Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті М.Шентопқа Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясының мерейтойлық пленарлық отырысында жемісті келіссөздер жүргізуіне тілектестігін білдірді, – деп жазады elbasy.kz. Елбасы отыз жыл ішіндегі Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастардың даму қарқынын атап өтіп, М.Шентоптан Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанға ізгі тілегін жеткізуді сұрады.
– Мен тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолында жұмыс атқарып келемін. Бүгінде біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Президент Ердоған екеуміз үнемі байланыстамыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.Өз кезегінде М.Шентоп Елбасыға қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жылы лебізін жеткізді.