Елордада ақын Әбу Абдаллах Рудакиге ескерткіш ашылды
Елордада ақын Әбу Абдаллах Рудакиге ескерткіш ашылды
©Е.Үкібаев

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомали ақын, тәжік және парсы классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Әбу Абдаллах Рудакидің ескерткішін ашу рәсіміне қатысты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев бұл шара Қазақстан астанасының мәдени өміріндегі маңызды оқиға болып табылатынын және Қазақстан-Тәжік ынтымақтастығының даму тарихына енетінін атап өтті.
«Қазақстанда ұлы ақын Әбу Абдаллах Рудакидің шығармашылық мұрасын жоғары бағалайды. Оның поэзиясы әлемдік мәдениеттің қазынасына енді. Омар Хайям, Низами, Фирдоуси, Джәми және Руми сияқты Шығыстың көрнекті ақындары мен жазушылары Рудакидің шығармашылығынан өсіп шықты. Бүгін біз оның аты берілген көшеде тәжік және парсы классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Әбу Абдаллах Рудакиге ескерткіш ашамыз. Душанбеде қазақтың ұлы ойшылы Абай атындағы көше бар екенін білеміз. Екіжақты қарым-қатынастарда мәдени-рухани байланыстар әрдайым берік көпір және іргетас болып қала береді. Көрнекті тұлғаларымыздың естеліктерін құрметтеу бізді қуантады», – деді Сенат Төрағасы.
Осы күні екі ел парламенттері палаталарының төрағалары Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының жаңа Елшілігінің құрылыс орнына алғашқы тас қалаудың салтанатты рәсіміне қатысты.