Алматыда Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы қаралды
Алматыда Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы қаралды
Партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Nur Otan партиясының Жол картасын іске асыру мәселелері бойынша Саяси кеңес бюросының кеңейтілген отырысын өткізді. Nur Otan партиясының Алматы қаласындағы «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында әлеуметтік, инженерлік және автомобиль көлігі инфрақұрылымы бойынша бірқатар жобалар іске асуда. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, креативті индустриялар мен әлеуметтік даму салаларында 65 тармақ орындалуда. Жүргізілген жұмыс аясында қазірдің өзінде 72 жекеменшік балабақша ашылды (жоспар бойынша - 65 балабақша), 3 920 студент ТжКБ бойынша дуальды оқумен қамтылды, №186, 187 мектептер аумағындағы балабақшалардың және тоғыз мектептердің жанындағы (№6, 121, 133, 170, 199, 144, 38, 166, 60) қосымша корпустардың құрылыстары, сондай-ақ 4 мектепте (№40, 81, 54, 45) сейсмикалық нығайту және жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, №42 және №181 мектептердегі дене шынықтыру-спорт аймақтары жаңартылды. Қаланың аулалары, саябақтары мен алаңдарына 97 «Workout» спорт құрылғылары орнатылды. Жалпы, балалардың спортпен 1 267 секцияда тегін айналысуларының мүмкіндіктері кеңейтілді. Сонымен қатар, медициналық мекемелер үшін жаңа нысандар, оның ішінде отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар салу жобаларын іске асырудың барысы қаралды. Бүгінде №6 емхана мен ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерді сейсмикалық нығайту және жөндеу жұмыстары аяқталды. Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда, мысалы, Наурызбай ауданында Алатау көшесінің Сабденов көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі 2 шақырымдық учаскесі ашылды. Төрт жолақты жол Наурызбай ауданының әкімшілік орталығын қаланың негізгі магистралімен байланыстырды. Жыл соңына дейін метроның екі бекетінің техникалық іске қосылуы жоспарлануда. Отырыс барысында өзекті мәселелер қаралды, оларды шешу үшін Б. Сағынтаев қала әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Кеңесті қорытындылаған Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы әкімі Б. Сағынтаев қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Жол картасын іске асыру арқылы алға қойылған міндеттердің уақтылы орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.