Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, жат жұртта білім алған 11 мыңнан астам қазақстандық 2021 жылы отандық ғылым ордаларына ауысты. Студенттердің көпшілігі Ресей университеттерінен кеткен. Сондай-ақ АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түркия университеттерінде оқыған шәкірттердің бір тобы оқуын елде жалғастыруға шешім қабылдаған. Бұл үрдіс бір проблеманы ушықтырыпты.
– Қысқы және жазғы сессияның қорытындысы бойынша бұрын шетелде білім алған 11 мыңнан астам студент қазақстандық ЖОО-ға ауысуға ниет білдірді. Олар жеңілдетілген ауысу тәртібі бойынша қабылданды, қазір отандық университеттерде білім алып жатыр. Мәселен, олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Нархоз университеті, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ және басқа да оқу орындарына қабылданды. Өткен жылы шетелдік ЖОО-лардан тағы 15 мыңға жуық студент біздің университетімізге ауысқан еді, – дейді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев. Студенттер санының артуы басқа проблема тудырды: жатақханалар тапшылығы ушығуда. Сондықтан жаңа жатақханаларды салу және қолданыстағыларын реконструкциялау қарқынын жеделдету тетіктері әзірленді. Жыл соңына дейін елімізде 37 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.Елдос СЕНБАЙ