Нарықтағы баға тұрақталады
Нарықтағы баға тұрақталады
381
оқылды

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке агенттіктің тұр­ғын үй, құрылыс материалдары, әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік өнімдері және жанар-жағар­май нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыс­тары туралы есеп берілді. Агенттік төрағасының ай­туын­ша, аталған салалар бойын­ша монополияға қарсы қабыл­дан­ған шаралардың нәтижесінде бірқатар ірі құрылыс компания­лары бастапқы тұрғын үй бағасын маусым-тамыз айларында орта есеппен 7-20 пайызға төмен­дет­кен, құрылыс материалдары бағасының өсуі сәуір айындағы 10,9 пайыздан, тамыз айында 3,2 пайызға дейін, бензин бағасы сәуір айындағы 8,4 пайыздан, мамыр айында 0,2 пайызға дейін арзандаған. Қазір де осы бағалар сақталып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының апта сайынғы қымбаттау көрсеткіші сәуір айындағы 0,6 пайыздан 14 қыркүйектегі мәлімет бойынша 0,1 пайызға дейін азайған. Мемлекет басшысына тауар биржаларындағы коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасының барысы туралы баяндалды. Онда жергілікті операторлар отынды шағын партиялармен тікелей сатып алуға мүмкіндік алады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің дәрілік заттардың ба­ға­сын қайта реттеу, радио­жиі­ліктерді аукционға шығару ар­қы­лы мобильді байланыс нарығында бәсекелестік қалыптастыруға жағ­дай жасау, жолаушылар тасы­малы 2 миллион адамнан асатын әуежайлардағы жерде қызмет көр­сету түрлеріне тәуелсіз тасы­мал­даушылардың қол жеткізуін қам­тамасыз ету, сондай-ақ фар­ма­цевтика, жол құрылысы, меди­цина салаларында жүргізіп жат­қан монополияға қарсы бақылау шаралары туралы мәлімет бе­рілді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақы­лауда ұстауды тапсырды.