Сарышағанда қандай зымыран сыналды?
Сарышағанда қандай зымыран сыналды?
400
оқылды

Ресей әуе-ғарыштық күштері жуырда Қазақ­станның Сарышаған әске­ри полигонында тағы бір зы­мыранды сынақтан өт­кізді. Сөйтіп, ресейлік әс­керилердің қазақ жерінде сынақтан өткізген зымы­рандарының саны соңғы 4 жылда 10-ға жетті.

Көрші мемлекеттің Қорғаныс министрлігі таратқан деректерге қарағанда, Сарышағанда Ресей әуе-ғарыштық күштері зымыранға қаржы және әуе қорғанысы әс­керінің зымыраны сынақтан өтіпті. Оның өзі зымыранға қарсы қолданылатын қару саналады екен. Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері бөлім басшысы, генерал-майор Сергей Грабчук сынақтын сәтті өткенін айтады. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Игорь Кортченко 53Т6М зымыраны сынақтан өткізіліп жатқанын айтқаны бар. Бірақ Сарышағанда дәл қандай зымы­ран сыналғаны белгісіз. Ал Қазақ­стан тарапы үнсіз.

Қазақстанда Ресейге жалға берілген үш полигон бар

Ашық дерек көздеріндегі мә­ліметтерге қарағанда, Қазақстан жерінде ресейлік әскерилер пай­даланып жүрген 3 полигон бар. Олар: «Сарышаған» сынақ поли­гоны, РФ Қорғаныс министр­лі­гінің 4-ші мемлекеттік орталық түраралық полигоны, РФ Қорға­ныс министрлігінің 929-шы ұшу-сынақ полигоны. Осынау поли­гондардың жалпы аумағы 8,6 млн гектарды құрайды. Соның ішінде Сарышаған полигонының аума­ғы 6,985 млн гектар болса, 4-ші по­лигон 301 мың, 929-шы по­ли­гон 1 млн 323 мың гектар жерді құрайды. Кейбір мәліметке сенсек, РФ Сарышаған үшін жылына 16 млн 275 мың доллар төлейді. Бұл дегенің – әр гектарына 2,3 дол­лардан сәл астам немесе 1000 тең­ге төлейді деген сөз. Ал 4-ші полгон үшін 702 мың 266 доллар, 929 полигон үшін 3 млн 82 мыңнан астам доллар төлейді. Сөйтіп, по­лигондар үшін жылына 20 млн доллардан астам ақы аламыз. Жалға берілген бұл сома 2012-2014 жылдарға қарағанда біршама жоғары. Ол кезде еліміздегі ре­сейлік әскерилерге жалға берілген полигондардың жалпы аумағы 11 млн гектардан асатын. Әрі ол үшін 2,2 доллар төлейтін. Теңгеге шаққанда, әр гектары үшін Мәс­кеу 348 теңге 75 тиын беріп келді. Бірақ ол кезде доллар бағасы 353 теңге еді. Содан бері полигон жер­лерінің көлемі азайғаны бай­қа­лады. Алайда бағасында көп өз­ге­ріс жоқ. Тек теңге құнызданды. Айырмашылық сол ғана. Полигон аумағының азай­ғанын айттық қой, ресейліктер 2015 жылы алдымен «Ембі» сынақ алаңын қайтарып берді. Оның аумағын 773 мың гектар еді. Одан соң Сарышаған аумағынан 1 млн 139 мың 961 гектарды қайтарды, 929 полигоннан 589 мың 210 гектар қайтарылды. Яғни, 2015 жылдан бері 2,5 млн гектардан астам жер ресейлік әскерилерден кері қайтарылған жайы бар. Ал Байқоңыр ғарыш айлағы мен одан ұшырылған зымыран қал­дықтары құлайтын аумақ басқаша есептеледі. Алайда олар да сынақ полигонының қатарына кіреді.

Сарышағанда қандай зымыран сыналды?

Әзірге Сарышағанда нақты қандай зымыранның сыналғаны белгісіз. Тек зымыранға қарсы қолданылатын зымыран ретінде аталып жүр. Әдетте ондай қаруда ядролық оқтұмсық болмайтыны айтылады. Әрі құрлықаралық баллистикалық зымыран қата­рына кірмейді. Тіпті, орта және алыс қашықтықтағы зымыран болып та есептелмейді. Бірақ бә­рі­бір бұл зымырандарда шағын көлемдегі ядролық заряд орнатуға болатынын да әскерилер мойын­дайды. Ал Ресей Қарулы күште­рінде қолданылып жүрген А-135 «Амур» кешендері 1971 жылы жасалған. «Амур» жүйе­сіндегі зы­мырандар әдетте шахтада орна­ласатын. Бірақ соңғы жылдары мобильді нұсқалары да пайда болғаны айтылып жүр. Алайда ешбір ақпарат көзінде олар кез­десе қоймады. Ал сөз басында ресейлік ма­ман айтқан 53Т6М зымыранын да мамандар шахталық нұсқа деп бағалайды. Әрі орта және қысқа қашықтыққа арналған зымы­ран­дарға қарсы қолданылады. Құр­лықаралық баллистикалық зымы­рандарды «аулауға» 51Т6МР пай­даланылады. Бірақ Сарышағанда соңғысының сынақтан өткізілгені жайлы мәлімет жоқ. Ал алғаш­қысы жылда сыналады. Атап айт­қанда, Сарышағанда бұл зымы­рандарды 2017 жылдың қараша­сында, 2018 жылдың желтоқ­санында сынады. Ресейліктер сол жылы Сарышағанда кемі 5 зы­мыран сынақтан өткенін айтады. Ал 2019 жылдың ақпан, шілде, тамызында, 2020 жылдың қаза­нын­да және қарашасында, 2021 жылдың 26 сәуірінде тағы сол Сарышағанда әлгі зымырандар сынақтан өтті. НАТО мамандары әдетте бұларды ABM-3 Gazelle деп атайды. Бұл зымырандар ресей­лік жаңа үлгідегі А235 кешеніне кіре­ді. Қысқасы, бұлардың бар­лығы Сарышағандағы зымыран шах­та­ларынан ұшырылып жатыр деген сөз. Әрі масс-медиа тарат­қан де­ректерге қарағанда, 53Т6М тек Са­рышағанда сыналатын көрінеді. Айтпақшы, бұл зымырандар қатты отынмен ұшады. Әрі зымы­ранның қатты отыны гептил тә­різді ұзақ уақыт сақтауға кел­мейтін дүние. Сондықтан 10-15 жыл тұрған зымырандарды жою қажет болады. Ресейлік әскери жур­налист Дмитрий Корнев Мәс­кеу түбіндегі шахталардағы зымы­рандардың алмастырылып жат­қанын айтады. Демек, ескі­лерін Сарышағанға әкеліп жарып жа­тыр ма, кім білсін?!

Ардақ СҰЛТАН