«Көшедегі электр сымы үзіліп, үйіміз өртеніп кетті» – үш отбасының жанайқайы
«Көшедегі электр сымы үзіліп, үйіміз өртеніп кетті» – үш отбасының жанайқайы
Фото: twitter.com
374
оқылды

Үйінен айырылғандар туыстары мен таныстарының үйін жағалауға мәжбүр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Олар жергілікті биліктен қыстап шығар баспана мен қаржылай көмек сұрап отыр. Ақтөбе қаласының тұрғыны Татьяна Сляднева: «Баратын жеріміз қалмады. Қыс болса тақап қалды. Біздің жағдайымызды кім ойлайды? Ештеңеміз қалған жоқ. Балаларды қалай асыраймыз? Электр сымының кесірінен өрт шықты. Біздің үйіміздің емес, көшеде салбырап тұрған сым ғой», – дейді. Жапсарлас салынған үш үйдің қабырғасынан басқа түгі қалмаған. Бағанадағы электр сымы үзіліп, от содан тұтатыныпты. Тұрғындар электр энергиясына жауапты компанияға салбырап тұрған сымды ауыстыру туралы бірнеше рет арызданған. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған. Енді баспанасынан айырылғандар оларды сотқа береміз деп отыр. Өртке қатысты қылмыстық іс те қозғалған. «Кінәлілер тек сараптамадан соң анықталады», – дейді тәртіп сақшылары. Ал әкімдіктегілер тілсіз жаудан зардап шеккен үш отбасының әрбіріне 100 мың теңгеден жәрдемақы ғана береміз дейді. Қыстап шығуға пәтер қарастыру үшін демеушілер мен еріктілердің көмегіне жүгінетінін айтады. Себебі, қазынадан ол үшін қаржы қарастырылмапты.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров: «Бұл жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бюджеттен  ақша қарастырылмаған. Өрттен зардап шеккен отбасыларға аудан әкімдерін тартып, қоғам белсенділері арқылы қаржы жинап қолдау көрсетеміз», – деді.