Жамбылдың экономикалық өсімі екінші орында
Жамбылдың экономикалық өсімі екінші орында
214
оқылды

Жамбыл облысы экономикалық өсім бойынша екінші орында. Республикалық көрсеткіште көш бастап тұрған – Алматы облысы. Ал Әулиеатаның сегіз айдағы экономикалық өсімі 105,3 пайыз болған. Бұл жөнінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баян етті.

– Есепті кезеңде өнеркәсіп сала­сын­дағы өсім 6,2 пайызға, ауыл шаруашылы­ғы – 1,0 пайызға, құрылыс – 11,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 6,0 пайызға, инвестиция көлемі – 20,2 па­йызға, сауда 4,4 пайызға артып отыр. Кө­лік саласында да көрсеткіш өткен жыл­дың тиісті деңгейімен салыстырғанда 4,5 пайызға өскен. Сондай-ақ халықтың жан басына шақ­қандағы номиналды ақшалай табысы биылғы бірінші тоқсанда 89,4 мың теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға көбейді. Ал орташа айлық жалақы екінші тоқсан бойынша 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өсті, – деді Г.Жауынбекова. Ал Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев бірінші қыр­күйек­тегі жағдай бойынша облыс бюдже­тінің кірістері 296,7 миллиард теңгеге не­месе 104,8 пайызға орындалғанын мә­лімдеді. Сонымен қатар меншікті кі­рістер 64,7 миллиард теңге немесе 126,7 пайызды межелеген. Бұл облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде 3-орынды көрсетіп тұр. – Меншікті кірістер жоспары жер­гі­лікті бюджеттердің барлығында арты­ғымен орындалды. Облыс бойынша бюд­­жеттік қаражаттар 299,9 миллиард теңгеге немесе 99,7 пайызға игерілді. Бұл – об­лыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішіндегі 2-көрсет­кіш, – дейді басқарма басшысы. Мұндай жағымды жаңалыққа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та оң бағасын беріп отыр. Алайда аймақ басшысы қар­қынды бәсеңдетпеуді ескертуде. – Сегіз айдың қорытындысы бойын­ша нәтиже жаман емес. Жалпы, эконо­микалық өсім бойынша республикада екінші орындамыз. Дегенмен біз облыс­тың әлеуетін әлі де толығымен пайдалана алмай отырмыз. Тоғыз айдың және жыл­дық қорытындымен де барлық көрсеткіш бойынша республикалық мәннен төмен болмауымыз керек. Ол үшін жұмысты күнделікті бақылап, саралап отыры­ңыз­дар. Қаржы толығымен игерілуі тиіс, – деді Бердібек Машбекұлы облыс әкім­дігінде өткен аппараттық жиында. Бұл басқосуда коронавирус індетіне қатысты мәселелер де күн тәртібіне кө­те­рілді. Әсіресе, бүгінгі таңға дейін 146 мек­теп оқушысының кесел жұқтырғаны ту­ралы ақпарат жиылғандарды елең еткізді. – Бүгінде дейін облыста 19 480 адам ко­ронавирусқа шалдықты. Олардың 94,2 пайызы сауығып шығып отыр. Соңғы тәулікте 55 адам ауырды. Қазір 1 135 нау­қас ем қабылдауда, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев. Бердібек Машбекұлы өңір «жасыл» аймаққа өтті деп босаңсуға болмайтынын қатаң ескертті. – Мұндай жағдайда дезинфекциялық шараларды күшейту маңызды. Мек­теп­тердегі санитарлық талаптардың сақта­луына да айрықша ден қойыңыздар. Ай­дың соңына дейін екпе алған тұр­ғындардың санын 90 пайызға жеткізуге тиіспіз. Сол бойынша жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі. Әрине, сақтық шараларын күшейткен жөн. Себебі жағдай қайта күрделене түсетін болса, Қордай мен Меркі аудан­дарынан қосымша оттегі стансаларын ашу мәселесі туындап отыр. Сондықтан жауаптылар өз жұмысына жауапкер­ші­лікпен қарайды деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы