Президент тапсырмасымен келген комитет төрағасы Күршімге қашан барады?
Президент тапсырмасымен келген комитет төрағасы Күршімге қашан барады?
149
оқылды
22 қыркүйекте газетімізде «Қалжырды кім ластап жатыр?» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Осы мақала жарыққа шыққан соң Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге назар аударып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма бергенін хабарлаған болатын. Президенттің пәрменінен кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арнайы комиссия құрып, 23 қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бастаған комиссия мүшелері Күршім ауданына барып қайтты.
"Заң бұзушылықтарға жол берілгені рас. 2021 жылдың 12 мамырында Күршім аудандық прокуратурасы мен полиция бөлімі рейдтік тексеріс кезінде Қалжыр өзенінің жағасындағы Шаңдыбұлақ учаскесінде Хван деген кәсіпкердің заңсыз бөген тұрғызғанын анықтаған. Өзеннің аталған аумағында кен барлауға «Бошаев У.Т.», «Кошкинбаев Б.А.» («Қарашыға» учаскесі), «Дуйсембаев       а.у.» («Гроза» учаскесі), «Мадымаров х.Д.» («Шаңдыбұлақ» учаскесі) жеке кәсіпкерліктеріне лицензиялар берілген. Бірақ лицензияда үлкен техникаларды қолдануға рұқсат берілмеген. Осы жылдың 4 маусымында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Күршім аудандық прокуратурасынан аталған аумақта заң бұзылғаны, ауыр техникаларды (погрузчик, эксковатор, үлкен КамАЗдар) қолданғаны жөнінде ақпар түсті. Ағымдағы жылдың 11 шілдесінде аталған кәсіпкерліктердің лицензиялары қайтарылып алынып, рекультивация, яғни қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Бірақ бұл жұмыс жүргізілген жоқ. Өзен арнасын қазір қалпына келтірмесе, көктемде су деңгейі көтеріліп, маңайдағы ауылдарға қауіп төндіруі мүмкін", - деді облыс әкімінің орынбасары бүгін Өскеменде журналистерге арнап өткізген брифингте.
Облыс әкімінің орынбасары қазіргі уақытта Президент тапсырмасына сәйкес тексеру жұмыстары жүріп жатқанын, қорытындысы жақын арада хабарланатынын жеткізді. "Қазір Күршім ауданындағы басқа да өзендерді тексеру жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, Маралды ауылы маңындағы Күршім өзені. Біз ол жаққа да комиссия жібереміз", – деді Ержан Нұрбаев. Брифингке Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шығыс Қазақстанға арнайы келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов та қатысты.
"Комиссия құрылды. Енді біз табиғатқа келген шығын көлемін анықтаймыз. Егер табиғатқа келген залал көлемі ауқымды болса, кен өндірген кәсіпкер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Кәсіпкер өзенді қалпына келтіру бойынша жоба жасап, өзенді әуелгі қалпына келтіруі керек. Біз мұны талап етіп қана қоймай, бақылайтын боламыз", –  деді комитет төрағасы.
Брифингте журналистер тарапынан комитет төрағасына: «Президент тапсырмасымен келіп отырсыз. Өзіңіз Күршімде болдыңыз ба, халықпен кездестіңіз бе?» - деген сұрақ та қойылды. Зұлфықар Жолдасов облысқа 23 қыркүйекте кештетіп келгеннен соң Күршімге бара алмағанын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы