Жамбыл облысы Сарысу ауданында елімізде баламасы жоқ кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Мұндай айтулы оқиғаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Yildirim Group компаниясының президенті Юксель Йылдырым арнайы қатысып, жобаның іргетасына капсуланы салды.
Юксель Йылдырымның айтуынша, Qazaq Soda ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық қуаттылығы – 500 мың тонна. Егер құрылыс жоспарлы мерзімде аяқталып, кәсіпорын кешікпей іске қосылатын болса, болашақта зауыт 1,2 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы болмақ. Ал нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, жоба 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда алғашқыда 1 000 адам, іске қосылғаннан кейін 1 300 адам жұмыс істей алатын болады. Ал ең бастысы аталған зауыт елімізді ғана емес, көршілес мемлекеттерді де кальцийленген содамен қамтамасыз ететін өндіріс орнына айналмақ. Серіктес компания кәсіпорынға кальцийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуға ниет білдіріп отыр. Ал бұл өз кезегінде зауыттың қалдықсыз жұмыс істеуіне жол ашпақ.– Бұл кәсіпорын ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Жұмысқа тартылатындардың 98-99 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Сондай-ақ энергия, су сынды шикізаттардың барлығы жергілікті жерден алынады. Қазірдің өзінде жоба Орта Азиядағы ең ірі химия өндірісі орталығы саналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жобаға қолдау білдіргеніне алғысымды айтамын, – дейді Ю. Йылдырым.Іс-шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та дүниежүзіне белгілі Yildirim Holding компаниясының басшылығына алғысын білдіріп, кальцийленген сода өндіру жобасы аймаққа басқа да инвестиция тартуға мол мүмкіндік беретінін баса айтты. Ал Сарысу ауданы алқабилер алқасының төрағасы Серік Ақбасов өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Бұл – өңірімізге келіп отырған үлкен инвестиция. Ең бастысы, жастарымыз үшін көптеген жұмыс орындары ашылатыны қуантып отыр. Бұл жобаның Сарысу ауданы экономикасының дамуы үшін де маңызы зор болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысына, Үкіметке тұрғындар атынан рақмет айтамын. Бүгін іргетасы қаланып жатқан зауыттың болашағы баянды болатынына сенімдімін, – деді қария.Тағы бір айта кетерлігі, Жол картасының бизнесті дамыту бағдарламасы аясында 479,2 миилион теңге бөлініп, зауытқа электр қуатын тарту жұмыстары да басталып отыр. Сонымен қатар кәсіпорынға теміржол мен су тарту үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Ішкі нарықтағы сұраныс қанағаттандырылғаннан кейін екінші кезеңде зауыттың жобалық қуаттылығын жылына 1,2 миллион тонна содаға жеткізіп, қосымша 11 түрлі өнім шығару көзделген. Бұл Әулиеатаның экспорттық әлеуетін тағы арттыра түседі. Мамандардың бағалауынша кәсіпорын елімізді импорттық тәуелділіктен арылтып, отандық кальцийленген соданы Ресей мен бірқатар Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік ашпақ. Міне, осылайша алып жобаның алғашқы кірпіші қаланып, құрылысы басталып отыр. 2024 жылға қарай кәсіпорынның көкжиегі кеңейіп, өңір экономикасын жаңа белеске шығарады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы