Болашақтың кілті – білімді жастардың қолында
Болашақтың кілті – білімді жастардың қолында
375
оқылды
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастар — еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы», – деп жастардың білім алуына ерекше көңіл бөліп келеді. Партияның басты міндеті – жастарға жөн сілтеу, жол көрсету, әл-ауқатын жақсарту, бағыт-бағдар беру, қолдау.   Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде жастар саясатын жүйелі жүргізу әрдайым басты назарда болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді уақытылы шешумен қатар, олардың тың бастамасына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ең үздік оқу орындарында талапты жастардың білім алуына жол ашты. «Болашақ» бағдарламасы – тәуелсіз елдің жастарына шетелде оқуға берілген бірден-бір мүмкіндік. Одан бөлек, экономиканың күретамыры ауылды дамытуға арналған «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жас кәсіпкер», «Серпін – 2050», «Жасыл ел» тағы да басқа көптеген жоба жүзеге асып жатыр. Ерекше айтып өтетін жайт, 2019 жыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен «Жастар жылы» болып жарияланды. Жастардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін арнайы жобалар қолға алынып, аймақтарда жалғасын тапты. Бастаманың жүйелі жалғасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп бекітті. Алғаш рет Мемлекет басшысының бастамасымен Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Резервке 300 жас іріктеліп алынды. Олар қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр. Басшылық лауазымға тағайындалған жастар өз саласының жаңаша қарқынмен дамуына үлес қосты. Әлем халқын әбігерге салған коронавирус пандемиясымен күресте жастардың күші мен табандылығының арқасында қоғамда қаншама күрмеуі қиын мәселе шешімін тапты. Бүгінде жастар саясатын жүйелі жүргізуде «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» Жастар қанаты ерекше рөл атқарады. «Jas Otan» – саяси күш. Жиырма жылдан бері 100 мыңнан астам жастың басын біріктіріп, оларға әлеуметтік лифт ұсынып отыр. Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Біз Біргеміз!» жалпыұлттық акциясына 5 мың жасотандық волонтер атсалысты. Олар 320 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізді. 100 мың отбасыға 5 миллион дана медициналық маска таратты. Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде 500 волонтер «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабын құрып, эвакуациялық және гуманитарлық көмекті таратуға атсалысты. «Jas Otan» ең ірі жастар ұйымы ретінде әрқашан волонтерліктің мүмкіндігін кеңейтуге дайын. Бүгінде «Bіz Birgemiz» волонтерлер қозғалысы құрылып, жұмысын бастап кетті. Жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Сәтті қадам» және «Жастар кадрлық резерві» жүзеге асырылды. «Nurintech» жобасы аясында 3 мың жас ғалымға қолдау көрсетілді. «English for Jastar» жобасы бойынша ауыл мектебінің 9 мың оқушысы ағылшын тілін тегін оқыды. 5 жылда «Жастар – Отанға!» жобасы аясында 2 мыңнан астам жас көшбасшы пулы жасақталды. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте студенттер арасында анонимді сауалнама, дәріс өткізу арқылы «Таза сессия» акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда 20% квотаға сәйкес, партиялық тізім бойынша 35 жасқа дейінгі жастар депутат болды. Бұл – жастардың ел мүддесі үшін қызмет етуіне жасалған маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде жастардың мүддесі үшін жұмыс істейтін нұротандық 616 жас депутат сайланды. Оның басым көпшілігі жасотандықтар. Сондықтан жастар қанаты жанынан Жас депуттар корпусы құрылды. Алдағы 5 жылда жастарға қатысты мәселелерді қадағалап, бақылап, жоспардың орындалуын талап етеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сай «Jas Otan»-ның жастарды қолдауға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы әзірленді. Бұл құжатта жастар «Біз кімбіз?», «Қайда ұмтыламыз?», «Мақсатымыз қандай?», «Еліміздің дамуына қалай үлес қосып, ел бірлігін сақтауда не істей аламыз?» деген сұрақтарға жауап ала алады. Құжатты дайындау барысында жастар саясаты шеңберіндегі әлемнің ең үздік тәжірибелері мен отандық әлеуметтік зерттеулер негізге алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында барлық аймақтағы жастармен кездесу ұйымдастырылып, олардың ой-пікірін тыңдап, үш мыңнан аса нақты ұсыныс іріктелді. Атап айтқанда, БҰҰ-ның «Жастар – 2030», Ресей Федерациясы жастарының 2025 жылға дейінгі «Даму стратегиясы», «Канаданың жастар саясаты» бағдарламасы, «Германия Федералды Үкіметінің Жастар стратегиясы» секілді құжаттарда жастардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың керегін алып, саралап, бағдарлама әзірленді. Жалпы, дүние жүзінде жастары үшін ортақ мәселе – қолжетімді және сапалы білім алу, жұмысқа орналасу, рухани, адамгершілік құндылықтары мен азаматтық мәдениетін қалыптастыру, құқығын қорғау, бақуатты жас отбасылар институтын құру. Осылайша, «Жастар – Отанға!» бағдарламасында нақты 5 бағыт айқындалып, жастарды қолдауға бағытталған 100 нақты іс-шара белгіленді. Аталған бағдарламаны сапалы, уақытылы жүзеге асыру үшін Республикалық және 216 аймақтық жол картасы әзірленді. Республикалық жол картасы Nur Otan-ның Саяси кеңес Бюросы шешімімен, ал 216 аймақтық жол картасы партия филиалдарының бюросында бекітілді. Мәселен, жастардың саяси-қоғамдық өмірге белсенді араласуын ынталандыру мақсатында волонтерлікпен айналысатын азаматтар санын 5 жылда 100 мыңға дейін, консультативтік-кеңесші органдарда 35 жасқа дейінгі жастардың үлесін 30%-ке дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сонымен бірге, партиялық кадр резервінің 20%-тен астамы жастардан құралады. Біздің партия мықты лидер – болашақ басқарушылар коалициясын құруға және дамытуға мүдделі. Бүгін білімге құйылған қаржы бұл – жарқын болашаққа салынған инвестиция. Кез келген азамат үшін сапалы білім – ең басты артықшылық. Осы ретте жастардың кедергісіз білім алуына сұранысқа ие мамандықтар бойынша гранттар санын 50%-ке ұлғайту, колледждерде тегін оқу мүмкіндігін қамтамасыз ету, жыл сайын жас ғалымдарға 1 мың грант бөлу және Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік жоғары оқу орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінде қас-қағымда өзгеріске ұшырайтын жаһандық өзгерістерге бейімделу, жаңа дағдыны қалыптастыру – заман талабы. Пандемия салдарынан әлемді жұмыссыздық жайлады. Әлеуметтік фактілер жетік зерделеніп жастарды еңбекпен әлеуметтендіруді қамтамасыз ету мақсатында 5 жылда 25 мың жасты қамтитын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылмақ. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру, жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант беру және «Жасыл ел» жобасы аясында 30 мың жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жастар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана мәселесі. Әлеуметтік институттардың сауалнамасы нәтижесі жастар үшін баспана мәселесі әлі түбегейлі шешімін таппағанын көрсетіп отыр. Жастардың 20%-ке жуығы баспана жағдайына көңілі толмайды. Өйткені тұрғын үй мәселесінің оң шешім таппауы отбасылық проблемалардың туындауына, ажырасуға себеп. Мысалы, 2019 жылы 27 мыңнан астам ажырасу жиілеген. Оның ең көбі 24-28 жас аралығындағы жастарға тиесілі. Осылайша, жас отбасылар институтын қалыптастыра отырып, жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету өте маңызды. Жол картасы аясында 2025 жылға дейін барлық 17 аймақта тұрғын үй сатып алу бойынша өңірлік бағдарламалар әзірленеді. Жыл сайын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер жалға беріледі. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қиянатпен күресу үшін, оның ішінде балаларға қатысты фактілерді азайту, суицидтің алдын алу бойынша әлеуметтік жобалар жүзеге асады. «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жалпы 7 қағидатқа негізделген, оның бірі – тұлғалық даму. Тұлғаның жеке дағдыларын дамытуға аса назар бөлу және сол үшін мүмкіндік жасау мәселесі де бағдарламада қарастырылған. Шығармашылық, менталды тұрғыдан өз-өзіңді жетілдіру, қосымша білім алу қоғамда кең таралған. Сонымен бірге, жастар арасында деструктивті идеялардың таралуын, қылмыстың алдын алу үшін олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет. Сол себепті, бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысатын азаматтар санын 45%-ке дейін ұлғайту, балаларды құқықтық тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралармен қамту, өңірлерде 450 мыңнан астам ауылдағы жастарды қамтитын спорттық нысандар, алаңдар мен заманауи демалыс орындарын салу көзделген. Осылайша, біздің партия жастар арасындағы проблемаларды естіп қана қоймай, оларды шешу жолында нақты нәтижелі жұмыс істеп отыр. Жалпы, 2025 жылға дейін бағдарлама аясында 14 пен 35 жас аралығындағы 6 миллионға жуық жастың кем дегенде 70%-ін қамту жоспарда бар. Осы мақсатта жоспарды кезең-кезеңімен іске асыру үшін оның орындалуына жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі. Бақылау мақсатында «Nur Otan» партиясы жанынан Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрылды. «Nur Otan» партиясының «Болашаққа сенімді жастар» бағыты мен «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша жол карталарының жергілікті және мемлекеттік органдар тарапынан тиісті деңгейде жүзеге асырылуы аталған кеңестің жұмысы аясында талқыға салынып, бақылауда болады. «Nur Otan» партиясының басты мақсаты – бастамалар мен жобалардың сәтті жүзеге асуын қамтамасыз ете отырып, тың бастамаларды, әсіресе, жастардың назарында ұстау.      

Нұржан Жетпісбаев

«Jas Otan» Жастар Қанатының Төрағасы