Сенатта медиасаланы дамыту мәселелері талқыланды

Сенатта медиасаланы дамыту мәселелері талқыланды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған отырыста қатысушылар азаматтық қоғамның даму үрдісі мен еліміздегі медиа саласының болашағы туралы сөз қозғады. Кездесуге Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, клуб мүшелері және арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық және саяси саладағы негізгі бастамасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екенін атап өтті. Сондай-ақ осы тұжырымдама аясында билік пен қоғамның тұрақты диалогын жолға қоюға және мемлекетті басқаруға азаматтық қоғамның қатысуын арттыруға арналған жүйелі реформалар қолға алын­ғанына назар аударды.  «Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында маңызды міндеттер белгіленді. Біріншіден, Президентіміз ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігін әзірлеуді міндет етіп қойды. Екіншіден, Мемлекет басшысы депутат мандатын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заңмен бекітуді тапсырды. Үшіншіден, Президентіміз, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керектігін айтты. Мұндай қадамдар халықтың әртүрлі топтарының азаматтық құқықтарын ескеретін инклюзивті қоғам құруға ықпал етері сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы. Клуб отырысында талқыланған маңызды мәселе­лер­дің бірі медиа саласына қатысты болды. Мәулен Әшімбаев пандемия кезеңінде медиакоммуни­кацияның ерекше рөл атқарғанын тілге тиек етті. «Пандемия кезеңінде нақты мәліметтер мен тексерілген ақпараттардың тапшылығы байқалды. Сондықтан адамдар ақпарат көздеріне мұқият мән беріп, беделді медиаларға ғана басымдық берді. Бұдан сапалы жаңалықтар тарататын журналистика пайда көрді. Нәтижесінде, әлемнің жетекші ақпарат құралдарының оқырмандары көбейіп қана қоймай, олардың ақылы жазылымдары да арта түскен», – деді палата Төрағасы. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай үрдістің кері әсері де байқалған. Белгісіздік пен ресми ақпарат көздеріне деген сенімсіздік фейк-ньюсдердің және әртүрлі конспирологиялық теориялардың көбеюіне әкеліп соқтырған. «Қазіргідей ақпараттар ағынында адасып қалмау үшін адамға ақ пен қараны ажырататын арнайы білім керек. Бұл ретте жаңа заман адамы үшін медиа­сауаттылықтың маңызы зор екені сөзсіз. Меніңше, осы трендті ескеріп, Қазақстанда әлемге ғылыми көзқарас қалыптастыратын салалық журналистиканы дамытуға және ғылымды дәріптейтін қоғамдық пікірдің көшбасшыларын дайындауға көңіл бөлген жөн. Бұл медиа саласының сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев. Жас сарапшылар клубының басқосуында қатысу­шы­лар қоғамдық жоба ретінде Талдау мектебін құруды ұсынды. Мәулен Әшімбаев мұндай мектепте тыңдау­шылар талдау мәтіндері мен зерттеу әдіснамасын жазу сияқты қолданбалы тәсілдерді, деректер базасымен жұмыс істеуді, мемлекеттік басқаруда, халықаралық қатынастар мен дипломатияда қолданылатын аналитикалық әдістерді меңгеруге мүмкіндік алатынын атап өтті. Дәріс оқу және тренингтер өткізу үшін белгілі қазақстандық сарапшылар мен зерттеушілерді шақыру жоспарланып отыр.

Г.БЕКЗАТ