Атыраудың бас имамы мешіттің төрт көлігін сатып жіберген бе?

Атыраудың бас имамы мешіттің төрт көлігін сатып жіберген бе?

Әлеуметтік желіде осындай ақпарат таралып, көпшілікті күмәнді ойға жетеледі. Жазбада аймақтың имамы мешітке тиесілі қызметтік пәтерді менсінбей, орталықтан үй жалдап тұратыны айтылған. Ал бір емес, 4 көлікті сатқан қаржының құмда ізі, сайда саны қалмай ма деп сауал тастаған. Аймақтың бас имамы қайда? Ол не дейді? Оны AstanaTV-ның тілшісі анықтап көрді.

Телеарнаның мәліметінше, 40 жастағы Алтынбек Ұтысханның аймақ бас имамы қызметіне тағайындалғанына екі жыл болған. Соңғы кезде оған қатысты әлеуметті әртүрлі ойға жетелеген жазбалар желіде талқыланып жатыр. Қазірдің өзінде Иманғали мешітіне тиесілі төрт автомашинасы: Ford Mondeo, Prado джип көлігі, жолаушылар таситын Газель және қорабы тентпен жабылған Газель сатылып кетті. Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр. Алтынбек Ұтысханның қандай және қанша сомаға үй сатып алатыны белгісіз. Оған мешіт мүлкінің сатылымынан түскен ақшасы жетпеуі мүмкін. Анық-қанығын білмек болған тілші мешітке барған. Бірақ бас имам қалада жоқ екен. Денсаулығына байланысты астанаға кетіпті. Ал қызметтік көлігі орнында. Наиб имамның айтуынша, мешітке тиесілі 4 көліктің  сатылып кеткені рас болып шықты.
Атырау қаласы Иманғали мешітінің наиб имамы Арман Исаев: «Сатты деген көліктер, олар - әбден тозығы жеткен көліктер. Былтыр 2020 жылы сатылды. Барлығы құны 11 млн.-дай болды. Былтыр 6 имамымызға қызметтік пәтер дайындағанбыз, солардың шаруашылығына және мешіттерге бейнекамералар орнатылған, соларға және ішкі коммуналдық шығындарға сол қаржылар жұмсалды», – дейді.
Қаладағы қымбат мөлтекаудандарының бірінен бас имамға арналып, қызметтік 4 бөлмелі пәтер сатып алынған. 4 көліктің бірінен түскен 9 млн. теңгеге өңір кәсіпкерінің бірі ақша қосқан. Оны телефонмен берген сұхбатында Алтынбек Ұтысханның өзі айтты. Айтуынша, бұған дейін орталық мешітке тиесілі қызметтік пәтер болмаған.

Атырау қаласы Иманғали мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысхан: «Басқа адам келген кезде пәтер мәселесімен басы ауырып жүрмеу керек. Ол мешіттің қызметтік үйі болу керек. Ол жерде ремонт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны Алла қаласа, құжаттарын көрсете аламын. Бұл жала деп есептеймін. Ол жерде айтылған мәселеге нақты дәлелдермен келтіріп біз айта аламыз. Оның барлығы заңды тұрғыда бар», – дейді.

Астына мініп жүрген жол толғамайтын көлігін облыстың бұрынғы әкімі мешітке сыйға тартқанын жеткізді. «Бас мүфти бастаған делегацияның Атырау сапарына да, мешіттен бір тиын шығын шықпады», – дейді бас имам. Жұмсалған 2 млн. 400 мың теңгені де аймақтағы кәсіпкерлер берген.

Әлеуметтің жазбадағы ақпараттарына қатысты мешіт заңгерлері қазір жұмысты бастап кеткен. Олар жалған ақпарат таратқан авторды іздестіріп жатыр. Табылған жағдайда құзырлы органдарға ұсыну, не ұсынбау жағын әлі шешпепті.

  https://youtu.be/uyEqBWqmQig