Елбасының батасын алған балалар қайда жүр?

Елбасының батасын алған балалар қайда жүр?

Бір кезде Елбасымен түрлі шараларда кездесіп, батасын алған балалар бүгін қайда жүр? Нендей жетістікке жетті, қандай биікті бағындырды? Жалпы, олардың өмір жолы қалай болды деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік…

Елбасы ұшақ пен сағат сыйлады

1986 жылдың тамызында сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, өңірдегі белгілі диқан, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаеваның күріш алқабын аралайды. Күрішші апамыз сөз арасында Нұрсұлтан Әбішұлына дәл бүгін немерелі болғанын, ұлы Алтынбектің отбасында ұл дүниеге келгенін айтады. «Рұқсат етсеңіз, сіздің есіміңізді қояйын, сәбидің аты Нұрсұлтан болсын» дегенде, Нұрсұлтан Әбішұлы келісімін берген. Міне, сол бала Нұрсұлтан бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңіріндегі әрбір сапары кезінде әжесінің қасынан қалмай, алдынан бірге шығып жүрген. Тіпті тағы бір кездесуінде оған ойыншық ұшақты сыйға тартқан. Ол кезде Нұрсұлтан 5 жаста еді. 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмешітке келгенде Сырдария ауданын аралап, диқандармен дидарласуы жоспарланған еді. Осы кездесуге де зейнеткер әже немересі Нұрсұлтанды ертіп алған. Бұл кезде Нұрсұлтан Әбілдаев №222 Тұрар Рысқұлов атындағы мектептің 9-сыныбында оқитын.

–  Қуаныштан жүрегім жарылардай болып тұрғанда Нұрсұлтан Әбішұлы маған қарады да, «Мектеп бітірген соң қайда оқығың келеді?» деп сұрады. Ойланбастан «Астанада, Еуразия ұлттық университетінде» деп бірден жауап бердім. Президент жауабыма қанағаттанғандай күлімдеп арқамнан қақты да, әжеме: «Мектепті бітірген соң маған хабар жеткізіңіз, баяғы сәби күнінде оқуға түсіру менің мойнымда деген едім ғой. Университетке түсіреміз, оқытамыз» дегенде, төңіректегі ел-жұрт дуылдата қол соғып жіберді» – дейді ол.

Алайда айтуынша, уақыты келгенде Нұрсұлтанның әжесі «Ел жауапкершілігін мойнымен көтеріп жүрген Елбасыны ұсақ-түйек шаруамен мазалауға болмайды» деп, немересін елордаға жібермеген. Сөйтіп, мектепте жақсы оқыған Нұрсұлтан Әбілдаев  Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің заңгер мамандығына грантты ұтып, студент атанды. Кейін, 2005 жылы Н.Назарбаев кезекті сапармен Сыр бойына келген. Сол кезде Балдырған әжесі студент атанған Нұрсұлтанды баладай жетелеп, жүздесуге жетті. Нұрсұлтанның сәлемін алған Елбасыға әжесі бұрыннан таныстығын білдіріп, еркін сөйледі. Артынан Президент өз қолы қойылған сағатты бозбала Нұрсұлтанға ұсынды. [caption id="attachment_163152" align="alignnone" > ©syrboyi.kz[/caption]

– Басқа-басқа, дәл мұндай керемет сыйды күтпеген едік, – деп еске алады Нұрсұлтан Әбілдаев. – Әсіресе, әжемнің қуанышын көрсеңіз...  Бала күнінде бір кездескенде ұшақ сыйлады, енді міне, сағат! Нұрсұлтан Әбішұлы ізгі тілегін арнап, батасын берді. Мен болсам бақыттан басым айналып, жарытымды сөз тауып айта алмадым, – дейді ол.

Мемлекет басшысы бұдан кейін де жұмыс бабындағы сапармен Қызылордаға келіп тұрған. Бірақ әжесі өмірден өткеннен кейін Нұрсұлтан жеке-дара ол кісінің алдынан шыға алмады. Оқу бітірген соң ол жұмыссыздықтан қиындық көрді. Танысты да, тамырды да жағалады, айтса сөзі, созса қолы жетеді-ау дегендерді де төңіректеді. Нәтиже болмады. Сөйтіп, несібесін Тараздан іздеп көрді. Одан ары Алматы асып, құрылысқа кірісті. Сөйтіп жүргенде төрт жыл зымырап өте шықты. Кезінде арман қуып, Елбасымен сәлемдесіп, сыйлығы мен батасын алған жігіт тас қалап жүр. Кішкентай қос бүлдіршіні құлдыраңдап өсіп келеді. Қам жасау керек. Сосын Елбасыға хат жазған. Бірақ оны Астанаға жолдағанымен Елбасының қолына тиеріне сене қоймаған еді. [caption id="attachment_163148" align="alignnone" > ©tirshilik-tynysy.kz[/caption] Арада апта өткенде қалта телефонына әлдекім хабарласқан. Өзін облыс әкімінің көмекшісі деп таныстырған. Содан сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қабылдауына барған. Бір аптадан кейін әкімдікке келісімшартпен жұмысқа тұрған.

– Әрине, мұның барлығы Елбасының шапағаты ғой. Бала күнімде әжеме берген уәдесін ұмытпағанына риза болдым. Елбасы екі сөйлемейтін, елге берген уәдесінде тұратынын жиі естиміз. Бірақ өз көзіммен көріп, басымнан өткергеннен кейін ол кісінің парасаттылығына тәнті болдым. Мен де ерінбей еңбек етіп, Қазақ мемлекетін Президент межелеген биікке шығаруға титімдей болса да үлес қосуға уәде беремін, – дейді Нұрсұлтан.

Айтуынша, Елбасы қамқорлығының арқасында 2012-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінде инспектор болған. 2016 жылдың қаңтар-маусым айы аралығында Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалып, мемлекеттік қызметтің жаңа баспалдағына көтерілген. Бір жылдай аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы болған. 2018-2019 жылдары аудан әкімі аппаратының басшысы қызметіне келген. Қазір облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары қызметінде екен.

Елбасының сенімін ақтаған Наризат

1997 жылдың қаңтар айы. Жамбылдық Жарас қария  қызметтегі қызына «Ертең қалаға Президент келеді. Осыған орай, қала жолдарында кедергілер болады»  деп жұмысқа басқа бағытпен бару керегін айтты. Мұны теледидардан көз алмай отырған 3  жасар Наризаттың  құлағы шалып қалды. Бұрын-соңды тек  экраннан  көрген Президентті өз көзімен көргісі келді. Сөйтіп бүлдіршін кешкі асқа отырған отбасына арманымен бөлісті. Бірақ барлығы «Саған не жоқ, бала емеспісің?» деп  қалжындап күлген. Әйткенмен бала көңілін қимаған ата-әжесі  «ертең апарамыз» деп жұбатқан.

Содан Наризат әжесімен қолына шоқ гүлін алып жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші маңына беттеді. Орталық маңы ығы-жығы, халық көп жиналған.  Бір кезде Елбасының кортежі кішкентай қыздың көзіне ілікті. Алайда онда өту мүмкін емес. Бір кезде ескерткішке гүл қойып, халыққа бет алған  Елбасына  әжесінің қолында тұрған қыз лезде сытылып  шығып, қалың жұртты  қақ жарып жүгірді. Өзіне қарай қолын созып аяңдаған бүлдіршінді  Президент  көтеріп алып, құшаққа алды. Сүт пісірім уақытта онымен тілдескен Мемлекет басшысы оның бетінен сүйіп, есімін  сұрап, кіммен келгенін сұраған. Одан кейін  Елбасы қолындағы қызды әжесіне табыстап, ақ батасын берген. Міне, осы кездесуден кейін небәрі 3 жасар қыздың өмірі түбегейлі өзгереді.

