Жамбылдық шенділердің «тәбеті» адам шошытады
Жамбылдық шенділердің «тәбеті» адам шошытады
157
оқылды

Бүгінде сыбайлас жемқор­лықпен күрес күшейтілгенімен «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтатындардың саны азаяр емес. Әсіресе, мемлекеттік са­тып алуды «майшелпекке» ай­нал­дырып алғандардан аяқ алып жүргісіз. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігі Жамбыл облысы бо­йынша департаментінің сегіз айдағы жұмысының қоры­тын­дысында біз бұған тағы бір рет көз жеткізіп, бас шайқадық.

8 айда 46 қылмыс тіркелген

Департамент басшысы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, есепті кезеңде мекеме мамандарымен 46 қылмыстық іс ашылған екен. Оның 4-еуі сыбайлас жем­қорлық деректерінің жүйелі түрі болса, кіші және орта бизнес субъек­тілерінің жұмысына заңсыз араласу ба­ғытында – 2, мемлекеттік бағдарлам­а­ларды сүйемелдеу барысында қаржы жымқыру деректері бойынша 7 негізгі қылмыс тіркелген.
– Жамбыл облысы әкімдігі Вете­ри­нария басқармасының Шу аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Д.Тілемісов және аталған мекеменің бас есепшісі С.Аукешева жүйелі түрде қылмыс жасау арқылы 62 миллион тең­геден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Яғни, олар 7 кәсіпкерлік субъектісінің есепшоттарына атқарыл­маған жұмыстар үшін қаржыны аударып жіберген. Соттың үкімімен Тілемісов 8 жылға, ал Аукешова 7 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Бұдан бөлек, департаментпен мем­лекеттік органдардың және квази­мем­лекеттік сектор басшылары тарапынан жасалынған сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарын анықтау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, облыс деңгейіндегі бас­шыларға қатысты – 2 (Еңбек, әлеуметтік қорғау және Көші-қон департаменті басшысы м.а. Зейнебековке қатысты ҚР ҚК-нің 366-б., Жамбыл облысы әкім­дігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Абдибековке қатысты ҚР ҚК-нің 362-б.), қала, аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты – 2 (Жамбыл ауданы ветеринариялық стан­сасының директоры Тілемісов ҚР ҚК-нің 189-б., Жамбыл ауданы әкім­дігінің тұрғын-үй коммуналдық ша­руа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобильді жолдар бөлімі басшысы Шаимкуловқа қатысты ҚР ҚК-нің 189-б.) тіркелді. Жалпы, сегіз айда 36 қылмыстық іс сотқа жолданып, жасалынған заңсыз іс-әрекеттер үшін 26 азамат жауапкер­шілікке тартылды, – дейді Ә.Әшірбеков.

Қай салада сыбайластық көп?

Департамент басшысының сөзіне сү­йенсек, білім саласында бюджет қар­жысын жымқыру, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу, денсаулық сақ­тау саласында үстемеақыларды заң­сыз алу, әлеуметтік салада мүгедектік тағайындау, жұмысқа орналастыру, тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылмаған жұмыстарды қабылдау барысында заңсыздыққа жол берілген. Осының салдарынан мемле­кетке 182,2 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, оның 101,8 миллион тең­гесі өндірілген. Ал 7,2 миллион тең­гелік мүлікке тыйым салынған. Мәселен, осы жылы Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы И., оның жолдасы К. және азамат К.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190, 218, 364-бабы, яғни ауыл шаруа­шы­лығы мақсаттарында заңсыз субсидиялар алу және оны ұрлау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Нәтижесінде, мемлекетке келтірілген 32,9 миллион теңге көлеміндегі залалдың 27,1 миллион теңгесі өндіріліп, 7,2 миллион теңгелік мүлікке тыйым салынған.

3 мың теңге тұратын батареяны 9 миллионға сатып алмақ болған

Департамент басшысының орын­басары Равиль Төлебаев болса, сегіз айда 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мони­торинг жүргізіліп, 13 ұсыныс берілгенін айтады.
– Мониторинг нәтижесінде енгі­зіл­ген ұсыныстар бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, бүгінгі күнге 1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді. Мысалы, Тараз қаласының білім бөлімі 1 дана компьютер бағасын 380,0 мың теңге деп көрсетсе, тура сол компьютердің нарықтағы бағасы 280-300 мың теңге екені белгілі болды. Депар­таменттің ұсынысымен, нарықтық баға негізінде оның сомасы қайта қаралып, 16,0 миллион теңге үнемделді. Сол сияқты, жоспарлау барысында Жамбыл облысы әкімдігінің Цифрлық техноло­гиялар басқармасы 1 дана батарея құнын 901,0 мың теңге деп қойып, барлығы 9 миллион 17 мың теңгеге 10 дана батарея сатып алмақшы болған. Департаменттен жіберілген ұсыныс хаттың арқасында бағалар қайта қаралып, 9 миллион 14 мың теңге үнемделді, – дейді Р.Төлебаев.
Иә, шынында санаға сыймайтын сан­дар екен. Үнемделген қаржыға қарай­тын болсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің Цифрлық технологиялар басқармасы не­бәрі 3 мың теңге тұратын 10 қарапайым батареяны 9 миллион 17 мың теңгеге са­­тып алмақ болған. Бұл енді сыбайлас жем­қорлықтың шыңы болып тұр. Бұдан өткен өрескел заңбұзушылық жоқ шығар, сірә!

Коронавирусты сылтауратып, заңсыз үстемеақы алатындар көбейді

Тағы бір айта кетерлігі, департамент есептік кезенде 7 мемлекеттік органның және оларға қарасты мекемелердің сы­байлас жемқорлық тәуекелдеріне сырт­қы талдау жүргізіліп, қорытындысында 104 ұсыныс енгізген. Нәтижесінде, 24 мил­лион теңге көлемінде заңсыз төлем­дер анықталып, оның 4,9 миллион тең­гесі бюд­жетке кері қайтарылған. Мә­селен, Са­нитариялық-эпидемиология­лық де­пар­тамент және оның аумақтық бөлім­шелерінің іс жүзінде демалыста болған қызметкерлерге коронавирус эпиде­мия­сына қарсы іс-шараларға қа­тысты деп негізсіз үстемеақы төлеу фак­тілері болған. Талдау қорытынды­сымен қызметкерлер 1 250 000 теңге негізсіз тө­ленген үсте­меақы­ны кері қайтарып отыр. Бұдан бөлек департамент мемлекеттік қызметшіге сыйлық ұсынған 5 дерек және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды жұмысқа алу фактісі бойынша 2 миллион теңгеден астам айыппұл салып, толығымен өндірген.

P.S.

Жалпы, Жамбыл облысында биыл жем­қорлық фактілері 40 пайызға азайғаны туралы айтылып жатыр. Алайда сегіз ай­да­ғы көрсеткішке көз салсаң, бұған сену қиын.

 Әрине, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жауапты мекеме жүйесіз жұмыс істеп отыр деуден аулақпыз. Тек сыбайластық сүйегімізге, жымқыру қаны­мызға сіңіп кеткен секілді. Енді бұл дерт­тен қашан айығарымыз бір Аллаға аян. Бірақ «жемқор» деген жақсы ат емес еке­нін шенділер есте ұстаса екен дейміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы