Тұтынушы құқығын кім қорғайды?
Тұтынушы құқығын кім қорғайды?
380
оқылды

Бүгінде тұтынушыны ерінбегеннің бәрі алдайды. Тара­зыдан жейді, сапасыз тауарын тықпалайды, улайды, қор­лайды, күш қолданады. Байғұс тұтынушыны құзырлы орган­дар да қорғамайды: полицейлер ұсақ-түйек санап, шағы­мын қабылдамайды, қабылдаса, тергеу жүргізбей, мате­риалдарды архивке өткізе салады. Тұтынушы құқығын қор­ғауға жауапты комитет те көмекке келмейді, өйткені оның құзыры жоқ. Тұйықтан қалай шықпақ керек?

Тұтынушыны алдау сәнге айналды

Өмірден алынған қарапайым ғана мысал. Павлодар тұрғыны Рус­лан Д. қалада танымал Fast-food же­­­­лісінің көшедегі павильонынан 2 шауырма сатып алады. Бұрыш-қуыс­­та құжатсыз, заңсыз ашыла салған беймәлім дүңгіршек емес, заманауи безендірілген, өркениетті қалыптағы сауда орны. Сөйтсе, сырт­қы кейпі алдамшы болып шыққан.
«Банктің ұялы қосымшасы арқылы ақысын төледім. Үйге ке­ліп, үлкен тәбетпен шауырмаға ауыз салғаным сол, лоқсып құса жаздадым. Өнім бұзылып кетіпті. Дереу оларды кері қайтарып, ақ­шам­ды беруді талап еттім. Олар сол жерде қайтарудан бас тартты: «кар­тамен есептестіңіз, сондықтан қар­жыңыз картаңызға тек үш күн ішінде қайтады» деп шығарып сал­ды», – дейді Руслан. Алайда қар­жы сол бойы түспеген.
Саналы тұтынушы ретінде ол тұтынушы құқығын қорғауға жа­уапты орган – Сауда және инте­гра­ция министрлігіне (СИМ) өтініш жазып, жеуге жарамсыз, денсау­лық­қа зиян өнім сататын аталған жылдам тамақтандыру желісін тек­серуді және қаржысын қайтаруға көмектесуді сұрайды. Сонда СИМ не деген? Бұл мәселе құзырына кірмейтінін, оған СЭС органдары жауап беретінін алға тартып, ДСМ-нің Санитариялық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылау комитетіне жүгі­нуге жол сілтей салған. СЭС тексерушілері бұрындары ондай фактіге дереу ден қойып, биз­нес нысанының шаңдағын қа­ғуға шұғыл аттанатын. Қазір олай емес көрінеді. ДСМ комитеті 2020 жылы енгізілген 3 жылдық морато­рийге сәйкес, бүгінде шағын кәсіп­керлік нысанын барып тексеруге және профилактикалық бақылау жасауға тыйым салынғанын мәлім­деген.
Елорда тұрғыны Қанат Ысқақов аса ірі бөлшек сауда желісінің тір­лігінен түңіліпті: «Торт сатып алу үшін Magnum дүкеніне кірдім. Таңдағанымды алып, ақысын тө­леп, кетіп бара жатқанда чекке кө­зім түсті. Сонда ғана алдап соққа­нын түсіндім: сөреде торттың ақыр­ғы құны 1 787 теңге деп көрсетілген, ал кассада 2 037 теңгеге сатыпты. Кассирге қайта оралып, қателікті шұқып көрсеттім. Ол әлдеқайда қоңырау шалды, алайда ар жақтан ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Кассир қайта-қайта теріп, ұзақ тұрды. Алдап алған сомасы сонша­ма күтуге тұрмайтындықтан, амал­сыз кетіп қалдым», – дейді ол. Алайда артынша өз ісіне өкі­ніпті: дүкен бір өнім арқылы өзін екі рет алдап соққанын білген. Тәтті өнімді өндіруші өз жапсырмасында оның салмағы 0,55 келі тартатынын көрсетіпті, ал оның үстінен дүкен жапсырған бағада 0,610 келі деп жазылған екен. Қ.Ысқақов дүкен­дерде сөредегі баға мен кассадағы баға өзара үйлеспейтініне шағым­данады: «Тауар сөреден кассаға жет­кенше тағы қымбаттайды. Бұл деген алаяқтық қой! Осы сала ба­қылаусыз, бетімен жіберілді», – дейді ол.
Заңға сәйкес, сатушы тауарды сөредегі бағамен сатуға міндетті. Бі­­­рақ тұтынушылардың көбі осы құ­қы­ғын пайдалануда табандылық та­ныта бермейді. Ал танытқандарын әкім­шілер көбіне күзетшіні шақы­рып, күштеп қуып тастауға бейім тұрады. Тұтынушылар құқығы өзге са­ла­ларда да аяққа тапталады. Нұр-Сұлтан тұрғыны Гауһар А. «Қазақ­телекомның» тірлігіне наразы. Ол телекоммуникациялық алпауытқа біраздан әлденеше рет хабарласып, қызметтен ағытуды сұрапты. «Қа­зақтелеком» күні ертеңмен уақыт созған. Клиент амалсыз жабдық­тарды өзі жұлып алып, компания­ның Әуезов көшесіндегі кеңсесіне алып барады.
«Биылғы 28 шілдеде қызмет көрсетуді тоқтатуды сұрап, өтініш бердім. Содан бері ешкім қоңырау да шалған жоқ, мәселені де шеш­педі. Оның орнына қызметіне ақы төлеуді талап етіп, ай сайын төлем түбіртегін жіберіп тұрды. Кеңсесіне барсам, ұзын-сонар кезек, мен сияқ­­­­тылар көп екен. Бұл ұйыммен жолымыз енді түйіспейді деген үміт­темін», – деп ашынады Гауһар А.
Тере берсе, тұтынушылық құқығы бұзылған жандар көп.

Тұтынушыға арналған тетіктер тиімсіз

2020 жылы өзге барлық мемор­ган тұтынушылардан түскен 48 876 шағымды қараған. Оның ішінде орталық меморгандарға – 45 430, жергілікті атқарушы органдарға 3 446 өтініш жолданыпты. Бұдан бөлек, СИМ Тұтынушылар құқы­ғын қорғау комитетіне былтыр 20 919 тұтынушы арызбен жүгінді. Бұл лектің тыйылар түрі байқалмайды: 2021 жылдың 6 айында комитетке 8 мыңға жуық өтініш түсті, оның 2 836-сы қанағаттандырылған. 4 592 өтініш бойынша жай түсініктеме берумен шектелген. Қалғанынан бас тартқан. Яғни, алданған тұты­нушылар басым көпшілігінде тілек-мақсатына жетпейтіні аңғарылады. Комитет былтыр елдің бүкіл өңі­рін қамтыған ауқымды әлеу­меттік сауалнама жүргізді. Оның бары­сын­да әр салада көрсетілетін қызмет­терге тұтынушылардың қан­ша­лықты көңілі толатыны бағам­дал­ған, проблемалы секторлар анық­талған. Сонымен, біріншіден, сұ­рал­ғандардың көпшілігі – 45,9%-ы елдегі медициналық қызметтерге қа­тысты сын айтты. Ковид-сырқат­тардың өзі үйінде емделуге, дәріні өзі сатып алуға мәжбүр. Емханаларда сала дәрігерлері жаппай тапшы болғандықтан, тіпті медсақтан­дырылғандарға ақылы клиникаларда емделуге тура келіп отыр. Ал бір­жолғы зейнетақы төле­мі есебінен кейбір жеке стоматолог салатын пломба ертесіне түсіп қалады екен. Екіншіден, Қазақстан халқы­ның үлкен бөлігіне – 43,2%-ына көлік қызметтерінің сапасы ұна­майды. Үшіншіден, респондент­тер­дің 41,6%-ы білім беру қызмет­те­ріне, төртіншіден, 36%-ы байланыс қызметтеріне қанағаттанбайды. Қазір Қылмыстық кодексте тұ­тынушы құқығын қорғайтын бірде-бір бап жоқ. Барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі 190-баппен ғана шектелген. Бұл тетіктің пәрменді жұмыс істеп тұр­ғаны шамалы. Мысалы, тұты­нушы­лардың ондаған мың арыз-шағымы негізінде 2020 жылы Әкімшілік кодекс бойынша бар-жоғы 18, ал 2021 жылдың 5 айында – небәрі 18 әкімшілік іс тіркеліпті. Өйткені заңнамадағы тұтынушы құқығын қорғайтын баптар негізінен дек­ларативті сипатта, жазалаушы құралдары жоқ.
«Тұтынушы туралы заңда көр­сетілген сатушыға, өндірушіге және орындаушыға қойылатын міндеттер мен талаптар негізінде Әкімшілік кодексте қорғаушы және алдын алушы нормалар көзделмеген. Сон­дай-ақ кодекстің 190-бабының бесінші бөлігінде қарастырылған санкция да өте тиімсіз. Салдарынан тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнамалық актіде көздел­ген міндеттер үнемі сақталмайды, талаптар тұрақты түрде бұзыла­ды», – деп мәлім етті СИМ Тұтыну­шылар құқығын қорғау комитеті.
Әлеуметтік зерттеу барысында қазақстандықтың көбі – 36% елдегі тұтынушы құқығын қорғаудың қа­зіргі жағдайына «3» деген баға қо­йыпты. «5» деген бағаны 28%-ы таңдаған. 20%-ы «2»-ге бағалады. 16%-ы баға беруден бас тартқан. Сауалнама қорытындысы көрсет­кен­дей, азаматтардың басым көп­ші­лігі – 71%-ы бір жыл ішінде тұтынушылық құқығының бұзыл­ғанын айтқан. 29%-ы ғана мұндайға жолықпапты.

