Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салу қарастырылып жатыр. Иммунологтар мен вирусологтар оны жасаудың аса маңызды екенін айтады. Ревакцинация не үшін қажет? Оны кімдерге салады? Мемлекетке келетін шығын қанша болмақ?
Бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін алғаш алғандарға жарты айдан асты. Ендігі жерде вакцинаны әр алты ай сайын және өмір бойы алу керектігі туралы айтыла бастады. Жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Атығаеваның айтуынша, ревакцинация жас категориясына қарай әртүрлі уақытта салынуы мүмкін. Екіншіден, екпенің қайталап салдырудың қажеттілігін ағзадағы антидене санына қарай белгілі болады. Мәселен, антидене саны бірден төмен адамдарға ревакцинация қажет болуы әбден мүмкін.Ревакцинацияда екпе түрін өзгертуге болады
Вакцина алғаннан кейін алты ай сайын ревакцинация жүргізілуі керек. Бұл жаңа шыққан штамдарға иммунитетті әрдайым көтеріп отыруға мүмкіндік береді. Өйткені қазір коронавирус түсін өзгертіп жатыр, сол үшін жаңа штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасаудың маңызы зор. Тіпті, антиденелер болған күннің өзінде өмір бойы ревакцинация жүргізіп отыру қажет болады. Осылай деген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жазира Астаева, егер бірінші және екінші вакцина «Спутник V» болса, бірақ ревакцинацияны алты айдан асырып қайта салдырғанда екпе түрін өзгертуге болатынын айтады. Бірақ бірінші салдырған екпені басқамен ауыстыруға болмайды. Өйткені әр вакцинаның құрамы, жасалу жолы әртүрлі болғандықтан организмге әсер етуі де өзгеше болады. Ал вирусолог-дәрігерлер вакцинаны өмір бойы алу міндетті болатыны туралы тап басып ештеңе айта алмайды. Өйткені екпенің үшінші дозасын алу не алмау туралы ортақ пікірге дүниежүзіндегі ғалымдардың өзі келе алмай отыр. Жартысы екпе вакцинаның үшінші компоненті түрінде егілуі керек десе, тағы бір топ әр адамға ағзасындағы антидене санына қарай вакцина тағайындау керек деген ұстанымды алға тартады.Антидене саны бес есе көбейген
Еске салсақ, вакцинаның үшінші дозасын салу туралы мәселені Pfizer және BioNTech компаниялары көтерген еді. Қазір екпенің үшінші дозасын салдыруды қолға алып жатқан елдер де бар. Мәселен, Израильде 60 жастан асқандарға Pfizer-дің үшінші компоненті салына бастады. Осы елдің премьер-министрі Нафтали Беннеттің айтуына қарағанда, соңғы бес айда вакцинаның екі компонентін алғандар да тамыздан бастап ревакцинацияға өтініш бере бастапты. Қазірдің өзінде үшінші дозаны салдыруға өз беттерінше келіп жатқандар жетерлік. Pfizer және BioNTech компанияларының өкілдері ревакцинация адам ағзасындағы антидене санын көбейту үшін қажет екенін айтып келеді. Олардың айтуынша,18-55 жастағы адамдарды сынаққа қатыстыру барысында ғалымдар антидене саны бес есе көбейген. Екпені жасап шыққан мамандар үшінші дозаны 6-8 айдың көлемінде салу керегін кеңес етеді. Қазір компания өкілдері мен ғалымдар екпенің жаңартылған түрімен жұмыс істеп жатыр.Үшінші дозаны салдырудың қажеті жоқ
Ал АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы және тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы COVID-19-ға қарсы вакцинаны толық салдырған адамдарға үшінші дозаны салдырудың қажеті жоғын айтады. Олардың ойынша, алдыңғы салдырған екпелер аурудың асқынуы мен өлім жағдайларынан онсыз да қорғай алады. Бірақ басқарма өкілдері алдыңғы екі дозаның күшін арттыру үшін салдырамын дегендерге ешқандай қарсылық жоғын жеткізген. Егер ревакцинацияның қажеттілігі, яғни антидене санын арттыруға көмектесіп жатқаны ғылыми түрде дәлелденсе, үшінші компонентті ойланбай салу мәселесін қарастыратындарын атап өтті. Вакцинаның бустерлік түріне де ғалымдар сынақ жасап жатыр. Тіпті, бүгіннің өзінде Moderna компаниясы тәжірибе жүргізіп, қатысушыларда иммундық жүйенің әлдеқайда жақсарғаны анықталыпты. Бұл туралы компанияның өкілдері жаһанға жар салып та қойған болатын. Тәжірибеге қатысушылар бустерлік компонентті коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасынан кейін 6-8 ай аралығында салдырып, сынаққа өз еріктерімен қатысқан. Мамандардың сөзіне сенсек, вакцинаның тағы бір компонентін салғаннан кейін антидене көбейіп, иммундық жауап қалыптасқаннан бөлек, Pfizer және BioNTech-тің үшінші дозасы коронавирус штамдарынан қорғауы мүмкін. Әйтсе де, бұл ақпаратты ғалымдар ғылыми негізде жарияламай отыр.Аллергиялық реакция болғандар жоқ
Америкалық ғалымдардың мәлімдеуінше, ревакцинация иммунитеті төмен адамдарға, оның ішінде, қандай да бір ағзасын ауыстырғаннан кейін иммуносупрессорларды қабылдайтындар үшін аса қажет. Джонс Хопкинс атындағы университет мамандары жүргізген тәжірибеге Johnson & Johnson, Moderna немесе Pfizer/BioNTech вакциналарының екі дозасын салдырған 30 адам иммуносупрессорларды қабылдаған. Олардың орташа жасы – 57. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, антидене аз және жеткілікті болған қатысушылардың иммундық жауабы артыпты. Сондай-ақ қатысушылар арасында вакцинаның үшінші дозасын алғаннан кейін бір аптадан соң кері әсері туралы айтқандар да болыпты. Дегенмен қарсы реакция жеңіл өткен. Әдеттегідей бірі қолы ауырсынғанын, тағы бірі басы ауырғанын айтқан. Бірақ дене қызуы көтеріліп, аллергиялық реакция болғандар жоқ. Жақында көрші Ресейде де коронавирусты қайта вакцинациялау бойынша Денсаулық сақтау министрі ұсыныс тастаған еді. Министрдің сөзінше, аурудың жоғарылауы кезінде мұны алты айда бір рет, тыныш уақытта – жылына бір рет жасап тұрса артығы жоқ. «Үндістанның коронавирус штамы жұқпалы. Сол үшін андиденелерді көбейту үшін алты ай сайын екпе алу керек. Өйткені статистикалық тұрғыдан адамдардың антиденелерін күн сайын тексерудің қажеті жоқ. Сол үшін ревакцинация бойынша белгіленген мерзімде әр адам өздері келіп екпе алғаны дұрыс. Ал біздің Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қазан айынан бастап ревакцинация жоспарланғанын айтты. Қазір Үкімет бұл процедураның тәсілдерін анықтап жатыр. Ревакцинацияның екі түрі болады. Шұғыл, ұжымдық иммунитетті алу үшін, халықтың 60-70%-ы вакцинациялануы қажет. Екіншісі, жылына бір рет жасалатын жоспарлы вакцинация. Біздің елде екпе ақпан айынан бастап егіле бастаған болатын. Сондықтан вакцинацияланғандардың негізгі бөлігінде антиденелер әлі де жоғары. Сондықтан ревакцинация екінші дозаны алғаннан бері 9 айдан кейін жоспарланған. Келесі айдан бастап халық жаппай ревакцинация салдыруға келісім берсе, мемлекетке келетін шығын қандай болатынын сұрап білген едік. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы әлі де нақты шешім қарастырылмағанын жеткізді.Жадыра МҮСІЛІМ