Ақсу тұрғындары кәсіпорын қызметіне наразы

Ақсу тұрғындары кәсіпорын қызметіне наразы

Степногор қаласының іргесіндегі алтын шығарыла­тын кендердің жанындағы Ақсу кентінің тұрғындары экологиялық жағдайдың ушыққанын айтып, дабыл қағып жатыр. Ондаған жылдар бойы мұнда «Қазақ Алтын» және «Казақ алтын технолоджи» компаниялары алтын өндіріп келеді. Ал үш жағынан бірдей өнеркәсіп орындарымен және алтын қалдықтары қоймаларымен қоршалған ауыл­дың төртінші жағынан да фабрика мен алтын қал­дықтарының қоймалары салына бастаған.

Бұған наразылық білдірген ха­­лық жергілікті билікке де, облыс әкім­дігіне де, Экология министр­лі­гіне, тіпті Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазған. Ақсу кентінде бүгінде 4 мыңнан астам адам тіршілік етеді. Сондай-ақ фабрика құрылысы салынып жат­қан тұста 6 мыңнан астам адам тұ­ратын Заводской кенті, тұрғын­да­­ры мыңға жуықтаған Ақсу стан­са­сы мен саяжай массивтері ор­наласқан. Тұрғындар таза ауасы бар аз­ған­тай жайылым жерлерінің өзі өн­­діріс аймағына айналып, халық игі­лігін көріп отырған Ақсу өзені ар­­­на­сы­нан төмендеп кеткенін ірі эко­­логиялық қатер ретінде баға­лайды.
«Ауыл халқы малын жайып, бала-шағаларымен демалып ке­летін азғантай ғана жеріміз қалған. Енді одан да айырылып отырмыз. Алтын өндіретін кен орындарының шаңы мен түтінінен әбден мезі болдық. Ауылымыз түгелдей өн­діріс фабрикалары мен алтын қал­дықтары қоймаларының орта­сын­да қалды. Құрылыс дәл ауылдың іргесінде жүріп жатыр. Өзеннен бар-жоғы 400 метрдей ғана қа­шық­та орналасқан. Құжаттарда желдің бағытына қарай елді мекен орна­ласқан тұсқа ағаш көшеттері отыр­ғызылатыны жазылған. Бірақ ол тек құжат жүзінде ғана қалды. Енді барлық химиялық қалдықтар жел арқылы да біздің онсыз да мүшкіл жағдайымызды ауырлататыны анық», – дейді Александр Сизов есімді Ақсу кентінің тұрғыны.
Ауылда расында да эколо­гия­лық ахуал қиындап, онкологиялық аурулар да көбейген. Статистикаға сенсек, Степногорск аймағы онко­логиялық және қан ауруларынан қайтыс болғандар көрсеткіші бо­йынша Ақмола облысында бірінші орынға шыққан.

«Біздің мұң-зарымызға ешкім құлақ аспады...»

Ауылдың белсенді азаматта­рының айтуынша, компания ал­тын карьерін Ақсу өзені арнасы­ның үстінен қазуды жоспарлаған. Халық цианид және басқа да хи­миялық реагент қалдықтары өзен арнасына төгіліп, тұтас экологияны одан әрі бұзады деп қауіптенеді. «Біз ауылымыздың жанынан тағы алтын өндіру фабрикасы мен карьерлердің салынуына үзілді-кесілді қарсымыз. Онсыз да эко­логиялық жағдайымыз әбден ас­қынған. Қазір ауылда ересектерді айтпағанда, дені сау бірде-бір бала жоқ. Ауыл үш жағынан бірдей ал­тын өндіру фабрикаларымен қор­шалған. Енді төрт жағымыздан тү­гел кәсіпорындар мен фабри­ка­лардың түтініне тұншығайық деп отырмыз. Фабрика жұмысы әлі басталмаса да, ауыл қою түтін мен шаңнан көз ашпайды. Ал Adelya Gold компаниясы үлкен кен ба­йыту кешенін алтын қалдықтары қоймасы мен фабрика құрылысын үздіксіз салып жатыр. Құрылыс ауыл тұрғындарының еш келісі­мінсіз салынып жатыр. Қоғамдық тыңдаулар Ақсу кентінің бірде-бір тұрғындарының қатысуынсыз өт­кізілген. Бізге ол туралы ешбір ха­барландыру жасалмады. Ал ауыл­ды алаңдататын мәселенің бірі – ал­тын өндірілетін карьер өзен арна­сына жоспарланған. Тіпті, өзен арнасын қазірдің өзінде қазып жа­­тыр. Оған видео дәлел­де­ріміз де бар. Химиялық реагенттер мен циа­нид қалдықтарының өзен­ге төгіл­мейтініне еш кепілдік жоқ. Біз бар­лық тиісті органдардарға, жер­гілікті билікке бар жағдайды мәлім етіп хат жаздық. Бірақ ешкім біздің мұң-зарымызға құлақ асар емес», – деп толықтырды ауылдың белсенді тұрғыны Александр Сизов.

«Халық айта береді...»

Аталған мәселе бойынша Степ­­ногорск қаласының әкімді­гіне де хабарласып, мән-жайды біл­мек болдық. Қала әкімінің орынбаса­ры компанияның барлық құжат­тары сақадай-сай болған­дықтан әрі бүкіл тиісті салаларға жауапты мекемелер тарапынан тексерістен өткендіктен ештеңе істей алмай­тындарын айтып ақталды.

«Бұл мәселе ондаған жылдан бері бар. Тұрғындармен бірнеше мәрте кездесулер өткізілді. Фаб­рика құрылысын салып жатқан Adelya Gold компаниясының бар­лық құжаттары дұрыс. Рұқсат қа­ғаздарының бәрі бар. Прокуратура, су инспекциялары, экологиялық мамандар тексерістер жүргізген. Барлығы заңға сәйкес болған­дық­тан біз де ештеңе істей алмаймыз. Халықпен сонау 2017 жылы қо­ғамдық тыңдаулар өткізілген. Ха­лық айта береді», – дейді Степно­горск қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.

«Барлық құжаттарымыз заңға сәйкес»

Ал кент маңында құрылыс жүр­гізіп жатқан Adelya Gold ком­паниясы барлық құжаттарының дұрыстығын, ешқандай заңбұзу­шылықтың болмағанын айтып азар да безер болды. Олардың айтуынша компания барлығын заңға сәйкес орындап жатыр.
«Біз қоғамдық тыңдауларды осыдан 3 жыл бұрын өткізіп, ха­лық­тың келісімін алғанбыз. Ауыл­дағы бағаналар мен көшелерге қоғамдық тыңдау жиыны өткізі­летіні туралы хабарланған. Тұр­ғындардың келмегеніне біз кінәлі емеспіз ғой. Қоғамдық тыңдау­лардан кейін де біз халықпен өте көп кездесу өткіздік. Жоба қазір жүзеге асырылып жатқандықтан қоғамдық тыңдауды қайтадан өткізу мүмкін емес. Біздің барлық ақпараттарымыз ашық қолжетімді. Тұрғындардың барлық сұрақ­тарына біз үнемі жауап береміз. Барлық рұқсат құжаттары да бар. Негізі, бұл ауылдағы аталған экологиялық мәселелер ондаған жылдан бері бар. Енді солардың бәрін бізден көргісі келеді. Біз фабрика құрылысын жаңа бастап жатырмыз. Барлық сараптама­лар­дан толығымен өттік. Экологияны бұзатындай біз ештеңе де істеген жоқпыз. Барлық құжаттарымызды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, проку­ратура басқа да органдар тексерген. Жоба жүзеге аспаса, бізге де үлкен шығын ғой. Ақсу өзенінің арнасын қазып жатыр деп тұрғындардың айтып жүргені мүлде жалған. Егер жобаны мұқият қараса, бұл мүмкін емес екені түсінікті болады. Біз өзен арнасына ешқашан тиіспей­міз. Тұрғындардың көпшілігі біз­дің бұл фабрика құрылысын салып жатқанымызды қолдайды», – дейді Adelya Gold компаниясының баспасөз қызметінен.    

P.S.

Мыңнан астам қол жинаған тұр­ғындар фабрика құрылысын тоқ­татуды талап етіп отыр. Қор­шаған орта мен экологиялық жағ­дайдың одан сайын ушығатынын айтқан тұрғындар мәселені ше­шуде ең соңғы үмітті Президенттен күтетін­дерін жеткізді. Дегенмен «Степ­но­горск төңірегіндегі жұрт­ты алтын өндіретін компанияларға қарсы ай­дап салатындар болса ше?» деген күдігіміз де бар. Біраз уақыт бұрын Бестөбе кентінің тұрғындары да ал­тын өндіретін ком­панияны айыптап, шу шығар­ған еді. Әйтеуір, алтынды өңірде дау азаймай тұр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы