Біртановты 14 қарашаға дейін үйқамақта ұстау туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды
Біртановты 14 қарашаға дейін үйқамақта ұстау туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды
ФОТО INFORM.KZ
123
оқылды
Елжан Біртановтың адвокаттары Сағалиев, Куряченко, Бейсекеев экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қарашаға дейін ұзарту туралы шешімге жеке шағым түсіріп, соттан бұлтартпау шарасын жеңілірек жазаға – ешқайда кетпеу туралы қолхат немесе кепілге ауыстыруды сұраған, - деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі соттың сот алқасы - судьясы Мұрат Солтыбаев шағым түсірген қорғаушылардың дәлелдерімен келіспей, күдіктіні үйқамақта қалдырды.
«Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының күдікті Біртановты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта ұстау мерзімін екі айға ұзарту туралы 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, адвокаттардың жеке шағымы қанағаттандырылмайды. Бұл соңғы шешім, кассациялық тәртіпте шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды», - деді судья Солтыбаев.
Еске салайық, 14 қыркүйекте күдікті Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімі екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзартылды. Айта кетейік, Елжан Біртанов Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған. 2020 жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. 2020 жылдың 7 қарашасында төрт айға үйқамаққа алынды; 2021 жылдың 12 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты; 2021 жылдың 6 мамырында сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды; 2021 жылдың 9 маусымында Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды; 2021 жылдың 14 шілдесінде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты.