Биыл елімізде үшінші кезекті ұлттық халық санағы жүріп жатыр. Осы жылдың 1 қыркүйегінде басталған науқанға Қызылорда облысынан 350 мыңға жуық тұрғын қатысып, респонденттер онлайн санақтан өткен.
Биылғы халық санағы пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта өтіп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, санақтан өту барысында азамат өзімен бірге отбасы мүшелері үшін де санақ парақшасын толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп, отбасы мүшелерін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы, Қызылорда облысы әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесіне 7 аудан, 4 қала, 2 кент, 142 ауылдық округ және 230 елді мекен кіреді. Бүгінде барлық қала, аудандардағы көшелердің атауын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. 1-30 маусым аралығында сұхбатшылар тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап, санақ объектілері туралы мәліметтерді планшет құрылғысын пайдаланып электронды базаға енгізді. Санақты жүргізуге қажетті қала, аудандарда бөлінген санақ бөлімдері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, оларға мектеп ішінен кабинеттер уақытша бөлініпті. Бір ғана Қызылорда қаласының өзіндегі 10 санақ учаскесі ашылып, санақшыларға жағдай жасалыпты. Халық санағының I кезеңін өткізу үшін 42 нұсқаушы, 24 нұсқаушы-бақылаушы және 166 сұхбатшы уақытша жұмысқа қабылданып, оқыту жұмыстары жүргізілген екен. Ұлттық санақтың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Бұл кезеңге арналған sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болады дейді облыстық Статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева. Ал ІІ кезең дәстүрлі жаппай сауалнама түрінде биыл 1-30 қазан аралығында тұрғындармен электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізілмек. Екінші кезеңді өткізу үшін де 1 105 адам уақытша жұмысқа тартылмақ. Оның ішінде 139 нұсқаушы-бақылаушы 24 қыркүйек пен 7 қараша аралығында, 966 сұхбатшы 1-30 қазан ақылы еңбекпен қамтылады. Бір жақсысы, уақытша жұмысқа қабылданатындар облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұмыссыз ретінде тіркелген, планшетпен жұмыс істей алатын адамдар арасынан таңдалып алынады екен.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы