Қыста ет бағасы өспей ме?

Қыста ет бағасы өспей ме?

Aуыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Тө­леу­тай Рақымбеков алдағы уақытта Қазақ­стандағы ет бағасы айтарлықтай шарық­тамайтынын айтып, сендіріп отыр. Ол қуаң­шылық салдарынан кей өңірде мал қырыл­­ғанына қарамастан жағдай жаман емес еке­нін жеткізді.

«Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал шығыны болғанда еттің құны өсуі мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазған болатынмын. Осы орайда мал­дың қырылуына тоқталсам, дүр­белең жасауға тырысқан кейбір адамдар айтқандай жағдай үрейлі емес», – дейді. Оның айтуынша, 2017 жылы мал азығын даярлау картасы әзірленген кезде, жыл сайын мал дақылдарының тапшылығы үнемі Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысындағы Семей өңірінде байқалып отыр­ғаны көрсетілген. «Бұл жайында осыған дейін де белгілі болды. Осы өңірлерде тұрғындар мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, жемшөпті қосымша өндіруге мән беруі керек еді», – деді министрдің кеңесшісі. Байқағанымыздай, министр­дің кеңесшісі жемшөп қорын әзірлемеген шаруаларды айыптап отыр. Оның үстіне биылғы мал қырғынын жұт деп бағалауға келмейтінін баяндады. «Биыл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы үшін күрделі жыл болды. Қуаңшылық болатынын айтқан едім, осы орайда малдың өлім-жітімі тіркелді. Бірақ ол жұтқа әкелмейді. Адамдар осы ахуалға әрекет етіп, малды сойып, етке өткізуі ықти­мал. Нарық заңдылығы бойынша, бастапқыда еттің бағасы төмен­дейді де, кейін баға өсуі мүмкін. Сондықтан күрт қымбат­тайды деп ойламаймын», – деді Төлеутай Рақымбеков.

     М.ХАҚНАЗАР