Қазан айында қазақстандықтар үшін таңғажайып аралға тікелей рейс ашылатын болды. Енді жұрт сүйсініп, ел таңғалған Мальдив аралдары біздер үшін қайтадан есігін айқара ашпақ...
Төрт ай бұрын ғана Алматыдан алыстағы аралдарға сапарлап, армансыз демалудың не екенін сезіп қайтқан болатынбыз. Алайда коронавирус қайта өршіп, бұл бағыт уақытша жабылып қалды. Енді міне,
Air Astana билеттерді қайта сата бастады. Сонымен, Мальдивтегі мінсіз демалыстың қандай болатынын сипаттайын.
[caption id="attachment_162767" align="alignnone" > ©Асқар Бек[/caption]
Бұл мақаламда әлемнің ең ғажайып демалыс орындарының бірі, мұхиты мен аралдары талай жанның көз жауын алған Мальдив еліне қалай жетуге болады, бағасы қанша және қарапайым қазақ үшін бұл мекенге аттану тиімді ме, әлде қалталылардың ермегі ме деген сауалдарға жауап беруге тырысамын.
https://youtu.be/FRayaP1p22E
Алдымен Мальдив аралдары Жердің қай тұсында өзі? Былай, 1200-ге жуық аралдардан құралған Мальдив елі Үнді мұхитының ортасында, экватор белдеуінің қос қапталында орналасқан. Қазақстанмен уақыт айырмашылығы 1 сағат қана. Бұрын бұл елге тек транзитпен жетуге болатын. Көбіне Дубай не болмаса Дели арқылы ұшу жүзеге асқан. Аэропорттағы күту уақытыңды қоса есептегенде аралдарға дейін жету үшін шамамен 1 тәулік қажет. Қайтарыңда да сол. Ал енді бір жылға жуық уақыт болды, отандық Air Astana әуекомпаниясы Алматыдан Малдьдив елінің астанасы Малеге тікелей рейс ашты. Демек Алатаудың баурайынан Мальдивке сіз небәрі 6,5 сағатта жетесіз. Оның үстіне сіз мінген ұшақ су жаңа Airbus 321 LR болса сіздің демалысыңыз Алматыдан басталады деген сөз. Айтпақшы билет көктемдегі бағадан әлдеқайда арзандады. Бұрын барып-келуге 349 мың төлесеңіз, енді билет құны 250 мың теңгеден басталады.
Біз Алматыдан түнде ұшып, діттеген жерге таңертеңмен қондық. Траптан түсе сала ауаның дымқылдығын сезесін. Ал температурасы жыл он екі ай – +31. Сондықтан бұл жаққа джинсы немесе қалың киім киіп келемін деп ойламаңыздар. Халықаралық әуежай ел астанасы Маледе орналасқан. Бұл жерде көрер қызық жоқ, себебі азғантай аумақта шағын өндіріс, құжынаған тұрғын үйлер, әлеуметтік мекемелер бар. Мальдив халқының басым бөлігі осы қалада тұрады. Ал туристерді осы жерден солтүстіктен оңтүстік аралығында ыдырап жатқан жүзден астам аралдардағы ресортта күтеді. Ол жақта жағажай да, балық та, риф те жетіп артылады. Енді Маледен қалай жетеміз деген заңды сұрақ туындайды?
Алматыдан ұшар алдында екі аралдағы ресортты тамашалаймыз деп шешім қабылдадық. Сонымен біріншісі –
Athuruga Diamond. Маледен 100 шақырым жердегі ғажайып арал. Жалпы ғажайып деген сөзді кез келген аралға барғанда қолдана берсе болады. Оған кейінгі күндері көзіміз әбден жетті.
Athuruga Diamond-қа катермен не болмаса гидропланмен жетуге болады. Алғашқысымен жету қиындау, теңіз толқыны күшейгенде алыс жолға катермен шығу қауіпті. Ал гидроплан аспанды бұлт торламаса болды, ұша береді. Бағасына келсек, гидропланмен барып келу 350 доллардың шамасында. Айтпақшы Мальдивке келіп, ақша үнемдеймін деген әңгіме жүрмейді. Сондықтан бағаның мың құбылмалығына алдын ала дайын болғаныңыз абзал. Ал гидропланмен жету үшін 350 долларың түк емес. Сонымен айналдырған жарты сағатта біз «баунти» жарнамасындағы аралға келіп қондық.
https://youtu.be/6xWkys-V_pk
Athuruga Diamond бұл итальян стиліндегі тамаша ресорт. Ауқымы атшаптырым жерді алмаса да, жүздеген туристі қабылдауға, оған бар қызығын көрсетуге қауқары жетеді. Айнала қоршаған теңіз суының рақаты – бір бөлек. Құмының ыстығы, жұмсақтығы – бір төбе. Ал рифтерін тамашалау, бұл – бір ғанибет. Маска мен ластты ал да, қызыл-жасыл балықтарды, скат пен акуланы армансыз тамашала. Соңғы екеуін алғаш көргенде үрей пайда болады. Кейін бойың үйреніп, 10-15 минутта рифтің бір мүшесі ретінде тез үйренсіп кетесіз. Акула жеп қояды деген миф екенін құтқарушылар суға түсер алдында түсіндірді. Дегенмен талай рет теледидардан олардың ақиған тісін көргендіктен, қауіпсіз дегенге бастапқыда сене қоймадық. Бірақ уақыт өте келе әлгі акула керісінше сенен қашатынын, реті келсе адамнан алыс жүзетінін көрген соң жүрегің тынышталады. Бір жағы Мальдивтегі акулалар сондай үлкен де емес, сондықтан қауіпсіздік тұрғысынан қорықпауға да болады.
Енді бұл аралдағы демалыстың бағасына тоқталсам. Мұнда көпқабатты отельдер жоқ. Бәрі шағын үйшіктер мен бунгалолар. Соңғысы судың үстінде, свайларға орнатылған үйшіктер. Әлбетте ең қымбаты да осылар. Олардың тәуліктік бағасы 500-1000 доллар арасында. Жаңа жыл немесе Рождество секілді мереке қарсаңында баға өседі. Әлгі 1000 долларды сол кезде төлейсіз. Айтпақшы бұл екі адамға арналған баға, сондықтан екіге бөліп есептесеңіз сәл арзандау шығады. Ал жиі бұлттанатын көктем уақытында баға түседі. Аралдағы екі адамдық үйшіктердің бағасы 300-700 доллар төңірегінде. Әлбетте бұл барлық аралдардағы ресорттарға тиесілі ортақ баға емес! Бұл қаржыға all inclusive пакеті қосылады, ол дегенің тамақ та, сусын да тегін деген сөз. Ал енді кейбір аралдар бар, ол жерде тек таңғы ас қана кіреді. Қалғанын сатып аласыз. Аралдарда отельдерге тиесілі емес ешқандай дүкен де, базар да, мейрамхана да болмайды. Сондықтан арзан баға табамын деген бос әурешілік. Керісінше көп ақша төлеуің әбден мүмкін. Сондықтан all inclusive сізді артық шығыннан құтқарады.
Сапарға шығар алдында бас киім, күннен қорғайтын крем, сланцы, көзілдірік деген дүниелерді ұмытып кетпеңіз. Себебі олардың бағасы да бұл дүкендерде ұшып тұр. Маледегі қонақ үйлерге орналассаңыз онда телефон қуаттағышыңызға адаптер ала салыңыз. Себебі ел астанасындағы тоқ көзінің үш тесігі бар. Ал аралдардағы ресорттарда бәрі үйреншікті, ол жақтағы тоқ көзі біздегідей екі саңылаудан тұрады.
Судағы үлкен ермектің бірі – дайвинг! Ол, әлбетте, ақылы. Әр арал әртүрлі баға ұсынады. Орта есеппен 100 долларыңызды сарп етесіз. Ал снорклинг – тегін, дәлірек отельді жалдау бағасына кіреді. Сондай-ақ кез келген электрлі су атракциондарының барлығы ақылы. Бүгінде флайбордқа (FlyBoard) қызығушылар күн сайын артып келеді. Демалысының бір бөлігін жаңа ермекпен өткізуді қалайтындар көбеюде. Мальдивтегі біраз аралдар экстрим спорттың бұл түрін де ұсынады. Бірақ ресорт менеджерлері туристердің Мальдивке көп жағдайда тынығу үшін келіп, ешқандай экстрим қаламайтынын жеткізді.
[caption id="attachment_163131" align="alignnone" > Seaside Finolhu ресорты. Мальдив аралдарында ұшқыштар ұшақты жалаңаяқ ұшырып қондырады. Фотода DHC-6 twin otter series 400 гидропланы.[/caption]
Athuruga Diamond ресортының бар рақатын сезініп үлгерген соң біз тағы бір аралға ат басын бұрдық. Ендігі үш күніміз
Seaside Finolhu ресортының еншісіне табыстадық.
Seaside Finolhu көлемі тұрғысынан алдыңғы аралымыздан үлкенірек әрі ұзыннан созылып жатыр. Сондықтан джунгли орманы мен қос қапталын мұхит суы шайып жатқан жағажайды да көрдік. Бұл жақтың рифінің әдемілігі алдыңғы аралымызда көргенімізге ұқсайды, бірақ көлемі үлкен. Сондықтан тұтас рифті тамашалап шығу үлкен күшті қажет етеді.
Мальдивтегі барлық аралдарда бассейн болмауы мүмкін, бірақ бұл аралда оның түр-түрі бар. Тіпті мен орналасқан бунгалоның да жеке бассейні болды. Бірақ мұхит тұрғанда бассейнге түсу деген қазаққа тән іс емес, таңдау мұхиттың тұзды суына түсті. Мұрныңнан өтіп, көзіңді ашытатын әрбір тамшы аллергияның алдын алатынын білгендіктен барынша суға түсіп қалуды ойладық.
