Рұқсат та берілмеген, тыйым да салынбаған «қару» айналымы — өткір мәселе
Рұқсат та берілмеген, тыйым да салынбаған «қару» айналымы — өткір мәселе
Заңсыз қару-жарақ айналымы. © Aikyn.kz/Қаракөз Кенжебаева
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, мәселен, арнайы топтар бар. Бүркеме атпен отыратын админдер барлық сұрақтарыңа жауап береді. Мұндай интернет-сервистерде оқсыздандырылған қару-жарақ сатылады. Қару-жарақ та, оқ-дәрі де макет құралы ретінде рәсімделіп, логистикалық компания арқылы жіберіледі. Сатып алушы тауарын не жеткізу бекетінен өзі барып алып кете алады, не үйіне дейін әкеліп беретін курьерлік қызметке тапсырыс беруіне болады. Бұл туралы Aikyn.kz редакциясына сұхбат берген Арман Болатов есімді (аты-жөні өзгертілді — ред.) елорда тұрғыны айтып берді.  [caption id="attachment_162755" align="alignnone" width="900"] width= Арман Болатов иелік ететін атыстың дыбысын имитациялайтын және жарықпен белгі беретін қарулар. Фото: © Aikyn.kz/Қаракөз Кенжебаева[/caption]
«Көбіне-көп қару-жарақ, әрине, Ресейден жөнелтіледі. Көршілес елде оқсыздандырылған қару-жарақ дайындайтын зауыттар жетіп-артылады. Мұндай қару оқу-жаттығу құралы немесе коллекциялық өнім не жай ғана макет деп танылады, яғни қару-жарақ ретінде бағаланбайды. Сондықтан да оны дайындау, сақтау, өткізу заңға қайшы емес. Алайда, админдердің де, топтың мүшелерінің де бүркеме атпен отыратыны түрлі ойға жетелейтінін жасырмаймын. Бірақ сосын өз басым мұны арам пиғылмен емес, киноөндірісте қолдану үшін сатып алатынымды айтып өз-өзіме басу айтамын».
Бұл өзі қару емес, жай ғана макет болса, интернет арқылы көршілес елден алдыртатын неғылған дүние дерсіз. Бұл сұрақ мені де мазаламай қоймады. Бас қала мен Алматыдағы қару-жарақ сататын дүкендерге хабарласып көрдім. Олардың ешқайсысында оқсыздандырылған қару сатылмайтын болып шықты. Ал аңшылыққа, өз-өзіңізді қорғау мақсатындағы немесе оқу-жаттығуға арналған макеттерді іздесеңіз, азаматтық қару-жарақтың барлығын дерлік таба аласыз. Бағасына келер болсақ, калибрі 4,5 мм Макаров пневматикалық тапаншасы 50 мың теңгеден, аңшылыққа арнап өзгертілген автоматтар 250 мың теңгеден басталады. Ал Арман Болатов тапсырыс беріп алдыртатын көлеңкелі нарықтағы бағалар мынадай екен.
«Макаров тапаншасы, мысалы 100 000 —130 000 теңге болады. АКС-74У деп аталып кеткен полицей автоматын 300 000— 500 000 теңгеге сатып алуға болады. Ал дәл осы қару-жараққа арналған оқ-дәрінің бір данасы 300—500 теңге тұрады», — дейді ол.
Арманның айтуынша, мұны көлеңкелі не қара нарық деуге де келмейді. Себебі оқсыздандырылған қару атыс қаруы болып есептелмейді. Ол жай макет саналады, макет ретінде рәсімделеді. Қазақстанға Ресеймен шектесетін қалалар арқылы келеді. Десе де тәуекел жоқ емес. Мәселен, егер жеке тұлға қару-жарақты өз көлігімен барып сатып алып, шекарадан өтетін болса, мәселесі майшаммен қаралуы мүмкін. Ал егер логистикалық компаниялар арқылы тапсырыс берсе, келеңсіз жайды айналып өтуі бек мүмкін. Демек, бұл — еліміздегі қару-жараққа қатысты заңда тиісті тетіктердің қарастырылмауына байланысты болып жатқан дүние. 
