Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза болған полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасына барып қайтты, – деп жазады Polisia.kz.
ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының жеке құрамы атынан қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.Сонымен қатар учаскелік инспекторлар «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы 1982 жылы туған. ҚР ІІМ Алматы Академиясының магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор болып тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды. «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар. Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы 1988 жылы туған. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие. «Үздік құтқарушы жауынгер» және «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына тұрғын үй береді.