Мальдив асханасы туралы да айтып кетейін. Бұл елдің тұрғындарының жейтін тағамы Шри-Ланка немесе Үндістан тұрғындары қолданатын асқа ұқсайды. Бірақ отельдер бұл тағам түрлерін аз ұсынады. Мұнда көбінесе бізге таныс еуропалық, азиялық асхананың дәмі ұсынылады. Сондықтан тамақтан қиналып қаламын деген ой болмайды.
Seaside Finolhu ресортының өзінде төрт ресторан бар. Біріншісі әрі ең үлкені швед столы үлгісінде тағамдарын ұсынады. Бұл кәдімгі 4 немесе 5 жұлдызды отельдердің таңғы асына ұқсас келеді. Одан бөлек жапон, араб ресторандары бар. Теңіз тағамдарын ұнататын туристерге жеке мейманхана өз мәзірін ұсынады.
Бұл аралда сондай-ақ кокос пен банан өседі. Оны сіз өтіп бара жатып та, кетіп бара жатып та жей бересіз. Әлбетте оның піскенін білсеңіз ғана. Мұнда, сондай-ақ, біз көрмеген өсімдік атаулының жүз түрі бар десек те қателеспейміз.
Seaside Finolhu-да түйе сүтінен жасалған балмұздақ та бар. Шұбат пен қымыран ішкен қазақтар үшін бұл да бір қызық дүние. Балмұздақтың дәмінен түйе сүтін бірден сезесіз деп айта алмаймын, бірақ миға берген сигнал оны түйе сүтіне ұқсатады.
Мальдивке қызығушылардың қатарында жас жұбайлар да көп. Себебі олар неке қию салтанатын осы аралда өткізгенді ұнатады. Біз барған уақытта Бразилиядан келген жұбайлар неке рәсімін өткізді. Іс-шараға жұбайлардың туысқандары не ата-анасы көп жағдайда қатыспайды. Себебі мұнда келу шығындары өте үлкен. Сіздің неке қию рәсіміңіздің құтты қонақтары – отель қызметкерлері, олар бір жағы неке куәгерлері болады. Ұйымдастырушылар өздерінің ұлттық киімдерін киіп, еуропалық дәстүрде іс-шараны өткізіп береді. Пальманың түбінде не болмаса жағажайда тұрып, күннің батуын тамашалап, көкжиектің қызарған сәтінде бәрі ерекше көрінеді. Отель өкілдері дронмен де, фотоаппаратпен де түсіріп, видеосын монтаждап береді. Мұның барлығы жалдау ақыңыздан бөлек қаржыға орындалады.
[caption id="attachment_163149" align="alignnone" > Bubble Room бөлмесі.[/caption]
Seaside Finolhu ресортында бунгалоның 1 тәуліктік бағасы 1000 доллардың маңайында, сондай-ақ 700-800 долларға аралдағы шағын үйді жалдауға болады. Жас жұбайларға арналған Bubble Room бөлмесі де бар. Оның бағасы 800 доллар әрі ол адам аяғы баспайтын бөлек аралда. Сіз мұнда неке іс-шарасын өткізген соң орналаса аласыз. Менеджерлер бұл шар типтес бөлмеге деген сұраныстың көптігін айтып, тапсырыс алдын ала жасақталатынын жеткізді.
Бұл аралдағы демалыстың тағы бір ғажап тұсы – дельфиндерді тамашалау. Сізді арнайы катермен үлкен мұхитқа алып шығып, дельфиндерді көрсетеді. Мұның миға қаншалықты пайдалы екенін білсеңіз, барған бойда дельфин көруге жүгірер едіңіз. Балық атаулысының ішіндегі сүтқоректілер өте ақылды әрі адамға жақын болып келеді.
Ақиқатын айтайық Мальдив аралдарына барып тынығу үлкен қаржыны қажет етеді. Себебі ресорттардың шығыны орасан. Мұндай демалыс түріне қаржы жұмсау кәсібі өрге домалаған жомарттарға сөз емес. Сондықтан мен көрсеткен бағаға екінің бірі тыныға алмайды. Алайда соңғы жылдары Мальдивте Guest house үлгісіндегі бағасы тиімді демалыс орындары да ашылып жатыр. Демек, кез-келген қазақстандық мұндай демалысты сезіне алады деген сөз. Бастысы еңбек етсек жеткілікті...
Асқар Бек,
Алматы-Мале-Алматы
P.S.: 9 қазаннан бастап Air Astana Алматыдан Малеге тікелей тұрақты рейстерді қайтадан орындай бастайды. Рейстер аптасына 4 рет сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері Airbus 321LR және Boeing 767 лайнерлерімен орындалады.