Креативті экономиканың құны қанша?
Креативті экономиканың құны қанша?
© kaz.zakon.kz
312
оқылды

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылды Халықаралық креативті экономика жылы деп жария­лаған-ды. Өз кезегінде Президент те елдегі креативті индустрияны дамытуға тапсырма берді. Расымен, қазір тың идеялар миллион долларға бағаланатын уақыт. Ал идеяны жүзеге асыру үшін қаржы, мемлекет тарапынан қолдау керек. Осы тұста тұралап тұрған жеңіл өнеркәсіп елімізге пайда әкеле ала ма? Шетелдегідей сән мен мәдениет арқылы экономикаға үлес қоса аламыз ба?

Қолдау керек, қалайда қолдау керек

Жоғарыда неге жеңіл өнеркәсіп жайын айттық. Өйткені осы саланы дамыту арқылы экономикасына айтарлықтай пайда әкеліп жатқан елдер бар. Мысалы,  қазір Лондондағы сән индустриясы Миландағыдай танымал. Бірақ Лондон мұндай атақ-данқ пен пайдаға бірден кенелген жоқ. Бастапқыда Ұлыбритания қаладағы жобаларға салым салып, қолдады. Барынша дамытуға тырысты. Аталған мысалдағыдай, елімізде де креативті индустрия салаларына қолдау көрсететіндей алаң қажет-ақ. Иә, байқағаныңыздай, креативті экономиканың негізі – адам капиталы, шығармашылығы. Оның ойлап тапқан өнімін шығару, сату, экспорттау ел экономикасына айтар­лықт­ай үлес қосады. Сондықтан индус­трияның қамту аймағына дизайн, медиа, сәулет өнері, IT, музей ісі, музыка мен бейнелеу өнері, кинематография кіреді. Мысалы, кейінгісінен Түркия экономикасы орасан зор пайда көріп отыр. Forbes Turkiye дерегі бойынша, олар 2018 жылы сериалдарын экспорттау арқы­лы 500 миллион доллар пайда тапқан. Бір ғана «Ғаламат ғасыр» телехикаясы 100-ден астам елге сатылып, сериал түсірілген аймақты көру үшін туристер Түркияға ағылған. Сол үшін олар телехикая түсірілімі болған аудан немесе үйді қаз-қалпында қал­дырады. Артынша бұл жерлер турис­тердің сүйікті орнына айналып шыға келеді. Міне, креативті индустрияны іске қосып, экономикаға пайда түсірудің қарапайым мысалы – осы. Елімізде де дамыту жоспары тү­зіліп жатыр. Себебі Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында «Үкімет сарап­шылармен бірлесіп, жыл соңы­на дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағыт­талған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс» екенін айтқан. Осылайша, креативті индустрияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Талқы­лау­дан кейін іске асыру тетігі жүйе­ленсе, сала өкілдеріне қанат бітірері хақ. Осы құжатты талқылаудың басы-қасында жүрген, Sauvage Fasion Group-тың креативті директоры Ирина Нечаева да еліміздің креативті индустрияны дамытуға шамасы жететінін, қолдау ісі жүйеленуі қажетін атап өтті.
«Бізде креативті идеяны бизнесті дамыту секторы ретінде қарамайды. Бұған талай мәрте көзім жеткен. Мәселен, 2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бардым. Сонда маған вице-министр «бұл экономиканың приоритет қоятын секторы емес, креативті индустрияны бизнестің бөлшегі ретінде қарастырмаймыз» деген еді. Қазір Президент мұның өзекті еке­нін, күш салуымыз керегін мәлімдеді. Бірақ қазір креативті индустрия хақын­да бағдарлама әзірлеп жатсақ та, нақты әрекет жоқ», – дейді ол.
Мысалы, дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі – 3%. Мамандар болашақта бұл көрсеткіш 10%-ға жететінін айтады. Яғни, пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтірудің басты құралы – креативті индустрия. Ал Қазақстанда креативті сектордың экономикаға үлесі – 2,8%. Осы сала бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин БАҚ-қа берген сұхбатында 10 жылдың ішінде жылына 15-16 млрд АҚШ долларын беруге потенциал барын жеткізген. Мұндай нәтижеге жету үшін креативті экономиканы дамытуға арналған стратегия керек. Аталған стратегияны қабыл­дағандардың ішінде Ұлыбритания, АҚШ сияқты алпауыттармен қатар Канада, Ресей, Сингапур, БАӘ бар.

Ұтылар тұсымыз қайсы?

Айталық, іс стратегия қабыл­дау­мен бітпесі анық. Себебі орталықтан­дырылған жүйе, басы-қасында жүретін адам, тармақталған құрылым қажет. Креативті директор Ирина Нечаева Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­сында секторды дамыту қарқын алғанын, өзге де аймақтарды қатарға қосу үшін арнайы хаб керегін атап өтті.
«Шығармашылық өкілдерінің, идея авторларының мемлекеттік ор­ган,  бизнес қауымдастықпен қоян-қолтық араласатындай жағдай жасасақ. Қарасаңыз, «Атамекен» бір жақта, әкімдіктер екінші жақта, Мәдениет министрлігі тіпті бір бөлек жұмыс істейді. Меніңше, барлығы бір мүддеде жұмыс істейтін механизм құру қажет. Алдымен мұны жоғары­дан мақұлдап, содан кейін өңірлердің ерекшелігіне қарай ыңғайластырсақ», – дейді ол.
Оның айтуынша, талантты жастар, бастамалар қанша көп болса да, ұтылар тұсымыз  – сату. Сол үшін оларға бренд қалыптастыру, өңдеу, сату, тіпті дайын өнімді қалай орау керегін үйрету керек. Яғни, бизнес-маркетинг жағын дамытып, сан қыры­нан қарауға бейімдеген жөн. Осы тұста ынтымақтастық жобалары­ның тигізер көмегі көп. Мәселен, пандемия кезінде ол дизайнерлерге бірігіп жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Өйткені көбіне керемет идеясы, сызбасы бар дизайнерлердің ісін дөңгелетуге шамасы жетпейтін көрінеді.
«Сән индустриясы – креативті эко­номиканың нақ мысалы. Бұл сала­ның экономикадағы орны мен рөлі артып келеді. Ол әлемдік тоқыма және тігін индустриясына айтар­лықтай әсер етеді. Бұл сала қаншама адамды жұмыспен қамтиды. Қазір Оңтүстік Корея мен Грузия жеңіл өнер­кәсіп арқылы креативті  эко­номикаға үлес қосып жатыр. Тиісінше, біз де сызбасын жасап, тігіп сатылымға шығара аламыз. Мемлекет қолдау жасаса, секторды барынша дамытуға болады. Мысалы, салада жүргендерге жеңілдетілген несие беріп, бизнес-келісім жасауға мүм­кіндік берсе деймін», – дейді дизайнер Айжан Жүзбай. Қорыта келгенде, мемлекет қарай­ласамын десе, дизайнерлер экономикаға пайда әкелуге дайынбыз деп отыр. Осы ретте Ирина Нечаева креативті индустрияны дамы­туға ден қойған кадрларды жігерлендіру керегін алға тартты. Себебі білікті кадрлар ТМД елдеріне, соның ішінде Ресейге қоныс аударып жатқанға ұқсайды. «Ол жақта әрбір істеген жұмысың үшін ақша төлейді. Сол үшін мамандар кетіп жатыр. Басшылар креативті индустрияны дамыту үшін шығын шығуы керегін түсінсе екен», – дейді ол.
Елімізде осыдан 3 жыл бұрын кре­ативті индустрия турасында зерт­теу жүргізілген. Қорытындысы бо­йынша, секторға кіретін 18 мыңға жуық компания тіркелген екен. Алай­да олар шығарған өнім немесе контент туралы сіз бен біздің хабарымыз жоқ. Мүмкін шетелдегідей жағдай жасап, алаң құрмаған соң біразы жұмысын тоқтатқан болар. Мысалы, Санкт-Петерборда суретшілерге, дизайнерлерге, музыкант­тарға идеясын жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін алаң бар. Әрі алаңды пайдалану үшін арнайы жеңілдік те қарастырылған. Ал бізде шығарма­шылықпен айналысатын тұлғалар­дың жағдайы төмен екені ащы болса да шындық.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