Қазір  Наризат Әділқызы  – 26  жаста. Жиырма алты жыл өтсе де, сол сәттің ұмытылмас шаққа айналып, жылы жүздесу жүрегінде сақталып қалған.  2000 жылы Тараз қаласындағы  №22 орта мектептің табалдырығын аттаған  Наризат бірінші сыныптан зерек болады. Математикалық есепті шемішкедей шаққан оның қабілетіне ұстаздар таңғалып, олимпиадаларға қатыстырады. Төртінші сыныпты аяқтаған тұста бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанады. Кейін өсе келе ол ғылыми жобаларға  бет бұрады. Сөйтіп, 11-сыныпты  «Алтын белгіге» тәмамдаған.

– 11-сынып оқып жүргенде Қазақ Ұлттық  университетінің  өкілі ретінде Мұхтарбай Үтелбаев есімді профессор келіп, жамбылдық оқушылар арасында математикадан олимпиадалық жарыс  өткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге үш білім гранты берілетін болды. Соның біріне мен өтіп, Алматы қаласындағы  Қазақ Ұлттық университетіне түстім. Осы кездің өзінде Елбасының айтқан сөзі мен батасы, «үлкен азамат бол» деген тілегі естен кетпеді. Нәтижесінде университеттің  «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығын үздік дипломға  аяқтап,  магистратураны да жоғары деңгейде бітіріп шықтым. Енді докторлық диссертация қорғауды жоспарлап отырмын, – дейді Наризат.

 

Елбасынан екі рет бата алған Нұрсұлтан

Шымкенттік Нұрсұлтан Зиябеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екі рет кездесіп, бата алған санаулы жастың бірі. Ол бала кезден өзіне Нұрсұлтан есімі тектен текке қойылмағанын анасынан көп естіп өскен. Сондықтан да ол мектепте жүргенде-ақ Елбасымен кездесуді армандайтын.

– Газет-журналдар мен теледидардағы жаңалықтардан Нұрсұлтан Назарбаевтың талантты жастармен кездескені туралы ақпараттарды оқып, көрген сайын, мен де сондай боламын, ерте ме кеш пе Елбасымен кездесуге қатысамын деп ойлайтынмын, – дейді Нұрсұлтан Зиябеков.

Шымкенттегi Қ.Сыпатаев атындағы №7 гимназия мектебiнің үздігі Нұрсұлтан 5-сыныпты бітіретін жылы халықаралық қазақ-түрiк ерлер лицейiне түсуге бағын сынайды. Қатаң іріктеу, арнайы тест тапсыру сынақтарынан сүрінбей өтеді. Сөйтіп, лицейдегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатыса жүріп, болашақта кім болатынын нақтылай түседі. 2010 жылы лицейді бітіретін шақта ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы жоғары оқу орындары мен елордадағы Назарбаев университетiне шақырту алады. Беделді деген екі оқу орнының бірін таңдауы керек, Нұрсұлтан ел астанасындағы Назарбаев университетiне назары түседі. [caption id="attachment_163150" align="alignnone" > ©shymkala.kz[/caption]

– Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздің университетке Астана саммитiнен кейiн келiп, студенттерге дәрiс оқыды. Мұндай сәт естен әсте шығар ма?! Нұрсұлтан атамыздың әр сөзі есімде. Елбасымен осындай кездесуіміз екі рет өтті. Бір байқағаным Елбасы жастармен тең дәрежеде пікір алмасады. Бұл мүмкіндік жастардың өз ойын еркін айтуына негіз болады. Білім, ғылым жайында тереңінен ой қозғағанда Елбасының көп оқитыны, қайсыбір сала туралы болмасын көп мағлұмат білетіні аңғарылып тұрады. Елбасы алдында екі рет сөз сөйледім. Екеуінде де пікірімді ыстық ықыласпен қабыл алып, «Өркенің өссін! Қазақстанның болашағы өзіңдей жастардың арқасында жарқын болмақ. Елді дамытуға үлес қоса беріңдер!» деп батасын берді. Жүзінен нұр төгіліп тұрады, – дейдi жас Нұрсұлтан.

Назарбаев Университетін саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығын алған Нұрсұлтан Зиябеков бүгінде өз кәсібі бойынша жемісті еңбек етіп жүр.