Атырау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетовтің жетекшілігімен Саяси кеңес бюросының және Атырау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде Атырау облысында инклюзивті білім беруді дамыту және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалу барысы талқыланды. Партия филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау жұмыстарын үнемі жақсартып, ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырғанын атап өтті. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев баяндады. Сондай-ақ басқарма басшысы ерекше білімді қажет ететін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында 400 орындық коррекциялық орталық ашу жоспарланғанын жеткізді. Жиында 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалу барысы да талқыланды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов баяндады. Жиын соңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов талқыланған мәселелер бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді. – Жергілікті атқарушы органдар облыста инклюзивті білім беруді дамыту бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Партияның облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында кедергісіз орта қалыптастыру жұмысына талдау жасап, ол «Әлеуметтік осал топтарды қолдау жөніндегі» аймақтық кеңес отырысында қаралсын, – деген М.Досмұхамбетов облыс әкімінің орынбасары Н.Таушовқа партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалмау қаупі бар тармақтары бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Жиынға облыстық партия филиалы Саяси кеңесі бюросының және облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары, жергілікті атқарушы орган басшылары, аумақтық партия филиалдарының төрағалары қатысты.Әбілмансұр ЖАСАН