Қысқа дайындық қарқынды
Қысқа дайындық қарқынды
© lenta.inform.kz

Қыс қыр астында. Әрине, бұл мезгіл жазғы дайындықты сарапқа салады. Үй суық болса, мазамыз кетеді. Сондықтан бұл уақытқа ертеден дайындалу керек-ақ. Ал мұндай іске ерте кіріскен Қарағанды облысында қысқа дайындық қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек көктемнен бері осы атқарылып жатқан істерді өз бақылауына алған.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының алдағы жылыту маусымына дайындық деңгейі – 90%. Барлығы 6 925 көп қабатты тұрғын үй мен 1 350 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылады. Бүгінде өңірдің барлық стансаларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жос­парлы күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Энергокешендерді, әлеуметтік нысандар мен ТКШ нысандарын дайындау бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.
«Сегіз энергия көздерінде 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу көзделген. 72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, 115 шақырым жылу желісі, 3 300 шақырым электр желісі, 310 шақырым су құбыры және кәріз желілерін дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 10 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. 13 қа­зандық пен тағы 6 турбина жөнделіп жа­тыр», – деді Энергетика және ТКШ басқар­масының басшысы Ұлантай Үсенов.
Барлық стансалар көмір жеткізу бойын­ша келісімшарт жасады. Отын көмір қой­маларына түсіріліп жатыр. Қажетті қор бар. Алдағы күзгі-қысқы кезеңге шамамен 4 млн тонна көмір дайындалады. Алқалы жиында облыс басшысы бюд­жеттік ұйымдарға, бірінші кезекте білім ұйымдары мен медициналық мекемелерге көмірді уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыстың қалалары мен аудандары­ның әкімдері алдағы жылыту маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстайды. «Жылыту маусымының басталуына аз ғана уақыт қалды. Жоспарланғанның бәрін уақытында аяқтау керек. Барлық әкімдер мен облыстық басқарма басшылары тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы жөндеу жұмысын аяқтауы тиіс», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Айта кету керек, Балқаш қаласында, Қоңырат шағынауданында орталық жылу­мен жабдықтау жүргізілді. Көп жылдар бойы жергілікті үйлер мен ғимараттар қазандық арқылы жылытылған болатын. Енді үш мыңнан астам тұрғын сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласына жұмыс сапа­ры барысында нысанның дайындығын тексерді. Балқаш ЖЭО-нан ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа жылу магистралін 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салына бастаған болатын. Жылыту маусымы басталғанға дейін нысан пайдалануға беріледі. Биыл орталық жылуға әлеуметтік нысандар мен 145 үй қосылады. Келесі жылға бұрын-соңды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған 200 жеке үй қалады. Ал жақында Қарағандыдағы Бобруй­ская көшесі тұрғындарының үйлері орта­лық жылуға қосылды. Көптеген жылдар бойы олар пәтерлерін негізінен пешпен жылытып келген. Жоба Қарағанды облысының әкім­дігінен қолдау тауып, «Нұрлы жер» және «ТКШ-ны жаңғырту» мемлекеттік бағ­дарламалары бойынша қаржыландырылды.
– Біздің үйлер облыс әкімдігінің қолдауымен орталық жылуға қосылды. Енді бізде жылу ғана емес, ыстық су да болады. Мемлекет қолдауының арқасында пәтер ішіндегі кұбырлар үшін төлем бөліп-бөліп төленеді. Негізінен бізде зейнеткерлер тұрады, олар мұндай қомақты соманы бірден төлей алмайды. Біз үшін бұл үлкен көмек, – деп атап өтті Бобруйская көше­сінің тұрғыны Бейбіт Жұмабеков. – Барлығы бес үйді қосамыз – 102 пә­тер. Сонымен қатар «Теплотранзит» жұ­мыстарын жүргізеді. Ұйым орамішілік же­лілер жүргізеді – әрбір үйді орталық магистральға қосады, – деді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүй­сенбаев.
Мердігерлік ұйымдар пәтер ішіндегі және үй ішіндегі инженерлік коммуни­ка­цияларды монтаждауға кірісті.
– Әрбір пәтерге жылу мен ыстық су жеткіземіз. Пәтерлерге өткізілген құбырлар шыны талшықпен арматураланған. Сонымен қатар биметалды радиаторлар пайдаландық. Олар өте сапалы. Біз сондай-ақ жертөле құбырларын өткіземіз. Автоматтандырылған жылу пунктін де орнатамыз, – дейді «СпецСтройГрупп» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Руслан Ахымбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Бобруй­ская­дағы үйлер 70-жылдары автокомбинатпен салынған болатын. Бұрын оларды қазандық жылытқан. Кәсіпорын жабылғаннан кейін қазандық сатылды. 90-жылдардың аяғынан бастап тұрғындардың әрқайсысы үйлерін өз мүмкіндігінше жылытып келді. Қарағанды облысының Шахан кентінде орталық қазандық пен жылу желілерінің құрылысы кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Пайдалануға беру жаңа жылыту маусымына қарай жүргізілетін болады. Бүгінде қазандық ішінде жабдықтар толық орнатылған. «Механомонтаж-2004» ЖШС мердігерлік ұйымы барлық темір­бетон жұмыстарын, құрылымдарды мон­таждады. Инженерлік коммуни­кация­лар жүргізілді. Қазандықтарды гидравли­калық сынау жүргізілді. Қаржыландыруда проблемалар жоқ. Қазандық жаңа жылыту маусымына қарай іске қосылады. Технология бойынша түрлі көмірді пайдалануға болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы