Көкшетауда қоқыс төгу жағдайы ондаған жылдан бері аса күрделі мәселе. Қаланың көп көшесінде үйілген тұрмыстық қалдықтар контейнерлердің сыртынан асып, шашылып-төгіліп жатады. Тұрғындар қанша рет көтергенімен, бейберекет жатқан қоқыс еш азаймайды. Ал енді аздаған күнде қала тура мағынасында толықтай қоқысқа көміліп қалуы ғажап емес.
Соңғы күндері қаладағы коммуналдық мәселелер шамадан тыс көбейіп, қала жұртын әбден әуре-сарсаңға түсірді. Сергеев су қоймасында болған апаттың салдарынан қаланың Жайлау және Сарыарқа шағынауданы айға жуық сусыз қалған. Одан кейін қаладағы «Көкше-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі қоқыс төгетін көлік трансформатор қосалқы стансасын соғып, 800-ге жуық абонент бірнеше күн бойы жарықсыз қалды. Енді дәл сол кәсіпорын «Көкше-Тазалық» серіктестігі 15 қазаннан бастап қоқыс төгу қызметін мүлдем доғармақ... Қоқыс тазалаушы кәсіпорындардың мәселесі бірнеше жылдан бері қала әкімдігі көріп, біліп отырғанымен мәселе шешілмек түгілі мүлдем асқынған жараға айналуы кәдік. Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында болған жиын кезінде қалыптасқан жағдай жиналған кәсіпкерлер мен тұрғындарды осындай ойға жетеледі. Серіктестік директоры Олег Топорковтың айтуынша, қоқыс тазалаудағы мәселе 2019-2020 жылдары Элита кентімен келіспеушіліктен басталған. Тұрғындар Краснояр селосының маңына қоқыс полигонының төгілуіне үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, оны жоюды талап еткен.«2017 жылы «Тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жойылып, оның орнына «Көкше-Тазалық» ЖШС құрылды. Бірнеше жыл бойы Красноярдағы полигонға қыруар қаражат жұмсап, сұрыптау желілері салынып, электр желісі тартылып, таразыға дейін қойдық. Ал 2019-2020 жылдары Элита кентімен күрделі мәселелер басталды. Осыдан кейін біз барлық инстансаға 2021 жылдың 1 қаңтарынан полигонның жабылатынын айтып хат жаздық. Бірақ ешқандай шешім қабылданбады. Осыдан кейін 1 қаңтардан бастап Красноярдағы полигоннан Омбы трассасындағы ескі полигонға қоқысты таси бастадық. Бірақ бірден экологиялық тексеріс басталып, олар бізге нұсқау шығарды. Біз оны сотқа арыз беріп шағымдандық. Алайда сот талабымызды қанағаттандырмай, қоқыс төгу қызметімізді тоқтату туралы шешім шығарды. Осы сот шешімі негізінде біз қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша жұмыстарымызды тоқтататынымыз туралы хат жаздық», – дейді «Көкше-Тазалық» компаниясының директоры Олег Топорков.Серіктестік директорының айтуынша,көкшетаулықтардың аулаларында қоқыстың көбеюі қоқыс шығаратын компаниялардың санының азаюына байланысты екен. Бұрын бұл шаруаны бес бірдей компания атқарса, қазір екеуі ғана қалған.
«Енді жеке тұлғаларға тек екі компания, ал заңды тұлғаларға 5 компания қызмет көрсетеді. Барлық мәселе 2012 жылдан бері көтерілмеген тарифке тірелген. Мен қоқыс төгу туралы тарифті көтеру туралы әңгіме қозғасам, бұл әлеуметтік шиеленіс тудыратынын айтады. Ал барлық жерде бағаның өсіп жатуы олар үшін қалыпты сияқты. Қазіргі сәтте біз тек айыппұлдарды ғана төлеп жатырмыз. 505-бап бойынша тек бізге ғана айыппұл салған. Ал сіздер контейнер алаңдарында болып жатқан жағдайды көрдіңіздер ме? Диван, шкафтар, басқа да үй жиһаздары толып жатыр... Мұны біз төгуге тиіс емеспіз ғой», – дейді Олег Топорков.
Мәселені 1-1,5 айда шеше алмаймыз – әкім орынбасары
Компания директоры қалада көпқабатты үйлер күн санап өскенімен, жаңа үйлердің жанында жаңадан бірде-бір қоқыс алаңдары пайда болмағанын алға тартты. Тек соңғы уақытта ғана өзгеріс енгізіліп, тұрғын үйлер қасына қоқыс контейнері бар алаңдар орнатылмай, тұрғын үй пайдалануға берілмейтін болыпты. Сонымен, 15 қазанға дейін қоқыс төгетін негізгі ұйым одан кейін қоқыс төгуді мүлдем доғармақ. Ал компания 100 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Бұл – қалай шешуді көздеп отырғаны жайлы қала әкімдігінен де білмек болдық. Ал әкімдік әзірге не істейтін білмейтінін ашық айтты.«Дәл қазір нақты еш нәрсе де айта алмаймын. Бұл – бірнеше жылдан бері қордаланған жағдай. Оны әкімдік бір-бір жарым ай ішінде шешіп бере алмайды. Қазір қаладағы осы қалыптасқан жағдайға байланысты жиын болады. Мәселені шешуге тырысамыз», – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров.Қоқыс мәселесі тұтас облыс аумағында да аса күрделі жағдайға айналған. Мұны Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Расул Сыздықов мәлімдеді. Облыстың Экология департаментінің мәліметінше, өңірде жер актілері бар 130 қатты тұрмыстық қалдықтар төгілген үйінділер бар. Алайда олардың тек 24-де ғана Қазақстан заңнамасына сәйкес қоршаған орта эмиссиясына рұқсат құжаттары бар болып шыққан.
«Облыстың алты ауданында, атап айтқанда Ақкөл, Аршалы, Зеренді, Қорғалжын, Бурабай және Целиноград аудандарында қоқыс полигондары жоқ. Сондай-ақ 10 аудан орталығында, яғни Ақкөл қаласында, Аршалы кентінде, Астрахан селосында, Макин қаласында, Щучинск қаласында, Степняк қаласында, Егіндікөл селосында, Қорғалжын және Ақмол ауылдарында қоқыс полигондары жоқ. Заңсыз полигондар экологиялық нормаларға сәйкес салынбаған. Сонымен қатар қалдықтарды төгу технологиялары өрескел бұзылған», – дейді Расул Сыздықов.Спикердің айтуынша, қоқыс үйінділерінің көбеюіне басты себеп ұйымдастырылған қоқыс полигондарының болмауы болып отыр.
«2021 жылғы ғарыштан түсірілген суреттер негізінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша облыста рұқсат етілмеген 624 қоқыс үйінділері анықталды. Оның 147-і Көкшетауда, 51-і Степногор қаласында, Зеренді ауданында – 67, Целиноград ауданында – 294, Аршалы ауданында – 13, Ақкөл ауданында – 22, Шортанды ауданында – 34 және Біржан сал ауданында 4-і анықталған. Олардың 364-і жойылды. Өкінішке қарай, облыста қоқысты қайта өңдеу және сұрыптау инфрақұрылымының дамуы аса төмен», – деп толықтырды Расул Сыздықов.Қазір өңірде қоқыс жинаумен төрт кәсіпорын айналысады. Былтырғы деректер бойынша облыста 243 мың тонна қоқыс жиналған. Ал осы жылдың алты айында ғана 124 мың қоқыс жиналған. Ал өңдеу үлесі бар-жоғы 3 пайызға ғана жеткен.
P.S.
Сонымен, Көкшетауда 15 қазаннан бастап қоқыс төгу тоқтатылады. Ал қала әкімдігі қандай амал қолданатынын әзірге білмейді. Мәселе қалай шешілмек? Алдағы уақытта мәселе жайлы бірнеше жиын өтуі тиіс...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы