Экономикасы дамыған өңір
Экономикасы дамыған өңір
207
оқылды

Қарағанды облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіші бойынша оң динамика байқалады. Жыл соңына дейін 14 жаңа өндіріс іске қосылып, екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тұрғын үй құрылысы өсуінің арқасында кезекте тұрғандар қатарынан үш мыңға жуық отбасы пәтерлермен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық кеңестің онлайн оты­рысында жұмыс нәтижелері мен жүктелген міндеттердің орын­далуы туралы есеп берді. – Жалпы, өңір экономика­сында оң динамика қамтамасыз етілді. 8 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық – 8,9%-ға; пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі – 19,9%-ға; ауыл шаруа­шылығы 3,6%-ға сенімді өсім көрсетті. Өнеркәсіптегі өсім 0,3%-ды, құрылыста – 2%-ды құрады, – деп атап өтті облыс әкімі. – Инвестициялар көлемі 470 млрд теңгеге дейін немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 105,4%-ға дейін өсті, бұл ретте 89,5% жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін 230 млрд теңгеден астам сомаға 14 жаңа өндіріс іске қосылып, екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Облыста пандемия салда­рынан бизнес біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Бұған мемле­кеттік қолдау көмектеседі. «Биз­нестің Жол картасы – 2025» бо­йынша қаржыландыру 3,2 есеге, «Қарапайым заттар экономи­касы» бойынша 2 есеге ұлғайды. Құрылыс көлемі «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру есебінен өскен. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кемінде 662 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарланған. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Биыл респуб­ликалық және жергілікті маңызы бар 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы үлкен демеу болды, бағдарла­ма­ның арқасында 25 ауыл мен кент­тегі жолдар ретке келтірілді. Әлеуметтік сала да дамып келеді. Үш ауысымды және апат­ты мектептердің орнына Қара­ғанды мен Жезқазғанда, Жаңа­арқа мен Шет аудандарында төрт мектеп салынып жатыр. Бюджет­тік және бюджеттен тыс қаражат есебінен, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бойынша 13 спорт ны­санының құрылысы жүргізілуде. Жақында Шахтинск, Ботақара, Қарсақпай және Жезді, Жаңаарқа және Нұра елді мекендерінде алты жаңа спорт кешені ашылады. Сондай-ақ жаңа спорт алаңдары, көп­функционалды хоккей корт­тары салынады, барлығы 77 ны­сан. Бұқаралық спортты дамыту үшін үш мыңға жуық адамды қамтитын қосымша 94 секция пайда болды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, олардың жартысы тұрақты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарала­рымен барлығы 75 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. – Өте мазмұнды есеп. Өңірлік дамудың барлық бағыты бойынша жақсы көрсеткіштер бар. Мы­салы, инвестициялардың өсуі қуантады – пандемия жағдайында шетелдік капиталды тарту оңай емес. Шағын және орта бизнесті қолдау нәтижелерін, қазақ­стан­дық қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыстың тиімділігін атап өткен жөн. Ірі жүйе құраушы ком­паниялардың тапсырыстарымен облыстың 60 кәсіпорны қамта­масыз етілді, – деп түсіндірді қо­­ғамдық кеңестің төрағасы Ер­қара Аймағамбетов. – Біз қалалар мен аудандардың тұрғындары қойып отырған өзекті мәселелер шешіліп жатқанын көріп отырмыз.

Әділ БЕК