Ақмола облысында құрамында бір топ шетелдік бар 23 заңсыз алтын өндіруші ұсталды. Бұл жайында Ішкі істер министрлігі хабарлады.
«Жүргізілген әкімшілік учаскелерді аралау нәтижесінде Бестөбе полиция бөлімшесіне 23 адам түсті, олардың 8-і ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы (Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада. Полицияның мәліметіне сенсек, тексерілген мекенжайдан 28 шахтер каскасы, аккумуляторлық батареялары мен зарядтау құрылғылары бар 12 шахтер шамы, арнайы киім, кескіш, балға, кирка, өзін-өзі құтқару және белбеу тәркіленген. «Пәтерлердің бірін тексеру кезінде тау-кен металлургия комбинаты шахталарының төменгі қабаттарына түсуге ниет білдірген төрт заңсыз қазба іздеуші ұсталды. Ұсталғандардың бірінен марихуанаға ұқсас ерекше иісі бар өсімдік тектес сұр-жасыл түсті екі полиэтилен пакет табылды. Аталған факт ҚР ҚК 296-бабы (өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сараптама тағайындалды. Ұсталған адамдармен күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін ҚР ҚК 269-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірме жүргізілді», – деп толықтырды полицейлер.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