Әр айнаға қай көліктен ұрлағанын жазған
Әр айнаға қай көліктен ұрлағанын жазған
448
оқылды

Павлодарда «фетишист-ұры» ұсталды: ол Lexus автокөліктерінің бүйір айналарына қатты құмартыпты. Қалада дәл осы маркалы «темір тұлпар» иелерінен полицияға қаптап шағым түсе бастайды. Бірінші құрбан 16 қыркүйекте жүгінген.

Академик Шөкин көшесіндегі үйдің ауласында түнгіге тұрақтаған Lexus ES-250 көлігінің бүйір айналары қолды болады. Шығын – 270 мың теңге. Екі күнде полицияға тағы осындай 5 өтініш түсті. – Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтап, ұстады. Ол аймақтағы зауыттардың бірінде жұмыс істейтін 30 жастағы павлодарлық болып шықты. Тек Lexus маркалы көліктердің айналарын заңсыз жұлып әкетіп, оларды жертөлесіне жинай берген. Әр айнаға оны қай көліктен ұрланғанын да жазып қойыпты. Ұсталған азаматтың өзі – Lexus автокөлігінің иесі, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов. Ұсталған азамат тұратын үйдің жертөлесінде полицейлер 7 жұп бүйірлік айнаны тәркіледі. Ер адам бұл қылмыстарды қызығушылық үшін ғана жасағанын түсіндірді. Яғни, «айналарды сату ойы» болмапты. Бірақ қандай ниетпен жасалса да, ұрлықтың аты – ұрлық. Барлық факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті изоляторға қамалды. Оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Ерік ЕРДЕНОВ