіміне дейін арыз-шағымдарын жеткізгенімен, еш нәтижесі болмаған. Халық айтқан шағымына биліктен беріліп жатқан біркелкі жалған сырғытпа жауаптардан шаршағанын айтады. Ыбырай Алтынсарин ауылында бүгінде 2 000-нан астам адам түтін түтетеді. Халық­тың көпшілігі елор­даға қатынап жұмыс істейді. Бірақ ел ішіндегі көңілге кірбің салатын жағдайлардан әлі де болса арыла алмай келеді. 2017 жылы 581 миллион теңге бөлініп іске қосылған судың сапасы аса төмен. Ауылдағы қордаланып қалған бұл мәселелерді өткен жылы да көтергенбіз. Жауап берген тиісті сала басшылары мен жергілікті билік үстіміздегі жылы жоғары­дағы мәселелердің шешіле­тінін алға тартқан. Мәселен, «Целиноград Су арнасы» басшы­лығы осы жылдың наурыз айында судың сапасын жақсарту үшін, арнайы сүзгілер үшін 40 миллионға жуық қаражат бөлініп, бір ай көлемінде жұмыстардың аяқ­талатынын мә­лім­деген. Бірақ тұрғындар іс жүзін­де әлі де болса ештеңе де өзгере қоймағанын жеткізді.

Жалған жауаптан шаршадық...

«Міне, он жылдан бері осында тұрып келеміз. Астанадан таяқ тастам жерде болсақ та ішетін суға зармыз. Жолымыз ми батпақ болып жатады. Мемлекеттік жарық желілері тартылған. Бірақ арада бір жыл өтсе де, әлі іске қосылған жоқ. Техникалық судың бір текшесі 200 теңгеден сатылады. Ал оған кір де жуа алмайсың. Жаз бойы суды сағатпен таңертең екі сағат, кешке үш сағаттан ғана берді. Судың сапасы өте нашар. Су қыздыратын аристонымызды ай сайын ауыс­тыр­дық десек те болады. Ал жергілікті биліктің есебіне қарасақ су ішуге арналған. Қағаз жүзінде біздің жолымызға тақтайдай тегіс асфальт та төселіпті. Бірақ іс жүзінде жолдарымызға ешқашан асфальт төсел­меген. Интернет жоқ. Бәрінің тек  жалған істеліп жатқа­нына ішіміз ашиды. Ал осының бәрі елорданың дәл түбінде болып жатыр», – дейді  Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны Гүлмира Қайыржан­қызы.

Жолдарымыз ми батпақ, асфальт түгіл тас та жоқ...

Аудан әкімдігінің редакцияға былтыр берген жауабында ауылдың 10 көшесіне күрделі жөндеу жасалатыны айтылған. Алайда тұрғын­дар биліктің құрғақ уәдеден ары аса алмағанын жеткізді. «Жолға ешқандай да асфальт төселген жоқ. Оқу да басталып кетті. Балаларымыз мектепке, колледждегі оқуларына толарсақ­тан саз кешіп, резеңке етікпен баруға мәжбүр. Ауылдың 5-6 көшесіне автобустар мүлдем қатынамайды. Билік қашанға дейін біздің бұл жағдайымызға көз жұма қара­мақ?», – дейді Ыбырай Алтынсарин ауы­лы­ның тұрғыны Айгүл Төлеу­ленова. Аудан әкімдігі ауыл тұрғын­дары­ның барлық айтқан сөздерін жоққа шығарды. Айтуларынша, ауылдағы судың сапасы санитарлық талаптарға сәйкес келеді.  Ал жолдарды жөндеу мен электрмен қамту мә­селе­сінде де біршама жұмыстар атқарылған.

Су талапқа сай, жолдар жөнделіп жатыр

«Ыбырай Алтынсарин ауылы­ның кіреберіс жолы мен ауыл ішін­дегі жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жалпы, сметалық құны – 1,2 млрд теңге. Күрделі жөндеумен жалпы ұзын­дығы 10,4 шақырым 18 көше қамтылады. Биыл облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 1,3 шақырым жолға асфальт төсел­ді. Алдымыздағы қазан айында 2022 жылы жобаны жалғастыру үшін бюджеттік өтінім берілмек. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға қарай жүзеге асырыл­мақ. Су мәселесіне келсек, Ыбырай Алтынсарин ауылына сумен қамтамасыз етуді әкімдік жанындағы «Целиноград су арнасы» жүзеге асырады. Сумен қамту нысандарын пайдалану және қызмет көрсету Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 28 ақ­панын­­дағы №158 бұйрығымен бекітілген елді мекендерді сумен қамту жүйе­лерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Барлық су құбыр­ларында екі мәрте зертханалық бақылау жасалып, көктемгі және күзгі жоспарлы дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген.  Жүргізіл­ген бақылау нәтижелері бойынша су санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келеді. Нәтиже­лердің көшірмелері халықтың санитарлық-эпи­демиологиялық әл-ауқаты саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөліміне тапсырылған. Қазір Кенжебай кен орны жанынан су құбыры құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін жерасты суы тартылады. Аталған жобаға Ы.Алтынсарын ауылы да қосылатын болады», – деді аудан әкімдігінен. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауылды электрмен қамту елордаға жақын орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту­дың кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Өткен жылы Ыбырай Алтынсарин ауылында электрмен қамтудың жаңа құрылыс жобасы басталған. Әкімдік биыл «Астана РЭК» акционерлік қоға­мы­мен бірлесіп аудан нысандарын іске қосу бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты.

P.S.

Сонымен, жылдар бойы қарапайым инфрақұрылымдық қажеттіліктерге жете алмаған Алтынсарин ауылы биліктің сырғытпа жауаптарынан жалыққандарын айтады. Ал жергілікті билік барлық шаруаны тастай қатырып жатқандарына сенімді...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы