Жарақаты жарты жолдан қайтарды
Жарақаты жарты жолдан қайтарды
163
оқылды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанау­шы, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсын­баева спорттық мансабын аяқтады. Денис Теннен кейін ел тарихында аз уақыт ішінде мәнерлеп сырғанаудан тарихи жетістіктерге қол жеткізген 21 жастағы спортшының спорттағы ғұмыры қысқа болды.

Элизабет Instagram-дағы жеке парақ­шасында мансабын аяқтауға арқасынан алған жарақаты себеп болғанын айтып, алдағы мақсат-жоспарларымен бөлісті.
– Құрметті жанкүйерлер, мен кәсіби спортшы ретіндегі карьерамды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл жаңалықты сіздермен бөлісу мен үшін оңайға түспеді. Біраз жылдан бері арқам­ның ауыратынын көпшілігіңіз жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, бұл жарақат толыққанды жаттығу жасауыма кедергі келтіріп жүрді. Спорттағы мансабым аяқталғанымен, өмірімде жаңа кезең басталатын болады. Қазір Қазақстанда жүрмін. Жыл соңына дейін осында балаларға өз білген-түйгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін. Оларға қолдау көрсе­темін. Әрдайым еліміздегі мәнер­леп сырғанау спортын дамытуға үлес қосқым келетін. Енді сол мүмкіндікті жүзеге асыратын кез келді, – дейді Тұрсынбаева.
Спортшы осы жылдар ішінде өзіне қолдау көрсеткен, материал­дық және басқа да көмегін аямаған жандардың барлығына алғысын білдірді. Оның ішінде әкесінің Байтақ Тұрсынбаевтың туып-өскен жері Қызылорда облысының әкімдігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне, Мәдениет және спорт министрлігіне рақмет айтты. Сонымен қатар бапкері Этери Тутберидзе мен оның штабын­дағы мамандардың еңбегін жоғары бағалады.
– Халықаралық аренадағы алғашқы жарысыма 2011 жылы қатыстым. Содан бері 10 жыл өтіпті. 50-ден астам әлемдік деңгейдегі бәсекелерде өнер көрсеттім. Оның ішінде қысқы Азия ойындары, Жасөспірімдер арасындағы олимпиада, Қысқы универсиада, Әлем біріншілігі, олимпиада және басқа да халық­аралық турнирлер бар. Осы жарыстардан 39 медаль жеңіп алдым, – дейді қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы.
Элизабет Тұрсынбаева бұл спорт түрімен 16 жылдан бері айналысып келді. Осы жыл­дардың ішінде өзі айтқандай 39 халықаралық доданың жүлдесіне қол жеткізді, оның 17-сі алтын. 2014, 2015 және 2016 жылдары ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы жаңа маусымды АҚШ-та бастап, сол елдегі U.S. Classic турниріне қатысып, екінші орын алды. Бұл спортшының ересектер ара­сындағы алғашқы халықаралық жарысы болатын. Содан кейін Тұрсынбаева түрлі Гран-при кезеңінде, челленджерлерде бақ сынап жүрді. Сәт сайын медаль да еншіледі. Сол жылы алғаш рет Әлем чемпионатына қатысып, 12-орын алды. Элизабет үшін алғашқы үлкен сынақ 2017 жылғы қысқы Азия ойындары болды. Ол бұл жарыста қола медальді қанағат тұтты. 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 18 жастағы отандасымыз 12-орыннан көрінді. Тұрсынбаева Э. Қазақстандық саңлақтың спорттық мансабындағы ең жемісті жыл 2019 жыл болды. Сол жылы жапониялық Сайтамада Әлем чемпионаты өтті. Оған дейін Элизабет Әлем біріншілігіне үш рет қатысып, жүлделі орын­дарға жақындай алмай жүрген еді. Ал Сайтамада қазақстандық спортшы екі түрлі жетістікпен дараланды. Еркін бағдарламада төрттік секіруді (сальхов) орындады. Осылайша, ол тарихта мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы ресми жарыстарда мұндай жаттығуды орындаған алғашқы спортшы атанды. Оның бұл өнерін қазылар да жоғары бағалап, күміс медальді спорт­шымыздың мойнына тақты. Соның арқасында ол әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық ретінде танылды. Сол жылы отандасымыз Төрт құрлық чемпионаты мен Қысқы универсиаданың да күміс жүлдегері атанды. 2019-2020 жылғы маусымнан бастап Элизабет көп жарыстан шет қалды. Себебі спортшының арқасы ауырып, толыққанды жаттығуға да қатыса алмай қалды. Тұрсынбаева Ресейге барып тексерілгенде мамандар оның тірек-қозғалыс аппараты жарақат­танғанын анықтады. Жанкүйерлер Тұрсынбаева мұз айдынына оралады деп күтіп жүрген. Оның үстіне, Бейжін Олимпиадасы да жақындап қалды. Алайда күні кеше спортшы карьерасын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді. Мәнерлеп сырғанауға өмірінің 16 жылын арнаған Элизабет енді бұл спортты елде дамыту үшін жұмыс істемек. Бұл жөнінде спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев та хабарлады.
– Бізге қолдау білдірген Қызылорда облысы әкімдігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне үлкен риза­шылығы­мызды білдіреміз. Сондай-ақ Элизабеттің жоғары табыстарға қол жеткізуіне үлкен үлес қосқан азаматтарға алғы­сымыз­ды айтқымыз келеді, – дейді спортшы­ның әкесі.
Ал спорт журналисі Руслан Меделбек әлеуметтік желідегі жазбасында «Енді Қазақстан біраз жыл мәнерлеп сырғанау жарыстарынан жүлде алмайды-ау. Лизаның орнын басатын спортшы тәрбиелеп үлгермедік. Қазақстанда қысқы спортта бір лидер кетсе, оның орнын басатын ізбасарлар жоқ» деп жазып, Элизабеттің ары қарай жаттық­тырушылыққа бет бұрса деген тілегін жеткізді. 2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен, талай әлемдік сындарда үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, елдің мәртебесін асқақ­татқан Элизабеттің есімі отандық спорт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Біз де Төрт құрлық чемпионатында, Азия ойындарында, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, Халықаралық универсиадада жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшы­мыздың ендігі кезекте жаттықтырушы ретінде өз ізбасарын тәрбиелеп, шәкіртімен олимп шыңын бағындыруын тілейміз.

Абылайхан ЖҰМАШ