Тафгайларға қояр талап күшейді
Тафгайларға қояр талап күшейді

Хоккей ерлердің ойыны деcек, тафгай сол спорт түріндегі нағыз жүрек жұтқан ойыншы саналады. Кейінгі кезде тафгайларға қойылар міндет пен талаптың салмағы біраз ауырлағанын аңғаруға болады. Бұрын олардың негізгі мақсаты қарсыласын қорқыту, жұдырықтасу, қарсылас команданың жақсы ойыншыларын ойыннан шығару және өз командасының маңызды ойыншыларын қорғау болатын болса, кейінгі кезде аталған хоккейшілерге алаңда шебер ойын үйлестірушісі болуға тура келетін күн туды.

Бүгінгі хоккей спортында ерекше күшке ие тафгайлар азайды. 2005/2006 маусымында NHL ережелерді айтарлықтай өзгертті. Ойыншылар шайбаға, қолына немесе таяққа иелік етпейтін қарсыласқа шабуыл жасау әрекеті үшін алаңнан қуыла бастады. Тек жекпе-жекте ойыншылар ғана емес, жаттықтырушылар да жазаланды. Ереженің қатал болуына байланысты команданың үздік ойыншыларына тафгай ұстаудың қажеті болмай қалды. Отандық телеарналардан хоккей ойындарын жүргізіп жүрген қазақстандық комментатор Жігер Әзберген осы тақырыпқа қатысты өз ойын білдіріп, еліміздегі тафгайларға да қысқаша тоқталып өтті.
– Тафгай деген ұғым Солтүстік Америка жақтан келген. Біріншіден, сол жақта олар содан шоу жасайтын. Екіншіден, олар өздерінің жұлдызды ойыншыларының қасына күзетші ретінде тафгайларды құрамға алатын. Олардың командадағы өз қызметі бар-тұғын. 2000-жылдардың басында локаут болды. Содан кейін көп команда құрамын жасақтауды қайта қарай бастады. Сондықтан да олар төбелеске даяр тұратын ойыншылардан бас тартып, әмбебап ойыншыларға сенім артты. Ал енді елордалық «Барыс» өнер көрсететін Құрлықтық хоккей лигасына келер болсақ, бастапқы кезде бұл лигада да тафгайдың маңыздылығы болды. Бірақ олардың көпшілігі әмбебап болды. Төбелеспен қатар ірі денелі ойыншылар кез келген сәтте шешуші шайбаны соға алатын да қабілетке ие екенін көрсетті. Астаналық командада Дамир Рысбаев өнер көрсетті. Оның алдында Джож Греттон, Джон Мирасти секілді тафгайлар ойнады. Ол кезде команданы Андрей Назаров жаттықтырған. Назаровтың өзі де хоккейші болған тұста танымал тафгайлардың бірі атанған. Кейін «Барыстан» мұндай ойыншылар біртіндеп кете бастады. Бірақ командада тафгайлардың жүргені жақсы. Олар тек төбелесіп қана қоймай, кейбір үлкен жарыстарда, әсіресе плей-офф кезеңі басталған кезде күштік әдістерді көп қолданып, ойнайтын команда хоккейшілерін сабасына түсіріп отыруы керек. Кей тұста қақпашыға шабуыл жасалатын сәттерде де қарсылас команда ойыншысын сабасына түсіретін де сол тафгайлар. Бірақ олардың қазір әмбебап болғаны маңызды, – дейді комментатор.

Тафгайлар Канадада пайда болған

Жалпы, Тафгай Канадада ХХ ғасырдың басында пайда болған. Аталмыш елде көптеген хоккей лигасы құрылып, ойыншылардың шеберлігі өсе бастаған тұста командалар қарсыластарының үздік ойыншыларын қорғау үшін әртүрлі әдісті қолданды. Өйткені кейбір хоккейшілер қарсыластарына әдейі дөрекі ойын өрнегін көрсетіп, оларды жарақаттауға тырысатын. Бұл тактика жекпе-жекке ұласып, оның соңы кейде қайғылы жағдаймен де аяқталатын. Осыдан соң команда жаттық­тырушылары ойын кезіндегі дөрекілікті тоқтататын әдіс ойлап табуға көшті. Алдымен жақсы төбелесетін ойыншыларды жинай бастады. Ал олардың басты міндеті – қарсылас командалардың бір-бірімен өрескел ойнамауын қадағалау болды. Мұндай хоккейшілерді тафгайлар деп атай бастады. Әртүрлі командадан шыққан тафгайлар тәртіпсіздікті болдырмау кезінде қарсылас команданың мық­тысымен төбелесіп, соның арқасында жаппай төбелеске жол бермеді. Айта кетейік, тафгайлардың өзіндік жазылмаған заңдары бар. Ол үш негізгі ережеден тұрады. Біріншісі, жекпе-жек әділ өтуі керек. Хоккейшілер жекпе-жек алдында баскиімін шешуі керек. Қарсыласқа артынан келіп шабуыл жасай алмайды. Жекпе-жек қарсыластардың бірі мұзға құлап кетсе аяқ­талады. Екіншісі, қақпашыға шабуыл жасауға болмайды. Хоккей қақпашылары командада ерекше мәртебеге ие. Ойыншылар да қақпа­шы­ларға қарсы дөрекі ойнай алмайды және олармен төбелесе алмайды. Алайда қақпа­шылардың бір-бірімен төбелесіп қалатын кездері де жоқ емес. Әдетте қақпашы­лар арасындағы төбелес жаппай төбелес кезінде болады. Үшіншісі, төбелеске шыққан хоккейші жарақат алған ойыншыны ұрмайды. Сондай-ақ бойы мен салмағы бойынша тафгай өзінен әлдеқайда төмен қарсыласқа шабуыл жасай алмайды.

Қазақстан хоккейіндегі танымал тафгай

Қазақстанда Дамир Рыспаевты көпшілігі әйгілі тафгай ретінде таниды. Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін «жұмысты» Рысбаевтың сүйікті ісі деуге де болатындай. Төбелес десе, дайын тұратын отандасымыздың интернетте тараған төбелестері аз емес. Оны жұрт қызыға тамашалап, қолдап-қолпаштап жатады. «Дамир сияқтылар болмаса,  хоккейде қарсыласын басынып, ойына келгенін істеуі әбден мүмкін», – дейді хоккей жанкүйерлері.
Рыспаевтың Хоккейдегі ең бірінші төбе­лесі 2014 жылдың 24 желтоқсанында Александр Свитовпен болды. 2015 жылдың 19 қара­ша­сында «Ақ барыс» командасына қарсы матчта болған Евгений Артюхинмен жекпе-жегі «жыл төбелесі» атанды. 2016 жылдың 8 тамызында маусым алдында дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан Президенті кубогі барысында қытайлық «Куньлун» клубымен өткен ойында қорғаушы бірнеше хоккейшімен төбелесіп қалған болатын. Ол жайында Рыспаевтың өзі «Дастин Бойдқа ауыр жарақат жасағаны үшін қытайлық хоккейшілерді соққының астына алдым» деп түсіндірді. Ал шошынып қалған қытайлықтар ойынды жалғастырудан бас тартты. Тәртіп бойынша олар жеңілді деп танылды, Қазақстан құрамасы­ның пайдасына 5:0 деген есеп жазылды. Бұл кездесуден соң қытайлық хоккейшілерді қуып жүріп сабаған Дамир Рысбаев пен Мадияр Ибрайбековті Құрлықтың хоккей лигасының өкілдері маусым алдындағы ойындардың барлығынан шеттетті. Кейін оның жазасын ауыстырып, Рыспаевқа мерзімі шектелмеген жаза тағайындады. Мұндай жаза лига тарихында бірінші рет қолданылды. Содан соң Рыспаев «Барыстың» фарм-клубы саналатын «Номад» сапында өнер көрсетті. ҚХЛ-дың жазасына байланысты да Дамир Рыспаев Алматы төрінде өткен Қысқы универсиада ойындарында да Қазақстан құрамасы үшін өнер көрсете алмады. Еліміздегі үздік тафгайдың хоккейдегі спорттық мансабы да төбелес­құмарлығынан, дөрекілігінен соң көп өзгеріске ұшырады. Қорыта айтқанда, бүгінгі хоккей спортында «бұрынғы тафгайлардың» қажеттілігі азайып, ірі денелі, техникасы мығым, физика­лық шеберлігі жоғары  әмбебап спортшы­лардың маңыздылығы арта түсті.

Абылайхан ЖҰМАШ