Қазақстандықтардың жалақысы ЕАЭО-ға мүше елдермен салыстырғанда тәуір ме?
Қазақстандықтардың жалақысы ЕАЭО-ға мүше елдермен салыстырғанда тәуір ме?
©Фахрутдинов Р.
Sputnik-Қырғызстан қырғызстандықтардың еңбекақысын ЕАЭО-ға мүше елдердегі орташа айлық жалақы көрсеткіштерімен салыстырып шықты. Ұлттық статистикалық комитетінің мәліметі бойынша Қырғызстанда 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы орташа айлық жалақы — 18 957 сом (шамамен 95 мың теңге — ред.). Қазақстанда тамыз айындағы мәлімет бойынша орташа айлық жалақы 256 455 теңгені құрады (50 мың сомнан асады).
«ҚР Президенті алдағы жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін (шамамен 12 мың сом) өсетіні туралы мәлім етті. Демек, қаңтар айынан бастап Қазақстанда табысы 12 мың сомнан аз адам болмайды», – деп жазады басылым.
Ресейде, қолда бар мәліметтер бойынша, орташа статистикалық жұмысшының жалақысы 42 550 рубльге тең (249 мың теңгеден сәл асады). Орташа статистикалық өзбекстандықтың еңбекақысы өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 16 пайызға артқан. Орташа айлық жалақы мұнда 2 млн 971,1 мың сумға (шамамен 118 мың теңге) тең келеді. Ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш шамамен 1 500 сомониді (56 мың теңгеге жуық) құрайды. Ұлттық статистикалық комитеттің мәліметі бойынша, Беларусьте биыл шілде айындағы орташа айлық жалақы 1 471,7 беларусь рубліне тең болып шықты (шамамен 250 мың теңге). Ал Арменияда, ресми мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың наурызында орташа айлық жалақы 198,1 мың драмды (172 мың теңгеге жуық) құрады. Басылымның хабарлауынша, орташа айлық жалақыға қатысты мәліметтерді анықтау кезінде барлық санаттағы дерлік жұмысбасты азаматтардың табысы есепке алынды. Олардың арасында шенеуніктер мен ірі компанияларда жұмыс істейтіндер де, сондай-ақ банкирлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері де бар. Алайда бұл сараптамада шағын бизнес өкілдерінің табысы қарастырылған жоқ.