«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін бекітілген Жол картасының орындалуы бойынша бюро отырысы өтті.
Аталған жиынның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кезекті мәжілісінде бюро отырысында қарау ұсынылған Жол картасын жүзеге асыруда орындалмау қаупі бар тармақтар қаралды. Осы жұмыстар бойынша жауапты басқарма басшылары баяндама жасады. Ең алдымен, 68 тармақ бойынша Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков есеп берді. Ол басқармаға қатысты 18 іс-шараның 4-тармағы толық орындалғанын және 12-тармақта көрсетілген жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталатынын, соңғы 2-тармақ келер жылы жүзеге асырылатынын баяндады. Сондай-ақ Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков Жол картасының 70-тармағы бойынша 136 гектар құрайтын Агроиндустриалды аймақ құру және 71-тармақ бойынша 89 гектар аумаққа жыл сайын 15-20 га жылыжай салудың орындалу барысын ортаға салып, инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе жылыжай кешендерін салу жобалары іске асырылмай қалу қаупі басым екенін жеткізді. Өз кезегінде 102 және 104-тармақтардың іске асырылуы бойынша Шымкент қаласының Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов баяндама жасап, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тармақтардың жүзеге асырылу барысын сөз етті. Бюро отырысында баяндалған тармақтардың орындалуы бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, сапалы іске асырылу барысы талқыланды. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов отырыс соңында қалалық партия филиалы мен жауапты басқарма басшыларына Жол картасында көрсетілген индикаторлардың уақытылы және сапалы орындалуын тапсырды. Ол сонымен қатар орындалмай қалу қаупі бар 9 іс-шараның жұмысын және нысандарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды айтып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.Әбілмансұр ЖАСАН