Кубок Қарағандыда қалды
Кубок Қарағандыда қалды
198
оқылды

Қарағандылық Алан Құр­ман­ғалиев үстел теннисі бо­йын­ша 2021 ITTF Kazakhstan International Open бірінші халық­аралық турнирінде ерлер жұптық сында өнер көр­сетіп, тұғырдың жоғары сатысына көтерілді. Ол Қазақ­стан құрамасының көшбас­шысы Кирилл Герасименкомен бірге жеңіске жетті. Бұл жарыста Кирилл жеке біріншілікте де үздік болды.

Турнир 15-19 қыркүйек ара­лығында Қарағанды қаласында  үстел теннисі орталығында кө­рер­менсіз өткен болатын. Қара­ғандыға Аустрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстаннан 70 спортшы жиналды. Олар медальдар мен 30 мың АҚШ долларын ұтып алды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова турнирде спортшылардың жоғары дайындық деңгейін, сондай-ақ Қарағанды орталығының халық­аралық стандарттарға сәйкестігін атап өтті. – Министрге заманауи технологиялар бойынша салынған Қарағанды орталығы ұнады, – деді Үстел теннисі федерация­сының бас хатшысы Данил Пак. – Жаттықтырушылар мен төре­ші­лердің айтуынша, барлығы жоғары деңгейде өтті. Жарыс биыл ТМД елдері аумағындағы ITTF Халықаралық үстел теннисі федерациясының жалғыз рейтингтік турнирі. Көрермендер жетіспеді, бірақ бұл – уақыт талабы. Жанкүйерлердің болмауы жарысты Qazsport телеарнасы мен ITTF халықаралық феде­рациясының ресми сайтында тара­тумен өтелді. Қазақстандық кіші ракетка шеберлері де жақсы техника мен қарсыластардың тамаша дайын­дығын атап өтті. – Турнирге кәсіби мамандар жиналды. Барлық матчтар маңыз­ды болды. Мен әрқай­сысына дайындалдым. Туған жерімде екі алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Аланға келетін болсақ, бұл – өте талантты жігіт, еңбекқор, ойынға жақсы бейімделеді. Ол жарады, – деді турнирдің екі дүркін чемпионы Кирилл Герасименко. – Мен ойынға ризамын. Матчтар алдында физикалық және психологиялық тұрғыдан бейімделу қиын болды. Әрине, жеке және аралас топтарда жақсы өнер көрсетуге болады. Серіктеспен ойнау оңай болды. Кириллдің деңгейі өте жоғары. Алда Азия чемпионаты өтеді, дайындаламын, – деп жоспарларымен бөлісті Алан Құрманғалиев. Нәтижесінде, еліміздің қоржынында екі алтын және үш қола медаль бар. Басты матчта Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев Сауд Арабиясының жұбын жеңді. Жеке разрядтың финалында Кирилл Герасименко Үндістан­нан келген Снехит Сураважжуланы жеңді. Аралас разрядта қоланы Эрик Райтер мен Арай Ашкеева, әйел­дер жұптық разрядында Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Миркадирова, жеке есепте Айя Алимбаева жеңіп алды. ITTF Kazakhstan International Open жарысы жыл сайын өткізіле­ді. Келесі турнир 2022 жылы Алматыда ұйымдас­тырыла­ды.

Ә.БЕК