Көкшетау қоқысқа көміле ме?
Көкшетау қоқысқа көміле ме?
312
оқылды

Көкшетауда қоқыс төгу жағдайы ондаған жылдан бері аса күр­делі мәселе. Қаланың көп көшесінде үйілген тұр­мыстық қалдықтар контейнер­лердің сыртынан асып, шашылып-төгіліп жатады. Тұрғын­дар қанша рет көтергенімен, бей­берекет жатқан қоқыс еш азай­майды. Ал енді аздаған күнде қала тура мағынасында толықтай қо­қысқа көміліп қалуы ғажап емес.

Соңғы күндері қаладағы коммуналдық мәселелер шамадан тыс көбейіп, қала жұртын әбден әуре-сарсаңға түсірді. Сер­геев су қоймасында болған апаттың сал­дарынан қаланың Жайлау және Сарыарқа шағынауданы айға жуық сусыз қалған. Одан кейін қаладағы «Көкше-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі қоқыс тө­гетін көлік трансформатор қосалқы стан­сасын соғып, 800-ге жуық абонент бірнеше күн бойы жарықсыз қалды. Енді дәл сол кәсіпорын «Көкше-Тазалық» серіктестігі 15 қазаннан бастап қоқыс төгу қызметін мүлдем доғармақ... Қоқыс тазалаушы кәсіпорындардың мәселесі бірнеше жылдан бері қала әкімдігі көріп, біліп отырғанымен мәселе шешілмек түгілі мүлдем асқынған жараға ай­налуы кәдік. Ақмола облыстық кәсіп­керлер палатасында болған жиын кезінде қалыптасқан жағдай жиналған кәсіпкерлер мен тұрғындарды осындай ойға жетеледі. Серіктестік директоры Олег Топорковтың айтуынша, қоқыс тазалаудағы мәселе 2019-2020 жылдары Элита кентімен келіспеу­шіліктен басталған. Тұрғындар Краснояр селосының маңына қоқыс полигонының төгілуіне үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, оны жоюды талап еткен.
«2017 жылы «Тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жойылып, оның орнына «Көкше-Тазалық» ЖШС құрыл­ды. Бірнеше жыл бойы Красноярдағы по­лигонға қыруар қаражат жұмсап, сұрыптау желілері салынып, электр желісі тартылып, таразыға дейін қойдық. Ал 2019-2020 жылдары Элита кентімен күрделі мәселелер бас­талды. Осыдан кейін біз барлық инстан­саға 2021 жылдың 1 қаңтарынан поли­гонның жабылатынын айтып хат жаздық. Бірақ ешқандай шешім қабылданбады. Осыдан кейін 1 қаңтардан бастап Крас­ноярдағы полигоннан Омбы трассасындағы ескі полигонға қоқысты таси бастадық. Бірақ бірден экологиялық тексеріс бас­талып, олар бізге нұсқау шығарды. Біз оны сотқа арыз беріп шағымдандық. Алайда сот талабымызды қанағаттандырмай, қоқыс төгу қызметімізді тоқтату туралы шешім шығарды. Осы сот шешімі негізінде біз қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша жұмыстарымызды тоқтат­а­ты­нымыз туралы хат жаздық», – дейді «Көк­ше-Тазалық» компаниясының директоры Олег Топорков.
Серіктестік директорының айтуын­ша,көкшетаулықтардың аулаларында қо­қыс­тың көбеюі қоқыс шығаратын ком­па­ния­лардың санының азаюына байланысты екен. Бұрын бұл шаруаны бес бірдей ком­пания атқарса, қазір екеуі ғана қалған.
«Енді жеке тұлғаларға тек екі компания, ал заңды тұлғаларға 5 компания қызмет көрсетеді. Барлық мәселе 2012 жылдан бері көтерілмеген тарифке тірелген. Мен қоқыс төгу туралы тарифті көтеру туралы әңгіме қозғасам, бұл әлеуметтік шиеленіс туды­ратынын айтады. Ал барлық жерде бағаның өсіп жатуы олар үшін қалыпты сияқты. Қазіргі сәтте біз тек айыппұлдарды ғана төлеп жатырмыз. 505-бап бойынша тек бізге ғана айыппұл салған. Ал сіздер контейнер алаңдарында болып жатқан жағдайды көрдіңіздер ме? Диван, шкафтар, басқа да үй жиһаздары толып жатыр... Мұны біз төгуге тиіс емеспіз ғой», – дейді Олег Топорков.

Мәселені 1-1,5 айда шеше алмаймыз – әкім орынбасары

Компания директоры қалада көпқа­батты үйлер күн санап өскенімен, жаңа үйлердің жанында жаңадан бірде-бір қоқыс алаңдары пайда болмағанын алға тартты. Тек соңғы уақытта ғана өзгеріс енгізіліп, тұрғын үйлер қасына қоқыс контейнері бар алаңдар орнатылмай, тұрғын үй пайдалануға берілмейтін болыпты. Сонымен, 15 қазанға дейін қоқыс төгетін негізгі ұйым одан кейін қоқыс төгуді мүлдем доғармақ. Ал компания 100 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Бұл – қалай шешуді көздеп отырғаны жайлы қала әкімдігінен де білмек болдық. Ал әкімдік әзірге не істейтін білмейтінін ашық айтты.
«Дәл қазір нақты еш нәрсе де айта алмаймын. Бұл – бірнеше жылдан бері қордаланған жағдай. Оны әкімдік бір-бір жарым ай ішінде шешіп бере алмайды. Қазір қаладағы осы қалыптасқан жағдай­ға байла­нысты жиын болады. Мәселені ше­шуге ты­рысамыз», – дейді Көкшетау қа­ла­сы әкі­мінің орынбасары Бауыржан Ерназаров.
Қоқыс мәселесі тұтас облыс аумағында да аса күрделі жағдайға айналған. Мұны Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директо­рының орынбасары Расул Сыздықов мә­лімдеді. Облыстың Экология департамен­тінің мәліметінше, өңірде жер актілері бар 130 қатты тұрмыстық қалдықтар төгілген үйінділер бар. Алайда олардың тек 24-де ғана Қазақстан заңнамасына сәйкес қор­шаған орта эмиссиясына рұқсат құжаттары бар болып шыққан.
«Облыстың алты ауданында, атап айт­қанда Ақкөл, Аршалы, Зеренді, Қорғалжын, Бурабай және Целиноград аудандарында қоқыс полигондары жоқ. Сондай-ақ 10 аудан орталығында, яғни Ақкөл қаласында, Аршалы кентінде, Астрахан селосында, Макин қаласында, Щучинск қаласында, Степняк қаласында, Егіндікөл селосында, Қорғалжын және Ақмол ауылдарында қоқыс полигондары жоқ. Заңсыз поли­гондар экологиялық нормаларға сәйкес салынбаған. Сонымен қатар қалдықтарды төгу технологиялары өрескел бұзылған», – дейді Расул Сыздықов.
Спикердің айтуынша, қоқыс үйінді­лерінің көбеюіне басты себеп ұйымдас­тырылған қоқыс полигондарының болмауы болып отыр.
«2021 жылғы ғарыштан түсірілген суреттер негізінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша облыста рұқсат етілмеген 624 қоқыс үйінділері анықталды. Оның 147-і Көкшетауда, 51-і Степногор қаласында, Зеренді ауданында – 67, Цели­ноград ауданында – 294, Аршалы ауданында – 13, Ақкөл ауданында – 22, Шортанды ауда­нында – 34 және Біржан сал ауданында 4-і анықталған. Олардың 364-і жойылды. Өкінішке қарай, облыста қо­қысты қайта өңдеу және сұрыптау инфра­құрылымының дамуы аса төмен», – деп толықтырды Расул Сыздықов.
Қазір өңірде қоқыс жинаумен төрт кәсіпорын айналысады. Былтырғы дерек­тер бойынша облыста 243 мың тонна қоқыс жиналған. Ал осы жылдың алты айында ғана 124 мың қоқыс жиналған. Ал өңдеу үлесі бар-жоғы 3 пайызға ғана жеткен.

P.S.

Сонымен, Көкшетауда 15 қазаннан бастап қоқыс төгу тоқтатылады. Ал қала әкім­дігі қандай амал қолданатынын әзірге білмейді. Мәселе қалай шешілмек? Алдағы уа­қытта мәселе жайлы бірнеше жиын өтуі тиіс...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы