6 жасқа дейін ұзармақ. Неге?
6 жасқа дейін ұзармақ. Неге?

Жуырда Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне баланың құ­қық­тарын қорғау мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған еді. Толық­тырулардың қатарында Сәбилер үйіндегі балалардың жасын ұлғайту мәселесі де бар. Яғни, бұрын Балалар үйіне 4 жасқа толысымен ауыстыратын еді. Енді мына заң жобасы қабыл­данса, онда 6 жастан ауыспақ. Неге? Мұның белгілі бір себебі бар ма?

Алайда бұған қатысты Бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттігінің пікірі мүлдем басқа. Өйткені олар Сәбилер үйінде бала­ның жасын ұзартудың қажеті жоқ деп отыр. «Бірінші кезекте, заңға сәйкес, Балалар үйіне қабылданған балалар отбасына берілуі керек. Екіншіден, әлемде баланың мекемеде болған уақытында денсаулығына тигізетін моральдық, психикалық әсері туралы көптеген зерттеулер жүргізілді. Солай бола тұра, олардың балалар үйінде болу мерзімін ұзарту туралы мәселе неге тағы көтеріліп отыр?» – дейді. Олардың ұсынып отырған деректеріне қарағанда, 2012 жылы «Аналар үйі» пайда болғанға дейін жетімдер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 2 жасқа дейінгі балалар саны 1505 болған екен. 2019 жылға қарай 85 балаға дейін төмендеді, яғни 17 есе азайған. Үш жасқа дейінгі балалар тәрбие­ленетін Балалар үйінің саны да азайды, бірақ 2012 жылы 25 мекемеден 2019 жылы 21-ге дейін қысқарды. Ұлттық агенттік өкілдері «2020 жылы балаларды күтіп-бағуға бюджеттен ша­мамен 3,6 миллиард теңге жұмсалған. Жы­лына бір баланы асырауға кеткен шығын орта есеппен 4,7 миллион теңгені құрады, ал бір балаға шамамен 400 мың теңге жұмсалады. Румыния, Украина, Молдова және Ресейдегі барлық жастағы балалардың тәрбиесіне қатысты жасалған талдаулар көрсеткендей, арнайы мекемелерде тәр­биелеу құны бала күтіміне ерікті түрде ке­ліскен отбасылар мен туыстарына әлеу­меттік қызмет көрсетуге қарағанда алты есе қымбатқа түседі екен» деген пікірді алға тартады.

Сәби анасының тұтқынына айналады

«Ана үйі» қоғамдық қорының дирек­торы Анар Рахымбаева «біздің қоғамдық қор бұл түзетуге түбегейлі қарсы» дейді. «БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі кон­вецияның өзінде нәрестенің балалар үйінде өсуі физикалық тұрғыда ғана емес, психи­касына да кері әсерін тигізетіні талай ай­тылды. Сондықтан кез келген сәби отба­сының ортасында өсуі қажет. Егер өзінің толыққанды жанұясы болмаса, отбасылық жылылықты, сүйіспеншілікті сыйлайтын әке-шеше тауып беруіміз керек. Тіпті, еліміздің заңында да осы нәрсе көрсетілген. Балалар үйіне түскен сәбидің тағдыры 1-2 айда шешілуі қажет. Асырап алынады не болмаса әке-шешесінің туған-туысына беріледі. Нәресте ол жерде 6 жасқа дейін қалғанда не өзгереді? Бәрібір, одан кейін де Жетімдер үйіне ауыстырылады. Ал ес біліп қалған балаға бұл екі есе ауыр тиеді. Сондықтан депутаттар нәрестенің Балалар үйінде қанша уақытқа қалуын емес, Жетімдер үйін жабуды қозғауы тиіс. Бұл жүйеден құтылудың жолын іздеген дұрыс. Жетімдер үйінің жабылуын біз ғана емес, бүкіл әлем қолдайды», – дейді. Оның айтуынша, Балалар үйіндегі нәрестенің басым көпшілігі жетімдер емес, олардың қай-қайсының әкесі, шешесі, ағайын-туысы бар. Көпшілігі –әлеуметтік осал топтың балалары. Біздіңше айтсақ, өмірлік жағдайы қиын балалар. Олардан ата-аналары уақытша ғана бас тартқан. Ал бұл еш жерде көрсетілмеген. Ондай ата-анаға көмектессе де нақты уақыты, талабы белгіленуі керек. Соның салдарынан ата-аналар сәбиін Балалар үйінде қалуын созып жүре береді. «Иә, арасында мәселесі оңынан ше­шіліп, жағдайы тұрақталған ата-ана нәрес­тесін алып кетеді. Бірақ ондай жағдай өте аз. Әрине, менікі де қатыгездік болар. Бірақ сәби 6 жасқа дейін қалдырылса, сол күнге дейін тастап кететін де ата-ана табылады. Өйткені ол жерде баласы аш қалмайды, жалаңаш болмайды, далада жатпайды. Оған қоса, басқа біреулер асырап алады деп қорықпайды. Себебі уақытша ғана орна­ласқан сәбиді ешкім асырап ала алмайды. Әйтпесе, елімізде бала асырағысы келетін­дер өте көп. Тіпті, кезекте тұр десе де бо­лады. Бірақ соның кесірінен асырап алу­шы­­лардың қолы байлаулы. Міне, сол се­бепті де балаларын жылы орнынан қозға­майды. Сөйтіп, сәби анасының тұтқынына айналады. Біріншіден, ананың сүйіспен­шілігін көрмей өтсе, екіншіден әлеуметтік ортада қалыпты өмір сүруге бейімделмеген болады», – дейді Анар Рахымбаева.