«Менде Макаров тапаншасы мен Калашников автоматының бірнешеуі бар. Оның бәрі оқсыздандырылған. Кино өндірісінде қолдануға қажет болған соң сатып алдым. Қазақстанда оқсыздандырылған қару-жарақ шығармайтыны белгілі. Ресейде мұндай қару-жарақты шығару және сатуға заңмен тыйым салынбаған. Сондықтан онлайн қызмет түрлері арқылы іздестіріп, тапсырыс бердім. Негізі оқсыздандырылған қару атыстың дыбысын имитациялайтын және жарықпен белгі беретін ойын қаруы саналады. Алайда арам пиғылды адамдардың оны өзгертіп, атыс қаруына айналдырып алатын жағдайлар кездесіп жатқаны мәлім», — дейді Арман Болатов.
[caption id="attachment_162757" align="alignnone" width="1200"] width= Оқсыздандырылған Макаров пистолеті. Фото: © Aikyn.kz/Қаракөз Кенжебаева[/caption] Таяуда Шығыс Қазақстан облысы тұрғынынан дыбысты өшіргішпен жабдықталған бірнеше пистолет пен автомат табылды. 46 жастағы Риддер тұрғынының үйінде калибрі 9 мм қолдан жасалған пистолет және оған арналған 23 патрон, оқсыздандырылған Калашников автоматы мен калибрі 7,62 мм патронның 72 данасы, оқсыздандырылған Шпагин пистолет-пулемёті автоматы, ТТ маркалы оқсыздандырылған пистолет, оқсыздандырылған «Тирэкс» пистолет-пулемёті, Ф-1 оқу-жаттығу гранаты, пневматикалық қарудың екі данасы заңсыз сақталғаны анықталды. Бұған дейін 2020 жылы Алматы, Шымкент, Алматы және Ақмола облыстарында бірнеше ұйымдастырылған қылмыстық топ ұсталып, олардың оқсыздандырылған қару-жарақты модификациялап алғаны мәлім болды.  [caption id="attachment_162756" align="alignnone" width="800"] width= Фото: © ШҚО Полиция департаменті[/caption] Қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар айналымын қатаңдату керек. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Айқын Қоңыров бірнеше рет көтерген болатын. Оның айтуынша, оқсыздандырылған қаруды қолдан өзгерту бүгінде үлкен мәселеге айналған. Сондықтан осы қару айналымын тыйып, қадағалау керек. Әйтпесе оқсыздандырылған қаруды атыс қаруына айналдыратын Көкшетаудағыдай «бизнесмендер» көбейіп кететін түрі бар.  Қазақстанда «Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидаларын бекіту туралы» заң бар. Алайда ол жерде оқсыздандырылған қару туралы ләм-мим делінбейді. Нақтырақ айтқанда, рұқсат та берілмейді, тыйым да салынбайды. Десе де, Ресей үшін қағаз жүзінде «макет» саналатын қару Қазақстанға жеткенде іс жүзінде атыс қаруына айналып кету қаупі де жоқ емес. Бұл проблеманың алдын алу жолы заңда қарастырылмаған, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 288-бабында "Қаруды заңсыз жасауға" қатысты жаза қарастырылған. Әйткенмен ол "болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейінгі" заңбұзушылық үшін жауап беретін бап болып отыр. Ал енді ҚР ҚК-нің қару-жарақтарға қатысты 286 және 287-баптарында оқсыздандырылған (охолощённый) қаруларға қатысты нақты ештеңе айтылмаған. [caption id="attachment_162780" align="alignnone" width="1200"] width= © Orengun[/caption] Өкінішке қарай, заңнамалық нормалар қару-жарақтың айналымын да іс жүзінде реттемейді. Мәселен, бұл мәселені логистика жағынан қарастырар болсақ, оқсыздандырылған қаруды шекарадан өткізу үшін «макет» деп рәсімдейді. Көбіне-көп Ресейден келетін «макеттер» тапсырыс берушіге кез келген қарапайым жөнелтілім сияқты еш қиындықсыз жетеді. Ал егер «макеттер» кеденнен өткеннен кейін электрондық жүйеде тіркелсе, арнайы құжат рәсімделіп, тиісті органдармен тексеріліп отырса, ұйымдастырылған қылмыстық топтардың «бизнесі» тыйылып, қоғамда «жалқы мерген» синдромының белең алуына тосқауыл болар мүмкіндік пайда болар ма еді?..