Клиентті ардақтағаннан айыппұл төлеуге бейім

Бұлай бара берсе, халықтың ден­саулығынан дым қалмауы, сапа­сыз өнімдер мен қызметтер бұқара тұрмысының одан ары құлдырауына соқтыруы мүмкін. Ал компаниялар мен өндірушілердің арсыздығынан ашынған халық бұған әрекетсіз отырған билікті айыптауы ықтимал. Сондықтан әлеуметттік кернеу­дің өршуіне жол бермеу үшін Бақыт Сұлтановтың ұжымы Әкімшілік ко­декстің 190, 685 және 715-бапт­а­ры­на өзгерістер енгізетін жаңа заң жо­басын қоғамдық талқылауға шы­ғар­ды. Заң қабылданса, ІІМ-нің құ­зы­рының бір бөлігі СИМ-ге берілмек.
«Қоғамдық бірлестіктер тұты­нушы құқығын қорғаудың тиімді­лігін арттыру үшін осы саладағы уәкілетті органға көбірек тетіктер бере отырып, Әкімшілік кодекстің кейбір бабын қараудың ведом­ство­лық бағыныштылығын өзгертуді ұсынады. Өйткені қылмыстық іс­тер­мен шектен тыс жүктелген ішкі істер органдары Әкімшілік ко­декстің 190-бабының бірінші бөлігі бойынша мәселелерді «қалдық қа­ғидаты» бойынша, яғни қолы тисе қарайды. Бұған тұтынушылар да, салалық қоғамдық ұйымдар да шағымдануда», – деп түсініктеме берді Тұтынушылар құқығын қор­ғау комитеті.
Осыған байланысты жаңа заң жобасында таразыдан жегені, ұзын­дығын кем өлшегені, артық төлен­ген ақшаны қайтармағаны, тауар мен қызметтің сапасы, қасиеті ту­ра­лы жалған мәлімет беріп, жа­ңылыстырғаны немесе басқа да жолмен тұтынушыны алдағаны үшін кәсіпкерлік нысандары мен ұйымдарды әкімшілік жазаға тарту тетігін Ішкі істер министрлігінен алып, аталған комитетке тапсыру ұсынылады. Бұл – бірқатар дамыған елдің, АҚШ-тың, Мексиканың тәжіри­бесі. Посткеңестік кеңістікте Мол­довада бар. Бұған қоса, Әкімшілік кодекстің 190-бабындағы жаза түрлері тым жеңіл деп танылды, олар жаңа жо­бада күшейтілуі тиіс. Атап айтқанда, 190-бапқа сәйкес, егер бизнес ны­сандары не ұйымдар қандай да бір тәсілмен клиентін алдаса жеке тұл­ғаларға – 10, шағын кәсіпкерге – 20, орта кәсіпкерге – 30, ірі кәсіп­керлік нысанына 50 АЕК (145 850 теңге) көлемінде ғана мардымсыз айыппұл салынады. Нәтижесінде, оларға алаяқтық жасап, қосымша миллиондаған, миллиардтаған та­быс тауып, одан 145 мың теңге айып­пұл төлей салған әлдеқайда тиімді болып тұр. Әрине, заң бо­йынша егер әкімшілік жаза қолда­нылғаннан кейін 1 жыл ішінде осы әрекетін қайталап жасаса, лицен­зиясынан айырылуы не қызметі 3 жылға дейін тоқтатылуы мүмкін. Бірақ бұл тетік негізінен қолда­ныл­майды. Соттар көбіне қайталай айып­пұл салумен (ірі кәсіпкерлік­ке – 100 АЕК немесе 291 мың тең­гедей) шектеледі. Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің болжамынша, жаңа заң ондағы барлық тетігімен бірге өмірге жолдама алса, онда тұты­ну­шы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі заң қабылданғаннан кейін бір жыл өт­кенде – 74,7%-ға, 2 жылда – 77,3%-ға, 3 жылда – 80%-ға, 4 жылда – 82%-ға, ал 5 жылда 84%-ға дейін жоғарыламақ. Әзірге 2020 жыл қо­ры­тындысында бұл көрсеткіш 67,5%-дан аспайтын көрінеді.

Айхан ШӘРІП