Балаға құйған инвестицияның қайтарымы бар

Мәжіліс депутаты Динара Закиева алты жасқа дейінгі кезең бұл бала өміріндегі ең әлсіз, ерекше және өте маңызды кезең деп отыр. Қысқа мерзім ішінде кез келген дағды, әдеттер, сөйлеу, салмақ қосу мен бойдың өсуін айтпағанда, аурушаңдық пен өлім қаупінің де жоғары кезеңі деп отыр. 0-18 жас аралығындағы балалар өлімінің 75 пайызы 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі екен. Әрі бұл медицина қызметкерлерінің де бақылауын қажет ететін кезең болып есептеледі. Депутаттың пікірінше, Балалар үйіне түсетін балалардың көпшілігінің ден­саулығында кінәрат болады. Тіпті, кейбірі кеш дамиды, сондықтан ондай балаларға белгілі бір кезеңде оңалту шараларын жүргізу маңызды. Балалар үйінде көпбейінді мамандар тобының қадағалауында болады, олардың толық дамуына, денсаулығының жақсаруына, тиісінше оны асырап алу мен орналастыруға мүмкіндікті арттырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәби­лер үйінде бір жылдың ішінде әртүрлі мүм­кіндігі шектеулі 25 баланың ішінде 15 бала отбасын тапты. Әуелде олардың диагнозы қиын болған. Білікті медициналық көмек көрсетілгенінің арқасында денсаулығын түзей алды. «Сәбилер үйінен 3-4 жастағы баланы Балалар үйіне ауыстыру оларға пси­хикалық күйзеліс әкелуі мүмкін. Ол бала­ның жанын жаралайды. Баланың өсуі мен дамуы үшін жақсы инфрақұрылым, білікті команданың әсері мол. Әрі бұл кішкентай балалардың қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. 4 жастағы бала үлкен балалардан зор­лық-зомбылық көруден, қорқытудан, жа­ман әдеттерден аулақ болады. Сәбилер үйін­дегі мерзімнің ұзартылуы туысқан ба­уыр­лардың бір-біріне қосылуына кедергі келтіреді деген уәжге келер болсақ, 2018-2020 жылдары еліміздегі Балалар үйінен 64 бала өз бауырына қосылды», – дейді депутат. Ол балалардың жасын ұзарту әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларға да оң әсерін тигізетінін айтып отыр. Өйткені олар да балаларының күтімі жақсы болғанын қалайды. «Жас шектеулеріне байланысты ата-аналар балаларын 4 жасқа толған соң алуға мәжбүр. Сонымен бірге қиын жағдайға тап болған бала да, ата-ана да осындай ма­ңызды қолдаудан айырылады. Ал мектепке баруға әлі 3 жыл бар, балабақшада орын жоқ, балалар көбіне қараусыз үйде қалып қояды. Амалсыз ата-ана да жұмыстан шығып, үйде отыруға мәжбүр. Депу­тат­тармен жүздесу кезінде тұрғындардың өзі бірнеше рет осын­дай мәселе көтерді. Тіпті, Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар үйінің 4 жасар тәр­биеленушісі ата-анасы жұ­мысқа кеткенде үйде жалғыз қалатынын айтты. Бұл кезеңде мидың оңтайлы дамуы үшін ынталан­ды­ратын орта, дұрыс тамақ­тану және байқам­паз тәрбиешілердің қамқорлығы қажет. Сонда ғана балаға құйған инвестицияны 17 есе қайтарып алуға болады. Сәби кезі мен мектеп жа­сына дейінгі аралықта болған жақсы күтім оның оқу үлгеріміне, жалпы білім дең­ге­йіне, IQ-іне оң әсерін тигізетіні анық­та­лып отыр», – дейді халық қалаулысы. Әрине, қоғамда әртүрлі жағдай болады. Кейде ана баласын амалсыз Балалар үйіне өткізуге мәжбүр, кей ана ерікті түрде бала­сынан бас тартады. Қалай десек те, баланың толыққанды отбасында өскеніне не жет­сін?! Отбасындағы жылылықты, сүйісп­ен­шілікті балаға ешкім бере алмасы анық.

Айым БЕКТҰР