Дала өрті өршіп тұр
Дала өрті өршіп тұр
322
оқылды

Биыл дала өртінің көптігімен ерекшеленер жыл болғалы тұр. Жақында тағы бір азамат өрт сөндіремін деп жүріп, денесін күйік шалып, қайтыс болды.

Қарағанды облысында дала өртін сөндіруге қатысқан 48 жастағы азамат қайтыс болды. Одан бөлек, тағы екі адам зардап шекті. Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округі аумағында болған дала өртін сөндіруге қатысқан 1973 жылғы азамат, өкінішке қарай ауруханада қайтыс болды. Оның дене­сінің 90 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер қолдан келген бар­лық медициналық көмекті жасады, алайда жанын арашалап қала алмады. Марқұм өрт болған күні Көлбасы елді мекенінен өзге тұрғындармен бірге шығып, тілсіз жауды өшіруге атсалысқан болатын. Алайда аптап ыстық пен аңызақ желден өршіген жалын ұзақ уақыт ырық бермей, адамдар зардап шеккен. Дәл сол күні Ақтоғай, Шет аудандарында да дала өрті болып, жалпы үш ауданның 3 мың гектар жері жанып кеткен. Табиғи өртті жоюға 300-ден астам адам мен 90 техника жұмылдырылған. Сол күні тағы 1989, 1979 жылғы екі азамат та өрт кезінде зардап шекті. Бірінің денесін 18 пайыз, ал екіншісін 28 пайыз күйік шалған. Оларға тиісті ем-дом жасалған. Қазір жағдайлары тұрақты. Дәрігерлердің айтуынша, олар түбегейлі жазылғанша бақылауда болады. Шілде айында да Ұлытау өңірінде дала өрті болған еді. Айта кетейік,  өрт Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек және тағы басқа ауылдарды шарпыды. Қоскөл ауылынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерді тексеру кезінде жанып кеткен УАЗ автокөлігінің ішінен 1998 жылы туған ер адамның денесі табылды. Жас жігіт өрт сөндіру жасақтары еріктілерінің қатарында бол­маған және дала өртін сөндіруге тартылмаған. «4 шілдеде Қара­ғанды облысының аумағында дала өртінің 12 ошағы бақылауға алынды, оның ішінде Ұлытау ауданының аумағында екі дала өрті тіркелді», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті. Жангелдин ауылдық округі шаруа қожалығының аумағында өртеніп кеткен 200 бас ұсақ мал және 10 бас ірі қара табылды. Өртті сөндіруге 298 адам мен 77 техника, оның ішінде ерікті өрт сөндіру жасақтары жұмыл­дырылды. Жергілікті атқарушы орган Жангелдин, Ақтасты және Амангелді ауылдық округтерінде жергілікті ауқымда төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады.

Ә.БЕЛГІБАЙ